Accessibility links

Инклюзивтік театрдың іргетасы қаланды


Әлеуметтік және инклюзивтік театр зертханасындағы шеберлік сабағы. Алматы, 4 ақпан 2017 жыл.
Әлеуметтік және инклюзивтік театр зертханасындағы шеберлік сабағы. Алматы, 4 ақпан 2017 жыл.

Алматыда өтіп жатқан «Откровение» театр фестивалінде елде инклюзивтік театр алаңының негізі қаланды. Даму ерекшеліктері бар жандарды театр сахнасында өнер көрсетуге тартумен айналысатын мұндай жобалар ертеректе жабылып қалған болатын.

ИНКЛЮЗИВТІК ОРТАЛЫҚ ҚҰРУ МАҚСАТЫ

Қазір Алматыда өтіп жатқан «Откровение» халықаралық театр фестивалін ұйымдастырушылар фестиваль аясында әлеуметтік және инклюзивтік театр зертханасын өткізді. Оны «Действие буквально» деп атаған. «Откровение» фестивалінің продюсері әрі директоры Олга Султанованың айтуынша, зертхана Қазақстанда инклюзивтік театрдың үлкен орталығын құруды көздейді.

Алматыға мастер-класс өткізу үшін Санкт-Петербургтен шақырылған режиссер Борис Павловичтің анықтамасына сәйкес, инклюзивтік театр – сахнада кәсіпқой актерлермен бірге кәсіпқой емес актерлер де ойнайтын театр. Даму ерекшелігі бар адамдар кәсіпқой емес актерлер бола алады.

Қазақстанда инклюзивтік театр құру ісі - жаңадан басталып жатқан шаруа. Бірақ бұл шаруамен ешкім айналыспаған деуге болмайды. Бірақ ертеректе іске қосылған санаулы жобалар жабылып қалған. Мысалы, 2012 жылы Астанада «Саңыраулар театры» жобасы ашылып, біраздан кейін алғашқы спектаклін көрсеткен. Бірақ Ольга Султанованың дерегінше, қазір әлгі театр жұмыс істемейді.

Атырауда театр режиссері Кәмила Досалиева сал дертіне (ДЦП) шалдыққан балаларға арналған қосымша интернатта театр үйірмесін ашқан болатын. Ол үйірмемен бір жылдай айналысып, «Колобок», «Теремок» деген орыс халық ертегілерін қойған. Отбасы жағдайына байланысты Алматыға көшіп кеткеннен кейін әлгі жоба да ұзаққа бармай жабылған.

ТЕОРИЯ МЕН ПРАКТИКА

Алматылық актерлер мен режиссерлер инклюзивтік театрдың теориялық қыр-сырымен ғана танысып қоймай, аутизм және Даун синдромына шалдыққан жандармен сахнада қалай жұмыс істеуге болатынын практика жүзінде де көрді. Питерлік режиссер Борис Павловичтің мастер-класы Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының кіші сахнасында өтті. Оған жоғарыда аталған ментальдық ауытқушылығы бар 20 адам мен Алматы театрларының бірнеше кәсіпқой актері қатысты. Борис Павлович мастер-класқа ментальдық ауытқушылығы бар балалар емес, ересектер қатысуы тиіс деген талап қойған. Ол инклюзивтік театрға арт-терапия ретінде қарамайды.

Әлеуметтік және инклюзивтік театр зертханасындағы шеберлік сабағы. Алматы, 4 ақпан 2017 жыл.
Әлеуметтік және инклюзивтік театр зертханасындағы шеберлік сабағы. Алматы, 4 ақпан 2017 жыл.

– Біз ешкімді емдеп, ешкімді әлеуметтік ортаға бейімдеп, ешкімге көмектесуге тырыспаймыз, біз театр дегеніміз кездесу орны деп білеміз, - дейді ол.

Санкт-Петербургтегі Үлкен драма театры режиссері Борис Павлович аутизм проблемаларын шешуге көмектесетін қайырымдылық қоры құрған «Антон тут рядом» («Антон жанымызда») орталығымен бірлесіп жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде парсының сопы ойшылы Фарид-әд-Дин Аттардың аттас философиялық поэмасы бойынша «Құстар тілі» деген спектакль қойылған. Қойылымда ментальдық ауытқушылығы бар жеті адам және Үлкен драма театры мен тәуелсіз театрлардың кәсіби актерлері ойнайды.

Алматыдағы фестиваль аясында ұйымдастырылған зертхана әлеуметтік және инклюзивтік театрларға арналғанымен, онда инклюзивтік театрға көбірек көңіл бөлінді. Әлеуметтік театр жайлы Борис Павлович пен мәскеулік суретші, режиссер әрі сценарист Ксения Перетрухинаның бірлескен лекциясы кезінде айтылды. Борис Павловичтің айтуынша, әлеуметтік театр - этикалық ұстаным, сондықтан ол үшін тиісті жағдай пісіп-жетілуі қажет, режиссер әлдебір ойды жеткізгісі келетін канал болуы шарт.

Режиссер Борис Павлович (ортада) пен суретші Ксения Перетрухинаның (сол жақта) дәрісі. Алматы, 4 ақпан 2017 жыл.
Режиссер Борис Павлович (ортада) пен суретші Ксения Перетрухинаның (сол жақта) дәрісі. Алматы, 4 ақпан 2017 жыл.

Алматыға «Артишок» театрында спектакль қою үшін келген адам ретінде ол театр репертуарын толық көріп шыққан әрі репертуарда әлеуметтік мәселелерге арналған спектакльдер бар екенін байқаған. Оның сөзінше, 2002 жылғы қазанның 23-індегі Мәскеуде болған қайғылы оқиға жайлы «Норд-Ост» қойылымы - әлеуметтік театрдың жақсы үлгісі.

Борис Павловичтің сөзінше, «Откровение» фестивалінде көрсетілген әрі ертеректе Азаттық тілшісі премьерасы туралы жазған алматылық Ольга Малышеваның «Комьюнити» пьесасын да әлеуметтік театр қойылымы деп атауға болады.

БАРШАҒА АШЫҚ ТЕАТР

Алматыда өткен әлеуметтік және инклюзивтік театр зерханасына неміс драма театрының актрисасы Галина Табала да қатысты. Ол биыл көктемде психолог мамандығы бойынша оқуын аяқтаған. Енді көп уақытын аутизм дертіне шалдыққан балалармен жұмысқа арнамақ. Ол «сондықтан мен үшін лекциялар мен мастер-класта алған тәжірибем өте маңызды» дейді.

Балалармен жұмыс істейтін театр режиссері Кәмила Досалиева мастер-класты залда отырып көрді.

– Маған қарапайымнан күрделіге қарай өрістеген көп сатылығы ұнады. Кәсіби актерлердің жаратылысы ерекше жандармен бірлесіп жұмыс істегені ұнады. Бұған қоса, оларға деген ықыласы, сыпайылық танытуы ұнады. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді, - дейді Кәмила Досалиева Азаттыққа.

Зертхананы ұйымдастыруды қаржылай қолдауға «Сорос-Қазақстан» қоры келіскен. Екі жыл бұрын қор ерекше қажеттілігі бар адамдардың ішінде қоғамнан ең көп оқшау қалған және осал жандар ретінде ментальдық ерекшелігі бар жандарды ортаға бейімдеу үшін «Баршаға ашық қоғам» жобасын ашқан болатын. Қор қызметкерлері дерегінше, Қазақстан денсаулық сақтау мекемелерінде психикасында ауытқуы бар 200 мыңдай адам тіркелген. Алматыда «Training cafe» жұмыс істейді. Бұл жоба ментальдық ауытқушылығы бар 40 адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берген. Енді Астана мен Ақтауда да сондай жобаларды іске қосуға уәде етілген. «Сорос-Қазақстан» қорының жастар бағдарламалары үйлестірушісі Сәуле Мамаева:

"Сорос" қорының жастарға арналған бағдарламаларының үйлестірушісі Сәуле Мамаева. Алматы, 3 ақпан 2017 жыл.
"Сорос" қорының жастарға арналған бағдарламаларының үйлестірушісі Сәуле Мамаева. Алматы, 3 ақпан 2017 жыл.

– Бірақ халықтың көмегінсіз ондай жобалардан онша нәтиже шықпайды. Сондықтан қор инклюзивтік театр лабораториясын қолдау туралы ұсынысқа келісті, - дейді.

«Откровение» фестивалінің қалған күндері Армениядағы инклюзивтік театрдың «Не оставляй меня» («Қасымнан кетпеші») спектаклімен танысуға болады. Ал шетелдік (Финляндия) тағы бір инклюзивтік театр фестивальге деректі фильм ұсынған. Фестиваль ұйымдастырушылары көрсетілімдерден түскен қаржының бәрін аутизм және Даун синдромына шалдыққан балаларға көмек қорына беруге уәде етеді.

XS
SM
MD
LG