«Ұят» пьесасын Алматыдағы «АРТиШОК» театрының бұрынғы директоры, спектакль қоюға Новосибирскіден келген Галина Пьянова сахналаған. Пьесаны жазған украиналық драматург Наталья Ворожбит Алматыда бүгін өтетін премьераға келген жоқ. Қойылымға Досым Сәтпаев бастаған бір топ қазақстандық саясаттанушының «Молотов коктейлі» кітабы мен Фридрих Эберт қорының Қазақстан жастары туралы зерттеуі арқау болған.
РЕЙТИНГ ҚУУ
Ойдан шығарылған АуылТВ редакцияларының бірінде қандай жаңа бағдарламаны іске қоссақ деген мәселе талқыланады. Басшылар «бізге зейнеткерлер емес, жастар аудиториясы керек» деген уәжбен сегіз жыл жүрген бағдарламаны жауып тастайды. Редакцияның әлеуетін күшейту үшін басшылық шоу ұйымдастырудың «майталманы» – украиналық бойжеткенді шақырады. Жарамды деген идеялардың бәрін електен өткізіп болдық-ау дегенде талқыға сахнаға жарық түсіруші Ваня араласады. Ол ауылдан қалаға келіп, аяғы ауыр болып қалған бойжеткеннің ұяттан қорқып, дүниеге енді келген нәрестесін әжетханаға тастағаны туралы оқиғаны еске салады.
Ойдан шығарылған теларна әлгі оқиға желісін пайдалануды, ал жаңа бағдарламаны «Ұят» деп атауды ұйғарады. Дайындық кезінде қызметкерлердің бірінің ауылда тұратын 17 жастағы немере қарындасы қайтыс болып, ол жерлеу рәсіміне кетуге жиналады. Украинадан келген әріптесі онымен бірге баруға сұранады. Ауылға келген ол мүлде бейтаныс әлемге тап болады. Спектакльдің бұл бөлігінде көбінесе ауыл тұрғындары қазақша сөйлейді. Украиналық бойжеткен қазақстандық әріптесінен қарындасының неден қайтыс болғанын анықтауға тырысады. Бірақ жүрек дертінен қайтыс болды дегенге сенбейді. Оған әлденені жасыратындай көрініп, шын мәнінде не болғанын өзі жорамалдауға тырысады.
Ол ажал аузында жатқан Әселдің қалай қиналғанын, оның азабын жеңілдету үшін туыстарының шыр-пыры шығып қалай жүгіргенін елестетеді. Ол құрылысшылардың бірінің алдауына түсіп қалған қыз баласын жайлауда босанып, қансырап қайтыс болған шығар деп жорамалдайды. Болжамдары жайлы ол қайтыс болған қыздың ағасына айтады, тіпті оған қыздың басын айналдырып, кейін тастап кеткен деген өз жорамалына сүйеніп бір жігітті көрсеткен соң әріптесі әлгі адаммен төбелеседі. Бірақ кейін бұл «наша шегіп алғаннан» кейін туған қиял екенін мойындайды. Ал нашаны түнде қайтыс болған қыздың ағасымен бірге көліктері сынып ен далада қалған кезде шегеді. Осы арада әңгіме туып, әріптесі, яғни қала қазағы украиналық қызға ақтарылып, «өзінің қазақ екенін айтуға ұялатынын» айтады.
Жерлеу рәсімінен соң екеуі қалаға оралғаннан кейін редакция жаңа бағдарламаның пилоттық жобасын дайындайды. Оның кейіпкері болуға редакция қызметкерлерінің бірінің үй қызметшісін - ауылдан келген бойжеткенді шақырады. Алдыңғы көріністерде бұл қыздың алған тәрбиесіне қарай, бала қайдан пайда болатынын 19 жасқа келсе де білмейтін жан екені айтылады. Сондықтан жұмыс берушісі оған мұны ұғынықты тілмен түсіндіруге тырысады. Кейін үй қызметшісі бір жігітпен танысып, ол жүкті болып қалған қызды тастап кеткені анықталады. Бойжеткен мұны телехабарда ашық айтып, туыстарынан кешірім сұрайды.
«Телехабардың» продюсері «сәтті шыққан» жобаны мақтайды. Бәрі студиядан шыққаннан кейіпкерді әп-сәтте ұмыт қалдырып, сәтті шыққан хабарды абыр-сабыр «жууға» кіріседі. Дағдарып қалған қыз беті ауған жаққа кетеді.
Кейіпкерлері екі топқа – түрлі ұлт өкілдерінен тұратын қалалықтар (редакция қызметкерлері) мен ауыл тұрғындары – бөлінген спектакль желісі осындай. Спектакльде екі топтың арасын сахнадағы сымтемірден тоқылған тор бөліп тұрады. Екі бөлек әлемнің өкілдері кейде тордан аттап өткенімен, спектакль барысында екі топ тордың екі жағында жүреді.
Спектакльде бұдан өзге проблемалар да қозғалған. Онда салафиттер, яғни қоғамдағы діни сеніміне байланысты жіктелу де көрсетілген. Елдегі қазіргі журналистиканың екіжүзділігі де суреттелген. Тіпті екіжүзділік емес, адамдар проблемасын телеарна рейтингін көтерудің амалы ретінде ғана пайдаланатын немқұрайлылықты көрсеткен. Әдетте журналистиканы төртінші билік деп санайтындықтан, оның кежірлігі арқылы жастар проблемасына бүкіл биліктің енжарлығын байқауға болады.
Режиссер Галина Пьянова пьеса жайлы ойын былай айтады:
– Қалада тұратын кей қазақтар өзінің қазақ екенін айтуға ұялады. Мен де Украинада өзімнің орыс екенімді айтуға қысылып, қазақстандықпын дейтінмін. Өзіңнің кім екеніңді ашық айту не себепті ұятқа, ұят дүниеге айналғанын көрсетуге тырыстық.
Алматыға отбасымен көшіп келген қырғызстандық актер Азиз Бейшеналиев АРТиШОК театры қойған спектакльге түсуге шақыру алған. Актер бұл театрдағы алғашқы жұмысы екенін айтады. Спектакльде ол АуылТВ теларнасының продюсері рөлін ойнайды.
– Қоғамда ұялатындар көп те, ар-ожданды ойлайтын жандар аз. Меніңше, біздің спектакль осы жайлы, - дейді Азиз Бейшеналиев.
ЖАБЫҚ КӨРСЕТІЛІМНЕН КЕЙІНГІ ТАЛҚЫ
«Ұят» спектаклінің ашық премьерасының алдында ұйымдастырылған жабық көрсетілімге БАҚ саласының белгілі тұлғаларын – түрлі мамандық иелерін шақырған. Алғашқы көрермендердің көбі спектакльге тәнті болды. Жұрттың көбі жағымды пікірлер айтты. «Ұят» пьесасы мен спектаклі украиналық драматург Наталья Ворожбит жұмыс істеп жүрген жаңа драма жанрына жатады. Оның пьесаларын проблеманы еш бүкпесіз, ащы әрі ашық көрсететін туындыға жатқызады. Ұсыныс түскенге дейін Наталья Ворожбит Қазақстанда ешқашан болмаған. Материал жинау үшін автор осы елге үш рет келіп кеткен.
«Ұят» пьесасын жазған кезде Наталья Ворожбит вербатим тәсілін қолданған. Бұл әдіс бойынша автор халық арасына диктофонмен шығып, нақты адамдармен сөйлеседі, ал кейін олардың жауаптарын сол қалпында пьесаға қосады. Нәтижесінде кейіпкерлердің табиғи тілінің арқасында пьесаға «жан» бітеді. «Ұят» пьесасы тілінің табиғилығы соншалық, спектакльде тіпті балағат сөздер де кездеседі. Осы жайт пен тағы бір ашық көріністі ескеріп, спектакльді көруге 18 жасқа толмағандарға шектеу қойылған.
Алматылық саясаттанушы Досым Сәтпаев көріністердің бірін саясаттану тұрғысынан ғылыми көрініс деп атайды. Бұл - бір кейіпкердің өзінің кім екенін тану туралы ойлары көрсетілген көрініс.
– Авторлар жастардың барлық мәселесін қамтымағанымен, ең жиі зардап шегетін бөлігінің проблемасын дөп басқан. Бұлар – жастардың өздері емес, өзгелер ойдан шығарып алған толып жатқан стереотип, соқыр сенімнің тұзағына шырмалған қыз-жігіттер. Бұлар - үлкен қалаға келіп, өз орнын табуға тырысатын жастар. Бірақ оларға ешкім көмектеспейді. Біз бұл жайлы кітабымызда [«Коктейль Молотова»] жазғанбыз. Жастардың бәрі бір тектес емес, әрқилы. Олар «алтын», маргинал, радикал жастар деп бөлінеді. Жастардың әр тобының өз мақсаты, құндылықтары бар. Сондықтан мына спектакль көрсеткендей, олар параллель, бірақ бір-бірімен қиылыспайтын әлемде өмір сүреді. Мен бұл құбылысты идеялық сепаратиизм деп атаймын, - дейді Досым Сәтпаев.
Алматылық журналист Вадим Борейко қойылымның бас жағында аздап зерігіп кеткенін айтады.
– Бірақ кейін бүкіл планеркаларда болатын жайттар көзіме оттай басылды. Сосын әлдебір тазалық, адалдық лебі сезілді. Әдетте театр қойылымдарына келгенде қашан бітеді деп отырушы едім, ал бұл жолы немен аяқталар екен деп күтумен болдым. Сіздерден адалдық пен бүкпесіз ашықтықты байқадым.
Азаттық тілшісімен әңгімеде Досым Сәтпаев театр қойылымын жаңа технологияларды пайдалана отырып, әлеуметтік желі, YouTube, спектакль теленұсқалары арқылы барша жұрттың талқысына салатын тақырыпқа негіз етуге болады деген пікір білдірді.