Сот орындаушылар тамыздың 24-і күні бес балалы отбасыны пәтерлерінен шығаруға барғанда отағасы білек тамырын кесіп жіберіп, дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілгеннің арқасында аман қалды. Тамыздың 31-і сот орындаушылары қайта барғанда отағасы 8-қабаттағы пәтерінен секіруге, ал әйелі тамырын кесуге әрекеттеніп, ол жолы да пәтерлерінен шықпай қалды.
Шымкенттегі Қонаев даңғылындағы төрт бөлмелі пәтерде тұратын Жанысбаевтар отбасы әке-шешесінен қалған баспанасын ипотекалық ұйым «заңсыз cатып жібергенін» айтады. 40 жастағы Қасымхан Жанысбаев Азаттық тілшісіне «бес балам мен бауырларымды қосқанда 10 адам жалғыз баспанадан заңсыз айырылып, далада қалайын деп отырмыз» деді.
- Үш қыз, екі ұлым бар. Үлкен қызым –мүгедек. Әке-шешем қайтыс болған. Қызым алты айға толғанда, сал ауруына шалдыққанын білдік. Бармаған емханамыз қалмады. 2007 жылы алған қарыздан құтылып, емді жалғастыру үшін баспанамызды кепілге қойып «Астана Финанс» ипотека ұйымынан (қазір «АФ Ипотека» АҚ – авт.) 4 миллион 500 мың теңге несие алдық. Айына 79 мың теңге, 10 жыл төлейтін болдық, - дейді Жанысбаев.
ВИДЕО: Ерлі-зайыптылардың шағымы:
ТӨРТ ЖЫЛ САТЫЛМАҒАН ҮЙ
2007 жылы күзетші жұмысын істеген Қасымхан Жанысбаев қазан айында жұмыстан шығып қалған. Медбике болып істейтін әйелі декретке шығып, баламен үйде отырған. Мүгедек қызына беретін 65 мың теңге жәрдемақымен күн көрген отбасы несиені төлеуге мұршасы жетпейді.
- Несие жабу үшін үйді сатпақ болдық. Өтпеді. Банк («АФ Ипотеканы» айтады – ред.) бізді 2010 жылдың соңында сотқа берді. Сот банк пайдасына шешім шығарып, төрт жарым миллион теңгемен бірге қосымша шығынды қосқанда 5 миллион 125 мың теңге өндірілсін деді. Мақұл дедік, - дейді ол.
Оның сөзінше, 2010 жылы банк істі мемлекеттік сот орындаушыларына тапсырып, олар пәтерді бірнеше рет сатуға қойғанымен, екі жыл сата алмаған. Бірақ қарыз өндіру үшін 2012 жылы кепілдегі пәтерді ипотекалық ұйым балансына өткізіп жіберген. Алайда Жанысбаевтар мұның заңсыз екенін жазып, сотқа берген. 2012 жылы сот пәтерді қаржылық ұйым балансынан шығарып, қайтарып берген. Бірақ ақшаны өндіріп алу үшін қаржылық ұйым істі жеке сот орындаушыларына тапсырған.
- Жеке сот орындаушыларына үйді өзім сатып, қарызды төлейтінімді айттым. Бірақ тағы екі жыл сата алмадық. 2014 жылы пәтерімізді электрондық аукционмен бар-жоғы 6 миллион теңгеге сатып жібергенін естідік. Сотқа беріп, жеңілдік. 2015 жылы апелляцияға бердік – тағы жеңілдік. Сот орындаушылары баспанадан шығаруға келгенде пәтерде мен ғана емес, бауырларым да тұратынын біліп, олар бауырларымды сотқа берді. Бауырларымды да пәтерден шығаруға үкім еткен, - дейді Жанысбаев.
Қасымхан Жанысбаевтың жылай-жылай көзі ісіп, даусы қарлығып қалған әйелі Қарлығаш Садырбаеваның айтуынша, сот орындаушыларынан мектеп жасындағы балалары да қорқып қалған.
- «Үйден шығыңдар» дейді. Бес баламен қайда барамын? Мүгедек балам бар. Біріміз қарап отырмасақ болмайды. Шиеттей балаларға мүгедек қызды қарата алмаймыз. Жалғыз баспанамыз, қайда барамыз? – дейді ол.
Қарлығаш Садырбаева «Жалғыз өзім жұмыс істеймін. Мүгедек қызымның жәрдемақысы дәріден аспайды. Үйден шықсақ ай сайын пәтердің жалақысын төлейміз бе, бала-шағаның тамағына жеткіземіз бе?» дейді.
Қасымхан Жанысбаев кепілге қойылған төрт бөлмелі пәтерді әкесі «1985 жылы сатып алғанын, әкелері қайтыс болған соң пәтердің өзімен бірге төрт бауырының (Есімхан, Эльмира, Нұрхан және Жеңіс Жанысбаевтар – ред.) атына 2003 жылы аударылғанын» айтады. Меншік иесі бес адам болып саналатын пәтер - Жанысбаевтар отбасының жалғыз баспанасы.
- Бауырларым да, мен де несие алу үшін кепілге пәтерді қойғанымызбен, оны сатуға рұқсат еткен жоқпыз, - дейді Қасымхан Жанысбаев.
Үйді кім сатып алғанын біле алмаған ол сот орындаушыларымен бірге ол адамның сенімді өкілі келгенін айтады.
ҚАРЖЫ ҰЙЫМЫ МЕН СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫ УӘЖІ
«АФ Ипотека» акционерлік қоғамының Шымкенттегі филиалының заңгері Дидар Ибрахимов Қасымхан Жанысбаев несиесін төлей алмай, 2010 жылы ақшаны өндіріп беруді сұрап, сотқа шағымданғандарын айтады.
- Сот шешімін сот орындаушысы орындай алмаған соң кепілдегі мүлікті электрондық саудамен сатып, несиесін жаптық. Ендігі мәселе - сатып алған азамат пен Қасымхан Жанысбаевтың арасындағы мәселе, - дейді заңгер.
Пәтерді электрондық аукционға қойған сот орындаушысы Нұрмахан Тұрановтың айтуынша, Жанысбаевтың пәтері кепілде тұрған. Оған бірнеше ескерту берілген.
- Сот орындаушылары туралы заңның 55 және 57-баптарына сәйкес өндірдік. Мүлік электрондық саудаға шығарылды. Пәтер бес адамның атында болғандықтан, кепілде тұрған мүліктен өндіру жөнінде соттан санкция алынған, - дейді Нұрмахан Тұранов.
Пәтер сатылып кеткеннен кейін Жанысбаевтар отбасын пәтерден шығару ісін алған жеке сот орындаушысы Ғабит Қаныбек «2015 жылғы наурыздың 18-і күнгі сот үкімі негізінде әрекет етіп жатқанын» айтады. Үкімде «Жанысбаев отбасы және бауырлары пәтерінен шығарылсын. Талапкер Жанат Дербіс меншік иесі ретінде пәтеріне кіргізілсін» делінген.
- Азаматтар сот шешімін орындауы керек. Пәтерді ерікті түрде босатуын бірнеше рет ескерттік. Сот шешімі бар. Біз шешімді орындаймыз, - дейді ол.
Сатып аларда банк (ипотекалық ұйымды айтады – ред.) пәтерді сатуға құқылы екенін, меншік иесі саналған бес кісінің келісім-шартқа қол қойғанын айтты. 2015 жылы пәтер иесі шықпай, сотқа бердік. Сот шешімді біздің пайдамызға шығарды. Олардың апелляция шағымынан кейін де сот істі біздің пайдамызға шешті.Қарлығаш Дербісова
Ал Қасымхан Жанысбаевтың пәтерін сатып алған Жанат Дербістің заңды өкілі Қарлығаш Дербісованың айтуынша, пәтер екі жылдан астам аукционда тұрған. 2014 жылы Жанат Дербіс 11 миллион теңгеге бағаланған пәтерді 6 миллион теңгеге сатып алған.
- Сатып аларда банк (ипотекалық ұйымды айтады – ред.) пәтерді сатуға құқылы екенін, меншік иесі саналған бес кісінің келісім-шартқа қол қойғанын айтты. 2015 жылы пәтер иесі шықпай, сотқа бердік. Сот шешімді біздің пайдамызға шығарды. Олардың апелляция шағымынан кейін де сот істі біздің пайдамызға шешті. Менің де жеңгем - көпбалалы ана, ағам - мүгедек. Заң алдында барлық адам тең екенін ұмытпауымыз керек, - дейді пәтердің кейінгі иесінің заңды өкілі.
«БАНКТІҢ ПӘТЕРДІ САТУҒА ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ»
Ал Шымкенттегі «Халықтың баспанасын қорғайық» қоғамдық ұйымы төрайымы Гүлайша Мүсілтаева Жанысбаевтарды «алданған» деп санайды.
- Заң бойынша кепілдегі үйдің бағасы алынған несиеден көп болмайтын болса, банктің ол үйді сатуға құқығы жоқ. Ол - заңға қайшы әрекет. Жанысбаевтар отбасындағы мәселе де өткір. Бала - мүгедек. Еркек - жұмыссыз. Жалғыз әйелдің тапқаны жетпейді,- дейді ол.
Заң бойынша кепілдегі үйдің бағасы алынған несиеден көп болмайтын болса, банктің ол үйді сатуға құқығы жоқ. Ол - заңға қайшы әрекет.Гүлайша Мүсілтаева
Гүлайша Мүсілтаеваның сөзінше, Жанысбаевтар отбасының сотқа шағымданып, жеңіп шығуға мүмкіндіктері бар.
- Банк Қасымхан Жанысбаевтың ғана үлесін сатуға құқылы. Қасымхан Жанысбаев та, оның төрт бауыры да банктің пәтерді сатуына рұқсат бермеген, ешбір құжатқа қол қоймаған. Банк үйді сататын уақытта төрт адамның заңды үлесіне көз жұма қараған, - дейді белсенді.
Ал Қасымхан Жанысбаев «Отбасым мен бауырларымның жалғыз баспанасы үшін соңғы демім қалғанша күресемін. Тығырыққа тірей берсе, өзіме қол саламын» дейді. Сот орындаушылары бұл отбасыға пәтерді қыркүйектің 15-іне дейін босатуға уақыт берді. Ал Гүлайша Мүсілтаева заңгер жалдағандарын, істі қайта сотқа беруге дайындалып жатқандарын айтты.
«Халықтың баспанасын қорғайық» қоғамдық ұйымның дерегінше, жыл басынан бері Шымкентте баспана мәселесі бойынша 500-ден аса адам хабарласып, көмек сұраған.