Accessibility links

Билет алған жарысты экраннан көрсету


"Алатау" шаңғы-биатлон базасында отырған оқушылардың бір тобы. Алматы, универсиада жарыстарының бірі, 3 ақпан 2017 жыл.
"Алатау" шаңғы-биатлон базасында отырған оқушылардың бір тобы. Алматы, универсиада жарыстарының бірі, 3 ақпан 2017 жыл.

Алматыдағы универсиадаға билет алған кей адамдар жарыс өтетін жерге кіре алмағанына назалы. Журналистерді уәделі көліктің жоқтығы қынжылтады. Кезектен тыс демалысқа шыққан оқушылар мектеп өздерін жарысты тамашалауға тегін әкеп жүргенін айтады.

«ҮЙДЕН КӨРГЕНІМ ЖАҚСЫ»

Алматылық Владимир 28-қысқы универсиада бағдарламасындағы фристайл жарысына 1500 теңгеге алдын ала билет сатып алғанымен, ақпанның 2-і күні жарыс өтіп жатқан жерге өзін кіргізбей қойғанын айтады.

Кей жарысқа көрермендер кіре алмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:11 0:00
Жүктеп алу

- Фристайлды Шымбұлақтан көрмек болып билет алғам. Бірақ жарыс өтетін аймаққа өткізбей қойды. Волонтерлер жарысты трибуна жанындағы үлкен экраннан көресіздер деді. Ол жерде тұрғаннан жылы үйде көргенім артық, - деді Шымбұлақтан қайтып бара жатқан жанкүйер Азаттық тілшісіне.

Фристайл жарысын тамашалауға анасымен бірге келген алматылық Гүлзия есімді тұрғын да жарыс өтетін аймаққа өте алмағанын айтып шағынды.

- Анам екеуміз келгенбіз. Сандалып шаршап кеттік. Енді қайта қалаға қайтамыз ба деп тұрмын, - дейді ол.

Фристайл бәсекесі өтетін жер жанкүйерлерге арналған трибунадан үш шақырымдай қашықтықта орналасқан. Фристайл жарысы туралы репортаж дайындауға барған Азаттық тілшісі мен өзге де журналистер жарыс аймағына өте алмай кейін қайтты. Журналистерге таратылған нұсқаулық кітапшада фристайл жарысын 100-150 метр жерден тамашалауға болады деп жазылған.

Жанкүйерлерді орналастырумен айналысатын универсиада волонтері Қарлығаш Қожабек көрерменді жарысты жақыннан тамашалауға жібермеудің «техникалық себептерін» былайша түсіндірді:

- Фристайл өтіп жатқан жерде спортшылар таудан сырғанап келіп, көрермендерді таптап кетуі мүмкін деп ескертілді, сондықтан жанкүйерлер жарысты экраннан көреді. Қазіргі біздің міндетіміз - көрермен көңілін көтеру.

ВИДЕО: Жарысқа кіре алмаған көрермендер

Универсиадаға кіре алмай қалған көрермендер
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00

Алматы универсиадасында фристайл жарысында қазақстандық Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхард жеңімпаз атанып, Павел Колмаков қола жүлде иеленді.

ДЕМАЛЫСТАҒЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ЖАРЫСҚА ӘКЕЛУ

Ақпанның 3-і күні «Алатау» шаңғы-биатлон базасындағы жарыстың басым бөлігін мектеп оқушылары тамашалады. Азаттық тілшісі сөйлескен оқушылар өздерін мектептен мұғалімдері жарысқа арнайы алып келгенін айтып берді.

- 16-мектепте оқимыз. Билет жоқ, бізге жарыс тегін. Мұнда бізді мұғаліміміз алып келді, - деді есімін атағысы келмеген оқушы.

Өздерін Әсем және Аяла деп таныстырған мектеп оқушылары үш күннен бері жарыстарға тегін барып жүргендерін айтады.

- Мектептен барасыңдар деген. Үйде босқа жатқанша тауға шығып қайтқан да жақсы. Мектептен тегін автобус бар, - дейді оқушылар.

"Алатау" шаңғы-биатлон базасына келе жатқан оқушылар. Алматы. 3 ақпан 2017 жыл.
"Алатау" шаңғы-биатлон базасына келе жатқан оқушылар. Алматы. 3 ақпан 2017 жыл.

«Алатау» шаңғы-биатлон базасына оқушыларды жарысқа ертіп әкелген мұғалімдердің бірі Азаттық тілшісінің қойған сауалына «қаладағы мектептердің көбі оқушыларды жарысқа әкеп жатыр» деген қысқа жауаппен шектелді.

Алматы қаласы білім басқармасының Шыңғыс есімді өкілі Азаттыққа «бұл жағдай туралы білмейтінін, білім басқармасы мектептерді арнайы тексеретінін» айтты.

Универсиада басталғанға дейін Алматының білім басқармасы Қазақстан білім және ғылым министрлігінің келісімі бойынша қаладағы мектеп оқушыларына жарыс кезінде бір апта кезектен тыс демалыс берілетіні туралы мәлімдеген. Осыдан кейін Алматыдағы мектеп оқушылары қаңтардың 29-ы мен ақпанның 9-ы аралығында қысқа демалысқа шыққан.

АВТОБУСТЫҢ ӘЛЕГІ

Ұйымдастыру комитетінің дерегінше, Алматыдағы қысқы универсиада ойындарына алдын ала 600-ге жуық журналист тіркеліп, аккредитация алған. Олардың тоқсаны - шетелдік тілшілер. Журналистер универсиада кезінде көліктен қиындық көргендерін айтады.

- Спорт түрлерінен жарыстар өтетін әр кешенге [журналистерді] автобус алып баруы керек. Бірақ автобус таппай қалдық. Ақпанның 1-і күні Солдатсай кешенінен қалаға журналистерге арналған автобус кесте бойынша сағат 13.45-те жүру керек болған. Автобус сағат 14.40-та келді. Оның өзінде журналистер шулап кеткен соң волонтерлер хабарласып жүріп шақыртты. Қаңтардың 31-і күні Қазақстан мен Швеция арасындағы хоккей матчынан кейін «Халық аренаға» сағат 22.15-те келуі тиіс автобус келмей қалды. Таксимен қайттық, - дейді Алматыдағы жарысқа Талдықорғаннан арнайы келген журналист Серік Қантаев.

Осыған дейін әлеуметтік желіде кейбір жанкүйерлер жарыс кешендеріне баратын автобустардың жоқ екенін айтып, универсиаданы ұйымдастырушылардың жұмысына сын айтқан. Алматыдағы универсиаданы тамашалауға Өскеменнен арнайы келген Елжан Қамбаров ақпанның 1-і күні «Табаған» спорттық сауықтыру кешенінде өтетін жарысқа автобус таппаған.

Жанкүйерлерге арналған автобус Орталық стадионнан жүреді деген. Ол жерден автобус таппадық. Бірнеше жанкүйер бірігіп, такси ұстап бардық. Автобустардың қайда тұратынын волонтерлер де білмейді.

- Жанкүйерлерге арналған автобус Орталық стадионнан жүреді деген. Ол жерден автобус таппадық. Бірнеше жанкүйер бірігіп, такси ұстап бардық. Автобустардың қайда тұратынын волонтерлер де білмейді, - дейді ол.

Алматы қаласы транспорт басқармасының басшысы Мақсұт Исахов ақпанның 2-сі күні баспасөз мәслихатында «универсиадаға 110 автобус бөлінген, демалыс күндері жанкүйерлер мен журналистерге арналған арнайы көлік саны көбейтіледі» деп мәлімдеген. Шенеунік универсиада ойындары өтетін орындарға автобустар «Саяхат» автовокзалы, Алматы-1 темір жол вокзалы және Орталық стадион жанынан әр 20 минут сайын жүреді деп хабарлаған.

Алматыдағы 28-қысқы универсиада ойындары ақпанның 8-іне дейін жалғасады.

XS
SM
MD
LG