Accessibility links

Қазақстан атлеттері екі алтын алды


Қазақстандық биатлоншы Галина Вишневская Алматыдағы универсиадада. 31 қаңтар 2017 жыл (Сурет авторы - Ізтұрған Алдауев).
Қазақстандық биатлоншы Галина Вишневская Алматыдағы универсиадада. 31 қаңтар 2017 жыл (Сурет авторы - Ізтұрған Алдауев).

Биатлоннан қазақстандық Алина Райкова Алматыда өтіп жатқан қысқы универсиада чемпионы атанды. Қазақстан фристайлшылары командалық жарыста топ жарды.

Биатлоннан 15 километрге жекелей жарыста қазақстандық атлет Алина Райкова алтын жүлде алды. Ал күміс медаль алған тағы бір қазақстандық спортшы Галина Вишневская мәреге жеңімпаздан екі минут кешігіп келді. Райкова нысана ату кезінде екі оғын далаға жіберсе, Вишневская төрт рет мүлт кетті. Қола медаль украиналық Надия Виелкина иеленді.

Биатлон жарысы өткен “Алатау” шаңғы-биатлон кешенінде қалың қар жауып тұрды. Жарысты бірінші болып Галина Вишневская бастаған. Қазақстан құрамасының бапкері Михаил Дудченко “ бірінші кеткен спортшыға қалың қар кедергі келтіруі мүмкін” деді.

“БҰЛ ЖЕҢІСТІ ҰЗАҚ КҮТТІМ”

Вишневская екі километр өткен кезде өз шаңғысын өзі басып кетіп, құлап 15 секундтай уақытын зая кетірді. Құлаған кезде спортшы бір таяғын да сындырып алды.

- Бір шаңғының үстін екінші шаңғым шығып кетті. Жол шетінде тұрған жаттықтырушылар қолымнан демеп тұрғызып, сынған таяғымды тез ауыстырып берді. Құлағанда винтовкамның көздейтін оптикасын қар айғыздап тастапты. Диоптриясы орнынан жылжып кеткен. Оны ату алаңына келгенде бір-ақ білдім. Төрт айналымда төрт рет мүлт кеттім, - дейді Вишневская.

Алтын алған Алина Райкова мәреге жеткен сәтте көзіне жас алды. Ол бұл жеңісті ұзақ күткенін айтады. Қазақстанға универсиаданың алғашқы алтынын сыйлаған биатлоншы:

Қазақстандық Алина Райкова Алматыдағы универсиада жарысында. 31 қаңтар 2017 жыл (Сурет авторы - Ізтұрған Алдауев).
Қазақстандық Алина Райкова Алматыдағы универсиада жарысында. 31 қаңтар 2017 жыл (Сурет авторы - Ізтұрған Алдауев).

- Алматыдағы биатлон трассасы өте қиын. Қар қалың болды, жел болды. Биылғы маусым мен үшін қиын басталды. Ауырдым, жарақаттарым болды. Жарыстарда дұрыс нәтиже көрсете алмай жүрдім. Өзіме күшіме сенбейтіндей дәрежеге жеттім. Бүгінгі жарыста өзімді өзім жеңдім, - деді.

Райкова 2015 жылы Словакияда өткен қысқы универсиада да осы қашықтықта алтын алған еді.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН АЛТЫН

Фристайлдың акробатика жаттығуында қазақстандық Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек аралас командалық жарыста (mixed event) универсиада чемпионы атанды. Бір күн бұрын, яғни қаңтардың 30-ы өткен жекелей жарыста Жанбота Алдабергенова - қола, Бағлан Іңкәрбек 8-орын алып қалған. Жарыстан кейін Жанбота Алдабергенова:

Қазақстандық атлет Жанбота Алдабергенова. Алматы. 30 қаңтар 2017 жыл (Сурет универсиада баспасөз қызметінен алынды).
Қазақстандық атлет Жанбота Алдабергенова. Алматы. 30 қаңтар 2017 жыл (Сурет универсиада баспасөз қызметінен алынды).

- Жекелей жарыста жеңіліс маза бермеді. Бар ойым командалық жарыста алтын алу болды. Себебі жекелей жарыста Бағлан екеуміздің алға қойған мақсатымыз орындалмай қалған. Мен - алтын, Бағлан үштікке енеміз деп жоспарлаған едік. Дегенмен, бүгін есе қайтардық. Бұл алтын мен үшін өте бағалы. Себебі бұл Қазақстанда дайындалған, - деді.

Шаңғымен жүгіруден Анна Шевченко бес километрге із қуып жарысуда қола медаль алды. Ол қаңтардың 30-ы бес километрге жекелей жарыста да қола иеленген. Ал конькимен 1500 метрге жүгіруде қазақстандық Екатерина Айдова да үздік үштікке енді.

Қазақстан универсиаданың екінші күнінен кейін екі алтын, екі күміс, төрт қоламен 2-орында келеді. Бірінші орында - Ресей (7 алтын, 6 күміс, 1 қола), үшінші орында Қытай (2 алтын, 1 күміс, 2 қола) тұр.

XS
SM
MD
LG