Accessibility links

Билікке мадақ айтылмаған айтыс


Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрында студент ақындардың айтысы өтті. 12 ақын осы өнердің «түре айтыс», «сүре айтыс», «қайым айтыс», «жұмбақ айтыс» сияқты түрлерін көрсетті.

Универсиада құрметіне Алматыда ұйымдастырылған «Өнер алды – қызыл тіл» студенттер айтысына бұған дейін ел көзіне түспеген жастармен қатар, республикалық айтыстарда көрініп жүрген Қанат Мырзахан, Бибігүл Тілепалдинова секілді ақындар да шақырылыпты.

Студент ақындар айтысы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:30 0:00
Жүктеп алу

Республикалық немесе студенттер айтысына барып жүретін Азаттық тілшісі ол шараларға биліктегі тұлғаларды немесе демеушіні көбірек мақтау тән болатынын байқап қайтатын. Бұл жолы айтыскер студенттер ондай мақтауға жаппай құмарлық көрсетпеді. Есесіне қоғамдағы өздері байқаған кейбір құбылыстарға назар аудартуға тырысты.

Алғашқы жұп болып сахнаға Алтынбек Ибрагимов пен Айдана Қайсарбекқызы шықты. Алтынбек бірден универсиада алдындағы әзірлікті түйреп:

Ел едік жалқаулықты жағалайтын,
Ал қазір тұлпардаймыз тағалайтын.
Алматыны көркейтіп жібердік-ау,
Әлемнің түскеннен соң назары айқын.
Қалаға ескі көлік кіргізбейміз,
Құтылдық пробкадан мазалайтын.
Көшедегі бомжылардың көзін жойдық,
Заң шығардық «алқаштарды» жазалайтын.
Шетелден келген қонақ көрмеу үшін,
Алматының кірді осылай ажары айқын.
Ей, ағайын, қазақ десе қазақпыз-ау,
Үйін тек қонақ келсе тазалайтын, - деді.

Студент ақындар

Студент ақындар
Айтбек Тұрсынбаев
Айдана Қайсарбекқызы
Мөлдір Айтбай
Алтынбек Ибрагимов
Аяулым Жұмабекқызы
Ақниет Жұбаныш
Айтуған Жетебаев
Қанат Мырзахан
Саягүл Бірлесбек
Бибігүл Тілепалдинова
Нұрлыбек Құрманов
Жібек Шахмардан

Ал оның қарсыласы Айдана Қайсарбекқызы кейінгі кездері жиі сөз болып жүрген мәселе - қазақ қыздарының Қытай азаматтарына тұрмысқа шығуы, Ресей депутаттарының Қазақстандағы «орыс жерлерін» қайтарып алу жайындағы мәлімдемелері жайлы айтты.

Айдана айтып кеткен бұл тақырыптарға айтыс сахнасына шыққан ақындардың барлығы дерлік тоқталып өтті.

Айтыс түрлері ішінде қайым айтыстың жас ақындарға ауырлау тиетіні білінді. Қайым - айтыстың бір шумақ жауаппен қайырып отыратын шағын түрі. Жедел ойлануды, суырып салуды талап ететіндіктен Айтуған Жетебаев пен Жібек Шахмарданқызының айтысы жұртқа әсерлі болды. Табан астында жауаптасатын айтыстың бұл түрін қызықтаған жұрттың алдында Жібек Шахмарданқызы «қатты толқып кеткенін» өлеңдете мойындағаны да шынайы шықты.

Студенттер айтысы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

Келген жұртты күлкіге қарық қылған айтыс Қанат Мырзахан мен Мөлдір Айтбай арасында болды. Екеуара өтірік айтыс жасаған қос ақын да қоғамдағы кейбір құбылыстарды сынады. Әсіресе Қанат Мырзаханның «Марстан келген» қарсыласына қарата айтқан:

Естігенде таңғалдым бұл мән-жайға,
Көбісі өзге тілде сөйлейді екен,
Ана тілде сөйлеуге тіл бармай ма?
Шетелдерден аямай қарыз алған
Билігіңді ел-жұртың сынға алмай ма?
«Уақытша тіркеу» деген пайда болып,
Жерлестерің ренжіпті бұл мән-жайға.
Монти досым, «Марсың» не боп кеткен,
Азғындықтың шегінде тұрғандай ма?
Осындай мәселенің бірі де жоқ,
Біздің Қазақстаннан үлгі алмай ма! ​– деген шумақтарға жұрт қол соғып отырды.

«ӨТІРІК АЙТЫСПЕН ҚОҒАМНЫҢ БЕТІН АЙМАНДАЙ ҚЫЛДЫ»

Айтыс соңында сөз алған қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман «2016 жылы республикалық 13 айтыс өтті. Оның тек біреуі ғана - Алматыда өткен «Наурыз» айтыс үзіп-жұлынып көрсетілді. Қалған 12-сі [телеарнадан] көрсетілмей қалды. Оның да жолын іздеп жатырмыз» деді.

2016 жылы желтоқсанның 4-і күні өткен «Алтын домбыра» айтысында бас жүлде алған ақындар туралы да айтуды ұмытпаған Жүрсін Ерман:

- Болатбек пен Мұхтардың айтысына ептеген күмән болды ғой. Сол олқылықтың орнын толтырайық деп, екі ақынның жекпе-жегін өткізгім келеді, дәл осы залда. ... Соған бәйге іздеп жатырмыз, - деп алдағы уақытта болатын кезекті бір айтыс жайлы да хабарлай кетті.

Бұл айтыстағы дау жайында кезінде Азаттық та жазған болатын.

Оқи отырыңыз: «Әкімдер таласқан» айтыстың бас жүлдесі дауға ұласты

Айтыстың бас жүлдесіне тігілген 150 мың теңгені Қанат Мызахан алды. Бірінші орын иеленген Аяулым Жұмабекқызына жүлдеге 100 мың теңге берілді. Екінші орынға бөлінген 70 мың теңге Айтуған Жетебаевқа бұйырса, үшінші орынға шыққан Саягүл Бірлесбекқызы мен Айдана Қайсарбекқызына 50 мың теңгеден берілді. Өзге студент ақындарға айтысқа қатысқаны үшін 30 мың теңгеден үлес тиді.

Айтысқа келген жұрт. Алматы, 6 ақпан 2017 жыл.
Айтысқа келген жұрт. Алматы, 6 ақпан 2017 жыл.

Бас жүлдені тапсырған Жүрсін Ерман Қанат Мырзаханның айтысын.

- Қазақта «майын шығарып сүйем, қанын шығарып ұрам» деген сөз бар. Мына біздің қоғамды өтірікпен (өтірік айтысты айтады – ред.) бетін аймаңдай қылды, - деп сипаттады.

Айтыс өнері Қазақстанда 1950 жылдары жаңаша жаңғырып, совет кезеңінде негізінен қазақ тілді аудитория ортасында ерекше танымал болған. 1991 жылдан бері айтыскер ақындар көрерменнің қолдауын табу үшін өткір әлеуметтік-саяси мәселелерді жиі көтерген. 2000 жылдардың ортасынан бастап Қазақстан билігі айтысты «бейсаясиландыруға» күш салған. Айтыс теледидардан көп көрсетілмей, бірқатар ақындар республикалық айтыстардан шеттетілген.

XS
SM
MD
LG