Этникалық қазақ Алтынбек Қабылахатұлы 20 шақты жылдан бері Ұлыбританияда тұрады. Ол сол елдегі қандастары 1985 жылдан бастап оқу мен жұмыс іздеп Түркиядан келе бастағанын, көбі қазір Лондон мен Рединг қалалары мекен ететінін айтады. Алтынбек Қабылахатұлы Азаттық тілшісімен әңгіме кезінде сол елдегі қазақ жастарының ана тілдері мен ұлттық дәстүрлерін қаншалықты білетінін де сөз етті.
Азаттық: – Ұлыбританиядағы қазақтар бір-бірімен жиі араласып тұра ма?
Алтынбек Қабылахатұлы: – Лондонда Түркиядан көшіп барған 35-40 шамасында отбасы бар. Оның сыртында Қазақстаннан, Қытайдан және басқа да елдерден келіп оқып жатқан, жұмыс істеп жүрген, бизнеспен айналысып жүрген қазақтар жетерлік. Жалпы, Ұлыбританияда тұратын қазақтардың ұзын саны шамамен 2 мыңның үстінде. Қазақтар жиі-жиі бас қосып тұрады дей алмаймыз. Оған күнделікті жұмыс, қызмет мүмкіншілік бермейді. Тек айт пен тойларда, наурызда бас қосуға тырысамыз. Әрине, аз ұлттың жергілікті халыққа сіңіп кетуі қаупі зор. Сол себепті этникалық түптамырды жоғалтпау және жастардың қазақ тілі ұмытпауы мақсатында Қазақстанмен байланысты үзбеуге тырысамыз. Ұлыбритания-қазақ мәдени орталығы жұмыс істеп тұр.
Азаттық: – Еуропада туып-өскен қазақ жастарының қазақшасы қандай?
Алтынбек Қабылахатұлы: – Біз өзіміз Түркияда туып-өсіп, қазақ тілін жетік меңгере алмадық. Ал Лондонда дүниеге келіп, сонда ержетіп келе жатқан қазақ жастарының ана тілін білу деңгейі өте төмен. Тіпті білмейді деуге болады. Бұл тек біздің жастар ғана емес, Еуропаның өзге де елдерінде тұратын қазақ жастарына да тән. Мәселен, Францияда тұратын қазақ жастары тек француз тілінде қарым-қатынас жасаса, Германияда тұратын жастар неміс тілінде сөйлейді. Өйткені өскен орта, алған білімі мен атқарған қызметі – өзге тілде.
Азаттық: – Шетте өмір сүретін қазақтардың көпшілігі өз күштерімен не Қазақстанның елшілігімен бірлесе отырып, жексенбілік мектепте ашып жатады. Лондонда мұндай мектеп немесе орталық жоқ па?
Алтынбек Қабылахатұлы: – Жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан елшілігінің көмегімен Лондондағы қазақ жастарына ана тілін үйрету мақсатында мектеп ашылып, алғашқы сабақтар жүргізіле бастаған еді. Бірақ қала өте үлкен, жастардың келіп кетуі мүмкіншілігі жетпеді. Басында жиі барғандарымен, соңында әркім әртүрлі себептермен келе алмады. Сосын орталық жабылып қалды.
Азаттық: – Еуропада туып, сонда білім алған қазақ жастары қандай жетістікке жетіп жатыр?
Алтынбек Қабылахатұлы: – Бізбен бірге барған өзіміз қатарлы жігіттер негізінен жеке бизнес саласында, жеке кәсіппен айналысып жүр. Ал кейінгі өсіп келе жатқан жастардың арасынан мемлекеттік қызметтерге араласпаса да, жақсы қызмет атқарып жүргендер бар. Бірақ көп емес. Егер мүмкіндік болса, Қазақстанға барып, өз тілі мен ата дәстүрін еркін меңгерсе, осында қызмет етсе деген ойдамыз. Бірақ жастар соншалықты құлықты емес.
Азаттық: – Балаларыңыз болашағын қай елмен байланыстырады?
Алтынбек Қабылахатұлы: – Бір ұл, бір қызым бар. Үлкені өткен жылы университетті аяқтады. Қазір екінші мамандық бойынша оқуға талап қылып жатыр. Тағы бір оқуды бітіргеннен кейін сонда тұрамын, сонда қызмет істеймін деп тұр. Ал екіншісі бұйыртса келесі жылы университетте оқуды бастайды. Олардың болашағы туралы нақты айта алмаймын.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.