Accessibility links

Экологтың өліміне айыпталушы «оны ұнатпағанын» айтты


Нұрлан Өтеулиев. Алматы облысы, 4 наурыз 2013 жыл.
Нұрлан Өтеулиев. Алматы облысы, 4 наурыз 2013 жыл.

Нұрлан Өтеулиевтің өліміне айыпталған азаматтың сөзінше, «оқиға бизнеске байланысты жеке бас араздығынан туған». Марқұмның туыстарының ойынша, қылмыс тапсырыспен жасалуы да мүмкін.

«Табиғат» экологиялық қозғалысының белсендісі, биыл 10 наурызда қаза тапқан Нұрлан Өтеулиевке байланысты сот 5 тамыз күні Алматы облысы Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында өтті. Сотқа марқұмның анасы, 63 жастағы Манат Өтеулиева – жәбірленуші, ал 27 жастағы Дмитрий Жабин – айыпталушы ретінде қатысты.

ҚИСЫН

Нұрлан Өтеулиевтің бөлесі, оның өліміне айыпталушы азамат Дмитрий Жабин, алдын-ала тергеу кезіндегідей, сотта да «айыбын толық мойындады». Бірақ ол туысын байқаусызда өлтіргенін айтады. Дмитрий Жабиннің сөзінше, Нұрлан Өтеулиев екеуінің арасында ортақ бизнестеріне байланысты дау шығып, араздық кезінде туысын өлтірген.

Прокуратура да қылмыстың тұрмыстық негізде болғанын айтып, жеке бас араздығы негізінде жасалды деп біледі. Бірақ прокуратураның пікірінше,
Нұрлан Өтеулиевтің анасы Манат Өтеулиева. Қаскелең, 5 тамыз 2013 жыл.
Нұрлан Өтеулиевтің анасы Манат Өтеулиева. Қаскелең, 5 тамыз 2013 жыл.
Дмитрий Жабин Нұрлан Өтеулиевті қасақана өлтірген.

Дмитрий Жабинді тергеу кезінде Нұрлан Өтеулиевтің анасы Манат Өтеулиева айыпталушыдан бір сауалға ғана «шын жауап беруін» – ұлын не үшін өлтіргенін айтуын сұрады. Ол айыпталушының жауаптарына разы болған жоқ. Сот басталмай тұрып-ақ Нұрлан Өтеулиевтің анасы мен апайы Тәрбие Өтеулиева журналистерге «қылмыс тапсырыспен жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын» айтқан.

Манат Өтеулиева сотта айыпталушыдан материалдық және моральдық өтемақы талап етпейтінін, өйткені Дмитрий Жабин туысының – мүгедек сіңілісінің ұлы екенін, ол кісіге баласының не істегенін әлі хабарламағанын айтты.

Эколог Нұрлан Өтеулиевтің қазасына байланысты соттың келесі отырысы 14 тамызда өтеді.

ТАПСЫРЫС ЖАЙЛЫ БОЛЖАМ

Нұрлан Өтеулиев тапсырыспен өлтірілді деген болжамды оның анасы мен апайынан өзге кейбір туыстары мен достары да айтады. Марқұмның жесірінің пікірінше, «оны ағашқа бола өлтіріп кетті».

Нұрлан Өтеулиевтің қазасына Алматы қаласы мен облысында элиталық тұрғын үйлер салу үшін қорықты жоюға қарсы шығып жүрген белсенділер қатты наразы
Нұрлан Өтеулиевтің анасы Манат Өтеулиева мен азаматтық белсенділер ағаш отырғызып жатыр. Алматы облысы Тастыбұлақ ауылы, 5 сәуір 2013 жыл.
Нұрлан Өтеулиевтің анасы Манат Өтеулиева мен азаматтық белсенділер ағаш отырғызып жатыр. Алматы облысы Тастыбұлақ ауылы, 5 сәуір 2013 жыл.
болған. Мұндай даулы жердің бірі – Алматы облысы Қарасай ауданының Тастыбұлақ ауылы аумағында. Ауыл Алатаудың етегінде, Алматының маңында жатыр. Өтеулиевтің жақтастары «оны өлтіру арқылы Алматының жақсы жерлеріндегі бақтарға элиталық тұрғын үй салуға қарсы шығушыларды қорқытпақ» деп болжайды.

Белсендінің қазасынан бір аптадай уақыт бұрын Тастыбұлақ ауылындағы тоғайда ағаш кесушілер мен Нұрлан Өтеулиев бастаған азаматтық белсенділер арасында жанжал болғанын Азаттық жазған.

Қазақстанда журналистер мен азаматтық белсенділерге шабуыл жиі жасалады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, мұндай шабуылдан бір адам қаза табады не жарақаттанады – бірақ оның жақтастары қорқып қалады. Қазақстанда ондай қылмыс жасаушылардың табылып, жазасын алған оқиғалары сирек.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG