Accessibility links

Ресей мен Қазақстан кикілжіңі Қытайды күшейтті


Солдан оңға қарай: Қырғызстан президенті Роза Отунбаева, Ресей президенті Дмитрий Медведев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қытай басшысы Ху Цзиньтао. Астана, 14 маусым 2011 жыл.
Солдан оңға қарай: Қырғызстан президенті Роза Отунбаева, Ресей президенті Дмитрий Медведев, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қытай басшысы Ху Цзиньтао. Астана, 14 маусым 2011 жыл.

Jamestown.org басылымы соңғы санында Қазақстан мен Ресейдің Кеден одағы аясында уағдаласа алмай жатқанын, ал мұның Қытайға тиімді болып тұрғанын жазады.

Басылымның сарапшысы «Наурыздың 7-сінде Қазақстан парламенті Ресей мұнайын Қазақстан аймағына баж салығынсыз импорттау туралы екіжақты келісімді бекітті» деп жазды наурыздың 28-і күні жарияланған мақаласында.

ТИІМСІЗ АЙЫРБАС

Қазақстан мен Ресей арасында энергетика саласындағы әріптестік туралы келісім 2010 жылдың желтоқсан айында бекітілген. Тек ол кезде Ресейдің өтініші бойынша көмірсутегі экспорттық баж төлеуге жататын тауарлар тізімінен шығарылмай қалған. Мәскеу мұны басқа интеграциялық мәселелерден бөлек алып қарап, осы саладағы өзгерістерді бақылай тұруды өтінген.

Кеден одағы, оның ізін ала құрылған Бірыңғай экономикалық кеңістік өнеркәсіп тауарлары мен қызмет түрлерінің саудасына жеңілдік жасағанымен, мұнай саудасына өзгеріс енгізбеді. «Ресей жағының ұсынысы бойынша энергетика саласындағы сауда-саттық арнайы шарттармен реттелуі керек. Себебі бұл - Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық мүдделеріне тікелей қатысты нәрсе» деп жазады сарапшы.
Алдыңғы қатарда солдан оңға қарай: Ресей президенті Владимир Путинмен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана. 7 маусым, 2012 жыл. Сурет Ресей президентінің ресми сайтынан алынды.
Алдыңғы қатарда солдан оңға қарай: Ресей президенті Владимир Путинмен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана. 7 маусым, 2012 жыл. Сурет Ресей президентінің ресми сайтынан алынды.

Автордың мәліметі бойынша, «Ең бір түйткілді мәселе – кеден саясаты түбірімен өзгергендіктен, екі тараптың да бюджетін азайтпайтын мұнай экспорттау әдісін қолдану. 2012 жылы Ресей президенті Владимир Путин Солтүстік Қазақстан аймағына сапары барысында осы ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен арнайы хаттамаға қол қойған. Сол құжат бойынша, Ресей 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін Қазақстанға кедендік баж салығын алмастан мұнай және мұнай өнімдерін жеткізіп тұруға уәде берген, ал Қазақстан жағы бұл үшін өтемақы төлеуге міндеттенген.

Келер жылдың қаңтарынан бастап Мәскеу мен Астана мұнай тасымалында своп-операцияға көшіп, тасымал мәселесін түбірімен шешуге тиіс. Ол – Қазақстан Қытайға Ресей атынан мұнай жөнелтіп отырса, Ресей осы шикізатты Еуропаға Қазақстан атынан тасымалдайды деген сөз».

«Ресей мен Қазақстан арасындағы бұл келісім жобасы парламентте талқыланғанда, жобаны ұсынған мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевты депутаттар сынады. Алдын ала есептелгендей, биылғы наурыз бен желтоқсан аралығында Ресей Қазақстанға алты-жеті миллион тонна мұндай жөнелтпек, мұндай жағдайда олардың бюджеті экспорттық баж түрінде алынатын 2 миллиард 400 миллион доллар табыстан қағылады. Бұған қоса, өңделген мұнай өнімдерін, соның ішінде жанармай жеткізуден Ресей тағы 500 миллион долларға ұтылмақ. Бұл шығындардың орнын толтыру мақсатында Қазақстан Ресейге экспорттық баж алмастан, 1 миллион 500 мың тонна мұнай экспорттауға уағдаласты. Бұдан Қазақстан жағы төленуі тиіс 600 миллион долларды ала алмай қалайын деп тұр.

Әу баста Ресейден импортталатын мұнай өнімдеріне Қазақстанның экспорттық баж ставкасымен бірдей ставка тағайындау туралы ұсыныс болған, алайда Ресей өз заңдары бойынша ставка көлемі бұдан жоғары болуы керек деген уәж айтып, бұл ұсынысқа қарсылық білдірген еді» деп жазады басылым.

КЕЛІМБЕТОВТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Автордың айтуынша, Ресей мен Қазақстан арасындағы мұнай саудасына қатысты келіспеушіліктердің бар екені премьер-министрдің орынбасары Қайрат Келімбетовтің 2013 жылдың наурыз айындағы Мәскеу сапары барысында айқын білінді.

Келімбетов «қазіргідей Қазақстанда экспорт дефициті сақталып қала берсе және мұнай-газ саудасына қатысты құқықтық сәйкессіздік түзетілмесе, Қазақстан Ресеймен арадағы энергетика жөніндегі әріптестікті қайта қарауға мәжбүр болатынын» айтқан.

Мақалада «Келімбетовтің айтуынша, мұнай мен табиғи газ саудасы Ресей, Қазақстан және Беларусь арасындағы сауда-саттықтың 25 пайызын құрайтындықтан, энергетика саласында ілгерілеушіліктің болмауы Қазақстан үшін бүкіл интеграциялық процесті тиімсіз етпек, себебі қазірдің өзінде ішкі тұтынушылар Кеден одағының сатып алу мүмкіндіктеріне кері әсер еткенін айтып, дабыл қағып отырғаны» айтылған.
Солдан оңға қарай: Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мәскеу, 19 желтоқсан 2011 жыл.
Солдан оңға қарай: Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мәскеу, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Бұған қоса Қазақстан Ресейдің Беларусь экономикасына субсидия беріп отырғанын құптамайды, себебі Астана «тараптар өзара әділ қарым-қатынас жасап, тең экономикалық мүмкіндіктерге ие болуы керек» деп есептейді. Келімбетовтің айтуынша, газ саудасына қатысты теңсіздік әлі де сақталып отыр, себебі «Газпром» Өзбекстан мен Түркіменстанның табиғи газының әр миллиард текше метрін 300 АҚШ долларына сатып алса, Қазақстан «ҚазРосГаз» бірлескен кәсіпорны арқылы сатқан газының дәл сондай мөлшеріне тек 200 доллар алып отыр» деп жазылған.

ҰТАТЫН - ҚЫТАЙ

Сарапшының деректеріне қарағанда, «Мұндай жағдайда Қазақстан Ресейден мұнай өнімдерін сатып алуды азайтып, өзінде бар үш мұнай өңдеу зауытын жетілдіріп, Мәскеу алдындағы энергетикалық тәуелділіктен құтылуды мақсат етуі мүмкін. Бұл бағытта Қазақстан мен Қытай арасында қазірдің өзінде көп шаруа тындырылып жатыр.

Наурыздың 20-сы күні «ҚазМұнайГаз» өкілі Қазақстанның Қытай мұнай өңдеу зауыттарына жылына 1 миллион 500 мың тонна шикі мұнай жеткізіп тұру мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл жағдайда «айырбас» жүйесі қолданылмақ. Бұл жүйе КСРО ыдырағаннан соң өзара энергетикалық байланыстар күйреген мемлекеттер арасында пайдаланылған, онда жергілікті шикізат басқа бір елдің нарығына экспорттық баж салығын төлеместен шығарылады, тек өнім келісілген, шектеулі бағамен сатылады. Яғни Қазақстанның ішкі нарығына қосымша 960 мың тонна жанармай Қытайдан келеді, ал бұл – Қазақстанның жанармай импортындағы Ресейдің үлесі бірнеше жылда қазіргі 40 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейді деген сөз.

Оның үстіне, Қытайдың Шыңжаң мұнай өңдеу зауыты 90 пайыздық күшпен жұмыс істеп тұр, ал күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан Қазақстан мұндай өңдеу зауыттарының өнімділігі 60-70 пайыз шамасында болып тұр».

Сарапшы «Ресей журналистеріне берген сұхбатында Келімбетов Астананың Қытайға жаңа газ құбырын тарту жайын қарастырып жатқанын айтты, қазірдің өзінде Қазақстан Каспий теңізіндегі ең үлкен газ қорын Қытаймен жалғасыратын Орталық Азия–Қытай газ құбырына қосымша құбыр тарту жобасын жүзеге асырып жатыр» деп жазады.

Автор Қазақстан мен Ресейдің энергетикалық ынтымақтастық саласындағы келіспеушіліктері Пекиннің Орталық Азиядағы экономикалық ықпалын нығайтуға әсер етуі мүмкін деп болжайды. Мақала «Сөйтіп Қазақстан да Өзбекстан мен Түркіменстан сияқты Қытайды энергоресурстар экспорттайтын ең қолайлы ел ретінде қарастыра бастауы мүмкін» деп аяқталады.
XS
SM
MD
LG