Accessibility links

«Ер Төстік және Айдаһар» бір аптада 207 мың доллар тапты


"Ер Төстік және Айдаһар" анимациялық фильмінен көрініс. Алматы, 5 сәуір 2013 жыл.
"Ер Төстік және Айдаһар" анимациялық фильмінен көрініс. Алматы, 5 сәуір 2013 жыл.

Кинотеатрларда 3D форматтағы толық метражды «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмі көрсетіліп жатыр. Ата-аналар фильмді жақсы деп бағаласа, кей көрермендер «мультфильмнің деңгейі төмен» дейді.

Алматыдағы бір кинотеатрда «Ер Төстік және Айдаһар» мультфильмін көруге келген жұрттың қарасы шамалы. Билет құны – 500 теңге. «Ер Төстік және Айдаһардың» сеансы күніне үш уақытқа ғана қойылған екен. Соңғы сеанс - сағат 16:00-де.

Касса қызметкері «Сеанс неге аз?» деп сұрағымызға:

– Бұл – Қазақфильм мен кинотеатр басшылығының келісімі, – деп қысқа жауап берді.

Касса алдында кішкентай балаларын жетектеген жеті-сегіз ата-ана мен бірнеше студент билет алып жатыр. Екі бала «Ер Төстік және Айдаһардың»кинотеатр алдында ілініп тұрған баннеріне қарап, «Мынау – мыстан кемпір, мынау – айдаһар, ал мыналар – Ер Төстік пен оның аты Шалқұйрық» деп шүйіркелесіп тұр.

Кассадан билет алып, залға беттеп келе жатқан, өзін Бота Бердібекова деп таныстырған жасы отыздар шамасындағы ана екі баласымен (бес және жеті жаста) бірге осы мультфильмді асыға күткендерін айтады.

– Балаларыма интернеттен осы мультфильмнің трейлерін көрсетіп едім, «Ер Төстікке» апар да апар» деп қоймаған соң бүгін жұмыстан қолым босап, кинотеатрға келдік. Бала ғой, таңертең ерте тұрып алды. Қазір мультфильмнің басталуын асыға күтіп, қуанып тұрмыз, – деді ана.

Ал Ботаның бес жастағы ұлы Бекзат «Ер Төстік және Айдаһар» ертегісін әжесінен естігенін, ондағы Бекторы мен Шалқұйрық, Ер Төстік және Ерназарды білетінін айтты. Бекзаттан екі жас үлкен Ұлан:

– Ерназар ата «сегіз ұлым – бір төбе, Ер Төстігім – бір төбе» деп айтады ғой. Төстік ертегінің соңында Кенжекеймен бақытты болады емес пе, – деп інісінің әңгімесіне араласты.

Бота Бердібекова ұлдарының сөзіне жымиды да, екеуін ертіп залға қарай кетті.

«БАЛАЛАРҒА ӨТЕ ПАЙДАЛЫ МУЛЬТФИЛЬМ»

«Ер Төстік және Айдаһардың» бұл сеансын жиырма шақты адам ғана тамашалады.

– Балаларға өте пайдалы мультфильм. Балаларымның да көңілінен шыққан сияқты. Қазір дүкенге барып, «Ер Төстіктің» дискісін алып бермесем болмайды. Бала ғой, өзіне ұнаған нәрсесін қайта көргісі келе береді, – деді залдан шыққан Бота Бердібекова.
"Ер Төстік және Айдаһар" анимациялық фильмінен көрініс. Алматы, 5 сәуір 2013 жыл.
"Ер Төстік және Айдаһар" анимациялық фильмінен көрініс. Алматы, 5 сәуір 2013 жыл.

Бақытгүл Сәрсенова есімді көрермен де «Ер Төстік және Айдаһар» көңілінен шыққанын айтты.

– Өте жақсы өнім. Экраннан Қазақстанның анимациялық өнімін көретін кез де келгеніне қуаныштымын. Әрине, «Қазақфильмнің» мультфильмдерін Голливуд анимацияларымен салыстырмайық. Бастысы – алғашқы өнім бар. Жалғасын күтеміз. Алда «Алпамыс» пен «Қобыландыны» да экраннан көріп жатсақ, таң қалмаймын, – деді ол.

«ГОЛЛИВУДТЫҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕ ҚАЛЫП ҚОЙДЫ»

«Ер Төстік және айдаһарды» тамашалап шыққан жұрттың бірі Елшат Қыстаубаев фильмді ұнатпады.

– «Ер Төстік және Айдаһар» – ұзағанда 14 жасқа дейінгі балаларға арналған мультфильм. Оның 16-17 жастағы балалар немесе студенттер көрсе, ұйықтап қалады. Қазір кино нарығында анимацияны барлық жастағы көрерменге арнап жасау керек. Голливудта сондай заң бар. Мысалы, «Шрек», «Мадагаскар» мультфильмдерін бала да, жас та, кәрі де көре береді. «Ер Төстікті» де солай жасау керек еді. «Уолт Дисней» өнімдерімен де салыстыруға келмейді. «Қазақфильмнің» анимациясы Голливудтың көлеңкесінде қалып қойды. Деңгейі 90-жылдардағы өнімдермен тең. Ертегі анимацияға сұранып тұрғанымен, «Қазақфильм» ойдағыдай мультфильм шығара алмады, – дейді студент Елшат Қыстаубаев.
"Ер төстік және Айдаһар" анимациялық фильмінен көрініс. Алматы, 5 сәуір 2013 жыл.
"Ер төстік және Айдаһар" анимациялық фильмінен көрініс. Алматы, 5 сәуір 2013 жыл.

Асқар Серікұлы есімді көрермен де «Ер Төстік және Айдаһардың» сапасы шетелдік өнімдерге жете алмады деген ойда.

– Дәл қазір Қазақстандағы кинотеатрларда «Ер Төстік және айдаһармен» қатар «Крудс әулеті» анимациялық фильмі жүріп жатыр. Қазір халық сол «Крудс әулетіне» барып жатыр. Мысалы, «Ер Төстіктің» сеансы кей кинотеатрларда бір рет, кейбірінде үш рет қана көрсетіліп жатыр. Ал «Крудс әулеті» сегіз-тоғыз рет қойылып жатыр, – деді Асқар Серікұлы.

Журналист Құрмет Мұхаметханның ойынша, «Ер Төстік және Айдаһардағы» қателіктерге көз жұма қарау керек».

– Бірден бас салып жамандау – жат. Алғашқы шығарылымда қателік болады. Бірақ бір айтарым, анимация жасайтын кезінде арнайы кеңес құрып, талқылау керек еді. Қазақстанда кенже қалған анимацияны тірілтуге алғашқы қадам жасалды. Басты жетістік – осы, – дейді журналист.

«ЕР ТӨСТІККЕ» СҰРАНЫС ОРТАША»

Алматы кинотеатрларының бірінде жұмыс істейтін Анель есімді менеджер «Ер Төстік пен Айдаһарға» сұраныс орташа» екенін айтты.

– Бұл мультфильмге көрермен көп келіп жатыр дей алмаймын. Бірақ келушілер бар. «Крудс әулетімен» салыстырғанда сеанста аз тұрғаны рас. Себебі біз сұранысқа қарай ұсыныс жасаймыз. «Ер Төстік және айдаһарды» жеті-сегіз сеансқа қойып тастасақ, оған ешкім келмесе, біз шығындаламыз ғой. Қазірдің өзінде «Ер Төстік пен Айдаһар» ұзағанда жиырма-жиырма бес адам ғана кірді. Ал жалпы он-он беске жетсе қуанамыз, – деді ол.

Ал «Қазақфильмнің» прокат бөлімінің бастығы Айдархан Әділбаев өнімді прокатқа шығарар кезде кинотеатрлармен келісім-шарт қалай жасалатынын айтты.

– Кино да нарық қой. Нарықта сұраныс қалай болса, біздің ұсынысымыз да солай болады. Кинотеатрлар «анимацияны екі рет қойсақ жеткілікті» десе, біз келісеміз, – деді ол Азаттық тілшісіне.

«Қазақфильмнің» баспасөз қызметінің дерегіне қарағанда, 2010 жылы басталып, үш жылда дайын болған «Ер Төстік және Айдаһар» мультфильміне 1 миллион 200 мың доллар жұмсалған. Наурыздың 21-і күні прокатқа шыққан фильм бір аптада 31,3 миллион теңге (207 мың доллар) пайда тапқан.

«Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмінің трейлері:
XS
SM
MD
LG