Мамырдың 26-сы күні Алматыда өткен сенбі күні жер мәселесіне қатысты рұқсатсыз жиынға шықты деген айыппен ел бойынша қамалғандар мен қудалауға ұшырап жатқандарды қорғау мақсатында бір топ құқық қорғаушы, саясаткер мен журналист «Араша» комитетін құрды.
Оған Евгений Жовтис, Рысбек Сәрсенбай, Гүлжан Ерғалиева, Ермұрат Бапи, Жарылқап Қалыбай, Әміржан Қосанов, Маржан Аспандиярова, Жанболат Мамай мен Инга Иманбай сынды қоғамдық белсенділер кірген.
- Қазір Қазақстанда репрессиялық жағдай болып жатыр. Ондаған адам әкімшілік жазаға тартылып, қамауда отыр. Атырауда қылмыстық іс қозғалып, 8 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғалы отыр. Осындай жағдайда біз комитет құру керек деп шештік, - деді Жанболат Мамай Азаттыққа.
Бұдан бөлек, жер мәселесіне қатысты пікірін айтып, қамалған азаматтарды босатуды сұрап бір топ азаматтық белсенділер президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық хат жазды. Қазірге дейін ол хатқа жүзден аса азамат қол қойған. Соның бірі тәуелсіз журналист Рысбек Сәрсенбай президент Нұрсұлтан Назарбаевтың назарын қазіргі болып жатқан оқиғаларға аудару керек деп санайды.
- Әрине құқыққорғау органдары есеп береді, баяндайды, айтады, ал олар [президентке] қалай жеткізеді? Мәселен, өткенде ішкі істер министрінің орынбасары «ешқандай митинг болған жоқ» деді. Жанындағы адамдар мен ақпарат құралдарының барлығы заңды («Жер кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң» – ред.) жақтаған сияқты ғана жеткізетін болса қауіп сейілмейді. Жұрт не үшін алаңға шықты? Оны ешкім ұйымдастырған жоқ, әркім өзінің көңіліндегі алаңдаушылығын білдірді. Ал оны президент білмесе ше? Сондықтан біз ашық хатпен елдегі наразылықты жеткізіп, қамауда отырғандарды босатуды сұраймыз, - деді Рысбек Сәрсенбай.
ҚАМАУДАҒЫЛАР
Жер реформасына қатысты наразылығын әлеуметтік желіде білдіріп, елде митинг өткізу керектігін айтқан белсенділерді полицияға шақырту мен жауапқа тарту мамырдың 17-сінен басталған. Белсенділердің көпшілігі митинг өтпей жатып мамырдың 20-сына дейін әкімшілік жазаға тартылып, 10-15 тәулікке қамалды. Азаттықта бар ақпарат бойынша жер дауына қатысты қазір қамауда отырған белсенділердің жалпы саны – 29.
Қамаудағы белсенділер
Қамаудағы белсенділер
Жер мәселесіне қатысты наразылық кезінде қамауға алынған белсенділер (27 мамыр күнгі есеп)
- Айболат Бөкенов
- Аслан Құрманбаев
- Бақытжан Төреғожина
- Бауыржан Әліпқалиев
- Біржан Мұратбеков
- Ғатауғали Бохан
- Данияр Құлтаев
- Жанат Есентаев
- Жадыра Дүйсенбекова
- Исатай Өтепов
- Ибрахим Әлсерке
- Кенжебек Сұлтанбеков
- Қасым Қожантаев
- Қуат Күнболатов
- Қуаныш Сұлтанәли
- Құрманғазы Рахметов
- Лұқпан Ахмедьяров
- Макс Боқаев
- Мақсат Ілиясұлы
- Манас Әбдіманап
- Марат Уатхан
- Махамбет Әбжан
- Мөлдір Адылова
- Нұржан Тоқтаев
- Сағынғали Қапизов
- Серікқали Қасымов
- Сүйіндік Алдабергенов
- Талғат Аян
- Фарит Ишмухаметов
Жер мәселесіне қатысты пікірін білдіріп, 15 тәулікке қамалған бірнеше азаматты қорғап келе жатқан адвокат Жанар Балғабаева сот процестерінде заң бұзылып жатқанын айтады.
- Қорғауымдағы Бақытжан Төреғожинаның (алматылық құқық қорғаушы – ред.) бейбіт шеру өткізу мен пікірін ашық айту құқығы бұзылды. Ал оған қатысты сот процесінде процессуалдық заңбұзушылық – қамау уақыты Төреғожинаны «ұстағаннан бастап емес, оған үкім шыққан сәттен бастап» деп көрсетілді. Бақытжанды түскі 15-тер шамасында ұстаған, ал хаттаманы кешкі 18-де толтырып, сот процесі түнгі 12-ге таман өтті, - деді адвокат.
Оның сөзінше, қорғауындағы Бақытжан Төреғожина, Марат Уатхан, Сүйіндік Алдабергенов, Мөлдір Адылова пен Қуат Күнболатовтардың ешқайсысына қатысты берілген апелляциялық шағым қанағаттандырылмаған. Тек Сүйіндік Алдабергеновтің ісінде «қате кеткен қамау уақыты түзетілген».
- Егер сот қамалғандарды босатқысы келсе, апелляциялық шағымдарымызды қанағаттандырар еді, олай болған жоқ, сондықтан олардың 15 тәулігін толығымен өтеп шығудан өзге амалы жоқ, - деді адвокат.
Жанар Балғабаева қорғауындағы азаматтардың ісіне қатысты Қазақстанның өз ішіндегі барлық инстанцияларға арызданып болғасын БҰҰ адам құқығы жөніндегі комитетке шағым түсіретінін айтты.
РЕСМИ ЖАУАП
Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченконың мамырдың 21-і күні мәлімдеуі бойынша, заңсыз митингіге шақырған 40-қа жуық белсенді әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Бүгінгі күні 40-қа жуық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мен дәл осынша адамның ұсталғанын баса айтқым келеді. Әлеуметтік желідегі 400-500 адамның ұсталғаны жайлы ақпарат шындыққа жанаспайды. Біздегі сенімді ақпараттар бұл адамдардың 21 мамырға, яғни бүгінгі белгіленген заңсыз акцияны бастаушы әрі ұйымдастырушы болғандығын дәлелдейді» деді ол.
Оның айтуынша, қамалғандар митинг өткізуге рұқсат етілмегенін біле тұра оны ұйымдастыру үшін белсенді жұмыстар жүргізуді жалғастыра берген. Прокурорлар тарабынан заңды бұзбауға шақырған әңгімелерге құлақ аспаған.
Мамырдың 21-і күні ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеxа да «заңсыз митинг ұйымдастырмақ болған» бір топ адамның ұсталғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Астанадағы «Бәйтерек» ескерткішінің маңында митинг өткізу үшін өтініш берілген. Қала басшылығы оған рұқсат бермеген. Сондықтан Астанадағы митингілер мен шерулер заңсыз деп танылған. Ал Алматыдағы жағдайға қатысты ол: «Алматыда заңсыз митинг болған жоқ. Жиналмақ болды, бірақ оның да алдын алдық. Онда адамдар өте аз болды. Нақты айта алмаймын, бірақ шамамен 20-30 адам жиналыпты. Бірақ олардың көбі митинг өтіп жатқанын, оның заңсыз екенін де білмеген, жәй ғана көруге, тыңдауға келген. Олардың барлығы жіберілді» деген.
Мамырдың 21-і күні үкіметтің ауыл шаруашылық жерлерін жалға беру және сату тәртібін өзгерту туралы жоспарына наразы белсенділер Қазақстанның бірнеше қаласында стихиялық қарсылық шараларын өткізген. Алматы қаласында полицияның арнайы жасақтары көшеге шыққан жүздеген адамды қала орталығына жібермей, ондаған адамды арнайы көлікпен бөлімшелеріне апарып, бірнеше сағат ұстаған. Олардың ішінде 50 шақты журналист болған. Жер мәселесіне қатысты алғашқы ірі митинг сәуірдің соңында Атырау қаласында өткен еді. Мұндай азаматтық белсенділіктен соң үкімет қасынан жер реформасын талқылау комиссиясы құрылған. Бірақ кейбір қоғамдық белсенді құрамын үкімет анықтаған комиссия жұмысына қатысудан бас тартқан.