Павлодар тұрғыны Қанат Аяпбергенов 25 гектар жерден қанша көкөніс өнім түсетінін шамалап қойған болатын. Фермер қаладағы үйінен 20 километр жерде орналасқан жер теліміне сәбіз бен картоп еккен.
- Былтыр егіс науқаны алдында жерді мұқият жыртып, тыңайтып, әбден күтіп-баптадық, сосын көкөніс тұқымын септік. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алдым, бірақ маусым айында маған «бұл сенің жерің емес» деді, - дейді Қанат Аяпбергенов.
Жерді бұрынғы қожайынның иелігінен алу процедурасы дұрыс рәсімделмеген болып шықты. Әлгі жер біраз уақыт пайдаланылмай бос жатқан, сондықтан Павлодар облысының солтүстік-шығысындағы Павлодар ауданы әкімдігі оны аукционға шығаруды ұйғарған.
2015 жылдың көктемінде Қанат Аяпбергеновтің кәсіпорны 25 гектар жер телімін 10 жылға жалға алу құқығын жеңіп алған. Ол әлгі жерді бір жылдан кейін сатып алуына болатын еді. Фермер жалға алған жер үшін ақша төлемеген, бірақ лизингке алған ауыл шаруашылығы техникасы үшін жыл сайын 7,5 миллион теңге төлеуі тиіс. Жерден айырылған шаруа қожалығы басшысы «мойныма алған міндеттемені енді қалай орындайтынымды білмеймін» дейді.
- «Ақша бер немесе қарызымды жабуға көмектес» деп мемлекетке алақан жайып отырған жоқпын ғой. Тек жұмыс істеуге мүмкіндік беріңдерші, маған басқа ештеңе керек емес. Қол-аяғым сау, бәрін өзім істеп аламын, қызметкерлерімді де жалақысыз қалдырмаймын. Біреулердің салақтығы үшін неге біз шығынға батуымыз керек? Әлгі жерді өңдеп, баптауға 5 миллион теңгеге жуық ақшам кетті, – дейді ашынған фермер.
Жердің бұрынғы қожайыны – «Адис» жекеменшік фирмасы жерді пайдалану құқығын мәлімдеп қана қоймай, сотта өз пайдасына шешім шығартқан. Павлодар облысы әкімдігі өкілі Олег Барабаштың айтуынша, 2015 жылдың шілдесінде Павлодар аудандық прокуратурасы әкімдік «Адис» фирмасынан жерді заңсыз алған деген қаулы шығарған.
25 гектарды Аяпбергеновтің фирмасына жалға берген аукцион нәтижесінің күші сол кезде жойылған. «Бұл кімнің қателігі?» деген сұраққа әкімдік өкілі «жергілікті атқарушы орган - Павлодар ауданы әкімдігінің қателігі» деп жауап берді. Аудан әкімдігі өкілі әлгі жерді аукционға шығарудың қате болғанын мойындағанымен, «Енді Қанат Аяпбергеновтің шығынын кім өтейді?» деген сұраққа жауап бере алмады.
Ал «Адис» фирмасы өз талабының заңды екеніне сенімді. Фирма өкілдері «жерді заңсыз тартып алған соң сотқа бергенбіз, сол арада жерді өзге фирмаға беріп жіберіпті» дейді.
- Бұл жер біздікі, қолымызда сот шешімі бар. Қанат Аяпбергеновтің зардап шеккені өкінішті, бірақ мына жағдайда оған еш көмегім жоқ... Жерді әу бастан саудаға салмауы керек болатын. Әкімдік бізден алып, оған берген. Заң бойынша әуелі жалға беру келісім-шартын бұзулары тиіс еді, ал олар мұны істемей, күші баяғыда жойылып кеткен қаулысын ғана жойған, - дейді фирма директоры Аман Симамбаев.
Жергілікті фермер Қанат Аяпбергенов бірнеше сотта жеңілген. Енді ол жоғарғы сотқа шағымданбақ. Павлодар аудандық әкімдігі оған келесі жер аукциондарына қатысуды ұсынған. Бірақ фермер «Уақытымды, ақшам мен күшімді тағы жоғалтпасыма кім кепіл?» дейді.