Accessibility links

Алтынемел паркінде жер үлестіру тоқтатылды


Алтынемел қорығындағы құландар. Алматы облысы, 30 наурыз 2012 жыл.
Алтынемел қорығындағы құландар. Алматы облысы, 30 наурыз 2012 жыл.

Алтынемел ұлттық паркіндегі жер үлестіруге байланысты өрбіген жанжалдан кейін арнайы комиссия құрылды. Сирек кездесетін жабайы жануарлар мен өсімдіктер бар жерде мал жаюдың қорық болашағына әсерін енді ғалымдар анықтауы тиіс. Ал жергілікті билік жердің бір бөлігінің аукционда фермерлерге сатылғанын мәлімдеді.


Алтынемел ұлттық паркі аумағының бір бөлігі, құжат бойынша, Алматы облысы Кербұлақ ауданы әкімдігінің жер қорына тиесілі. Жергілікті әкімдердің фермерлерге жер сату туралы шешіміне парк қызметкерлері де таңданып отыр.

ЖАЙЫЛЫМҒА ТАЛАС

Мамандар «егер құлан мен қарақұйрықтың байырғы жайылымында үй жануарлары жайылса, жабайы жануарлар құрып кетуі мүмкін» деген болжам жасайды. Бұл жер тастақ болғандықтан шөбі сұйық, сондықтан өзі жұтаң шөп қорықтағы жабайы аңдардың қорегіне әзер жетеді.
Мұрат Сыдығалиев, "Алтынемел" ұлттық қорығының қызметкері. Алматы облысы, 30 наурыз 2012 жыл.
Мұрат Сыдығалиев, "Алтынемел" ұлттық қорығының қызметкері. Алматы облысы, 30 наурыз 2012 жыл.

Алтынемел қорығының қызметкері Мұрат Сыдығалиев Азаттық радиосының сауалына:

- Бұл жайылымдар малдың өрісіне айналса, жабайы жануарларға түрлі ауру жұғуы мүмкін. Жабайы жануарларға екпе жұмыстарын жүргізбейтіндіктен біз бұл қауіпті қадағалай алмаймыз. Жануарлар арасында жайылымға талас туып, адамдар арасында мүлік дауы басталады. Мұның бәрі Қызыл кітапқа енген жануарларды көбейтуге кері әсерін тигізуі мүмкін, – деп жауап берді.

ДАУЛЫ ЖЕРЛЕР КІМГЕ ҚАЖЕТ?

Кербұлақ ауданы әкімдігі ұлттық парк қызметкерлерінің қаупін жоққа шығарып отыр. «Қызыл кітапқа енген жануарлар ығысып, сиыр, қой-ешкі, жылқыға орын босатса, өрісі тарылмайды» деген уәж айтады шенеуніктер.

Аудан әкімінің орынбасары Кеншібек Сұлтанбеков «Малдың өрісін кеңейтетін жер жоқ деп жиналыс сайын шағымданғасын, шаруаларға жер пайлары үлестірілген кезде оларға мына пай бөлінді» дейді.

Алматы облысының орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы мамандары «бұл жанжалға үкімет араласуы тиіс екенін, Қазақстанның мақтанышы Алтынемел ұлттық паркін сақтап қалу міндетін мемлекет деңгейінде шешу қажеттігін» айтты. Инспекция бастығының орынбасары Бауыржан Асылжанов:
Алтынемел қорығында жайылып жүрген жабайы жануарлар. Алматы облысы, 30 наурыз 2012 жыл.
Алтынемел қорығында жайылып жүрген жабайы жануарлар. Алматы облысы, 30 наурыз 2012 жыл.

– Алтынемел ұлттық қорығының аумағын кеңейту мәселесі үкіметтің 2011-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» бағдарламасына енген. Осы бағдарламаға сәйкес, бұл жерлердің есебінен ұлттық бақтың аумағы ұлғаюы тиіс, – дейді.

Аты-жөнін атамауды өтінген парк қызметкері «даулы жерлер шаруаларға емес, әлдебір олигархтарға керек – олар мұнда саятшы үйлерін тұрғызып, жабайы жануарларды ауламақ» деген пайым айтты.

ҒАЛЫМДАР АРАША ТҮСТІ

Қорыққа тиесілі жерлерді сатуға ғалымдар да қарсылық білдірді. Биолог-ғалым Наталья Огарь қорық иелігіндегі жерлерді сақтап қалу мақсатында жазған хатында: «Өсімдіктер дүниесінің эндемикалық және реликт түрлерінің көлемі жөнінен Қазақстанда бұл аумаққа тең келер жер жоқ. Оны қорғауды қолға алу - өңірегі биологиялық алуантүрлілік пен өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің тектік қорын сақтап қалу үшін аса маңызды. Аласа таулы беткейлер - құлан, қарақұйрық секілді жабайы жануарларға үшін таптырмас жайылым. Қорықтың осы күнгі аумағында бұған ұқсайтын басқа жайылым жоқтың қасы» дейді.

Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнәр Ситпаева «Өсімдік түрлерінің алғашқы сипаттамасына байланысты бұл аумақ – ботаникалық зерттеулердің классикалық нысаны. Іле ойпатының өзгеше флорасы мен фаунасының ботаникалық құндылығы Алтынемел ұлттық қорығын құруға негіз болды. Сондықтан бүкіл аумақ қорықтың құрамына енуі тиіс» деген тұжырым жасайды.
Алтынемел қорығында жайылып жүрген жануарлар. Алматы облысы, 30 наурыз 2012 жыл.
Алтынемел қорығында жайылып жүрген жануарлар. Алматы облысы, 30 наурыз 2012 жыл.

Қорықтың жерін жайылым ретінде үлестіру ісі мамандардың талабымен құрылған комиссия жұмысын аяқтағанға дейін тоқтатылды. Ғалымдар жерді жеке адамдарға мал жаю үшін үлестірудің қорық болашағына қалай әсер ететінін анықтап, даудың шешімін айтуы керек.

Қазақстандағы аса ірі табиғи парктердің бірі – Алтынемел 1996 жылы құрылған. Онда өсімдіктің 1800 түрі, омыртқалы жануарлардың 200-ге жуық түрі бар. Алтынемелді Қызыл кітапқа енген ақ сусар, құлан, қарақұйрық, арқар, Бұқар маралы, сілеусін, Тянь-Шань қоңыр аюы және Пржевальский жылқысы мекендейді.
XS
SM
MD
LG