Accessibility links

Аутист балаларға көмектесу ісі кемшін екені айтылды


Аутизммен ауыратын балалар мен отбасыларын қолдау шарасы кезінде ойнап жүрген бала. (Көрнекі сурет)
Аутизммен ауыратын балалар мен отбасыларын қолдау шарасы кезінде ойнап жүрген бала. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалар көбейіп барады. Бірақ ата-аналар «оларды қоғамға бейімдеуде айтарлықтай нәтиже жоқ» дейді.

Ақтөбе облысынан Астанаға жарты жыл бұрын көшіп келген Жұлдыз (толық аты-жөнін атағысы келмеді) аутизммен ауыратын алты жастағы баласын аулада еркін ойната алмай жүргеніне мұңаяды.

– Қазір оны аулада ойнату мүмкін емес. Есік алдына алып шықсаң, ата-аналар оны көре сала балаларын жақындатпай ала қашады, – дейді ана.

Жұлдыздың сөзінше, баласына дәрігерлер әу баста нақты диагноз қоя алмаған, сәбидің аутизмге шалдыққаны екі жарым жасқа толғанда ғана белгілі болған.

– Аутизмі анықталған соң ешқандай мекеме баламды емдеуге алғысы келмеді. Сосын амалсыздан Ресейге кетіп қалдым. Бір жарым жыл сол жақта емдеттім. Тілін шығарып, ежіктеп кітап оқитын халге жеткіздім, – дейді Жұлдыз.

«ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК ЖОҚ»

Аутизммен ауыратын балаларды қоғамға бейімдеу және инклюзивті білім беру мәселесінде, оларға психологиялық көмек көрсету ісінде кемшілік бар екенінбілім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Галимова да растайды. Оның сөзінше, елде баланың аутизммен ауыратынын неғұрлым ерте анықтау мен дер кезінде көмек көрсету жайы да кемшін түсіп жатыр.

Аутизм жайлы халықаралық семинарға қатысушылар. Астана, 4 қыркүйек 2015 жыл.
Аутизм жайлы халықаралық семинарға қатысушылар. Астана, 4 қыркүйек 2015 жыл.

– Аутист баламен ерте жаста ең алдымен психолог жеке жұмыс істеуі керек. Баланың коммуникациялық қабілетін арттыру қажет. Содан кейін барып қана баланы жалпыға ортақ балабақша мен мектепке жіберу шарт. Психологиялық көмек көрсету ісінде кемшіліктер бар. Ал бұл көмек – аутизмнің алдын алудың негізі, – деді Әлия Галимова 4 қыркүйекте Астанада өткен аутизм жайлы халықаралық семинарда.

Білім және ғылым министрлігі өкілінің сөзінше, Қазақстанның 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша даму мүмкіндігі шектеулі балалар жалпыға ортақ балабақша және мектептерде білім алулары шарт. Алайда елдегі аутизм сырқаты бар 1456 баланың 233-і ғана арнаулы мамандар үйіне барып оқып жүргенін айтқан министрлік өкілі «бұған арнаулы білікті маманның жетіспеушілігі себеп» деп түсіндіреді.

Бірақ Астана қаласының тұрғыны Анар Арыстанбекқызы бұл пікірмен келіспейді. Ол білім және ғылым министрлігінің даму мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелейтін мамандарды дайындау әрекетіне разы емес.

– Мен 2000 жылы Жетісу мемлекеттік университетіндегі педагогика факультетіне қарасты әлеуметтік социолог бөліміне оқуға түстім. «Осы мамандыққа жұмыс көп, әр мектепте дамуы кенже балаларға білім беріледі» деді сол кезде. Қызығып оқыдық, білім алдық. Бірақ диплом түкке жарамай қалды. Бірде бір мектеп онымен жұмысқа қабылдамады. Бір топта 20 бала бітірген едік, оның барлығы мамандықтары бойынша жұмыс таппай, жан-жаққа тарап кетті, – дейді Анар Арыстанбекқызы.

Мамандардың дерегінше, Қазақстан мектептері мен балабақшаларында инклюзивті білім бергісі келетін мамандар түрлі орталықтарда арнаулы семинарлардан өтеді. Бірақ мұндай семинарларға қатысқан мұғалімдерге тек сертификат беріледі. Олар арнаулы дипломдары болмаған соң, «инклюзивті білім беретін маман» түсінігі заңда жазылмаған соң қосымша айлық ала алмайды.

«АУТИСТ БАЛАНЫ ОҚЫТУҒА ҚАРЖЫ БЕРІЛМЕЙДІ»

Аутизм мәселесін талқылаған семинарға қатысушылардың бірі – инклюзивті білім беру жүйесінің сарапшысы әрі дәрігер Әсия Ризанова білім және ғылым министрлігі мен денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі арасындағы салалық мекемелердің жұмыстарында байланыс аз екенін айтты.

Балаларға диагноз қоюда методикалық түсіндірме жоқ, маман дайындайтын бағдарлама жазылмаған...

– Балаларға диагноз қоюда методикалық түсіндірме жоқ, маман дайындайтын бағдарлама жазылмаған, аутист баланы дұрыс қабылдауға қоғамда жеткілікті ақпарат жоқ, мүмкіндігі шектеулі баланы оқытқысы келетін мектеп пен балабақшаға қосымша қаржы берілмейді, – дейді Әсия Ризанова.

Сарапшының бұл сөзін өзін «әлеуметтік кәсіпкермін» деп таныстырған Бибісара Бейсенбаева да растайды.

– Астанадағы 5 мың шаршы метрлік ғимаратымда өз қаржыммен 500 орындық арнаулы орталық ашқым келген. Бірақ білім және ғылым, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрліктерінен не түсіндірме, не нақты бағдарлама талаптарын ала алмадым. Жоғары айлыққа жұмысқа шақыратын арнаулы маман таппай жүрмін, – дейді Бибісара Бейсенбаева.

Сарапшылардың пікірінше, аутизмге шалдыққан балалардың жалпы білім мекемесінде оқығаны дені сау оқушыға да тиімді болмақ. «Себебі дені сау балалар оларға қарап, шыдамдылық, адамгершілік, адамға түсіністікпен қарау мен бауырмалдықты үйренеді» дейді мамандар. Астанада өткен жиынға қатысқандар Қазақстанда аутизммен ауыратын балалардың қоғамға бейімделуі мен оңалу дерегін тіркеу жұмыстары әлі басталмағанын айтты.

– Бейімделуге аутист бала емес, қоғам дайын емес, – деп қорытты бұл мәселені талқылау семинарын ұйымдастырған «Болашақ» қорының төрайымы Динара Шайжүнісова.

Аутизммен ауыратын бала анасының қолынан ұстап отыр. (Көрнекі сурет)
Аутизммен ауыратын бала анасының қолынан ұстап отыр. (Көрнекі сурет)

Елдегі аутизммен сырқат мың жарымдай баланың бірінің анасы, мақаланың басында сөз болған Жұлдыз да ондай балаларға қатысты қоғамдық пікір өзгермей жатқанын айтады. Елде аутист балаларды қорғау мен қолдауға заңнамалық, техникалық, базалық жағдай жасалмағанына наразы ана ешкімнен көмек күте қоймайды.

– Аутизммен сырқат баламнан кейін екі бала туып алдым. «Ауру балаң тұрғанда несіне босандың?» деп елдің бәрі мені ақымақ санады. Ал мен не істейін? Ертең ержеткенде ауру балама солар қарамаса, кім қарайды? – дейді Жұлдыз.

Аутизм – көп жағдайда шығу тегі генетикалық деп сипатталатын, адамның әлеуметпен қарым-қатынас жасау қабілетін шектеп тастайтын, ми қызметі мен жүйке жүйесінің бұзылуынан туатын дерт. Бұл ауруға шалдыққан баланың көбі адам көзіне тіке қарамайды, денесіне қол тигізбейді, адаммен араласпай оңашалана береді, сөйлеу қабілеті жай дамиды.

Autism Speaks ұйымының мәліметінше, әлемдегі әрбір 88 баланың бірі аутизмге шалдыққан. Ал Қазақстанда аутизммен ауыратын балалардың саны 2003 жылдан бері отыз пайызға өсіп, мың жарымға тақаған.

XS
SM
MD
LG