Астанада әлеуметтік желілердің қолданушылары кездесіп, виртуалды тілдесуді шынайы әңгімеге айналдыратын, тіпті қонақтар тынығып, ұйықтап алатын антикафе пайда болды.
Келген адам антикафеде өткізген уақытына ғана ақша төлейді, ал тамақты үйден алып келуге болады. «Біздің орын» антикафесінің промоутері Ербол Кушугуловтың айтуынша, әзірге келушілер аз.
Келген адам антикафеде өткізген уақытына ғана ақша төлейді, ал тамақты үйден алып келуге болады. «Біздің орын» антикафесінің промоутері Ербол Кушугуловтың айтуынша, әзірге келушілер аз.
Мұнда келген клиентті «қонақтар емес, достар» дейді. Мекеменің концепциясында солай жазылған.
- Сіз осы жерге керек екеніңізді сезіну үшін ғана ақша төлейсіз. Біз сізбен әңгімелесіп, шай береміз. Мұнда тек жоғары сортты шай мен кофе бар. Алғашқы сағатта бір минут демалыс құны 10 теңге, бір сағат 600 теңге (4 доллар), одан кейінгі сағаттардың минуты 5 теңге. Егер екі сағат демалсаңыз, 900 теңге төлейсіз. Есесіне, 2 сағат толық демаласыз, - деді Ербол Кушугулов.
Антикафенің ерекшелігі - спирттік ішімдікке тыйым салынған. Әсіресе, күндізгі уақытта. Промоутердің айтуынша, мұнда тек жиі өтетін тақырыптық кештерде, оның өзінде кешкі 23:00-ден кейін жеңіл алкогольге рұқсат етіледі.
Ербол Кушугуловтың пікірінше, антикафені спирттік ішімдіксіз бәсекеге қабілетті етіп ұстап тұру қиын. Алайда ол бұл «ережені» жеңіп шығатындарына сенеді.
- Әрине, алкоголь - жақсы табыс көзі. Көптеген кафелер табыс қуамыз деп тартымдылығын жоғалтып алады. Бізде (Қазақстанда - ред.) ішімдік мәдениеті жоқ, алкогольсіз демалыс мәдениеті тиісті деңгейде дамымаған. Егер адамдар бас қосатын болса, міндетті түрде ішімдік болады. Бұл бізде қалыптасып қалған, оны бір ғана демалыс орнымен немесе жалғыз идеямен жеңе алмайсың, - деді ол.
Промоутер «Мұндай демалыс орны Астана тұрғындары үшін таңсық көрінуі мүмкін, тіпті, барлық қазақстандықтар үшін де солай. Алайда батыста бұған ешкім таңғалмайды» деген ойын айтты. Осыған ұқсас «Бабочки», «Хронограф» сияқты орындар Ресейде де бар. Олар тек Мәскеуде ғана емес, Қазан, Челябинск, Новосибирь, Тюмень және Владивосток сияқты қалаларда да ашылған.
Антикафенің администраторы Әсел Аманованың айтуынша, мұнда келетін қонақтар өз үйінде жүргендей болады.
- Олар бұл жерде біздің кеңесшілерімізбен ойын ойнап қайтады. Мысалы, «Мафия» ойыны. Егер қонақтардың біреуі би білсе, оны өзге біреуге осында үйретуіне болады. Қызметінің ақысын өзі алады. Сол сияқты, массажға да, йога жаттығуларына да - бәріне мүмкіндік бар, - деді Әсел Аманова.
Ербол Кушугуловтың пікірінше, «Біздің орында» хабарландыру тақтасы бар. Сол жерге телефон нөміріңізді, мекен-жайыңызды жазып, кейін кездесу ұйымдастыруға да болады.
- Оған қоса біреуге бір нәрсе беруге келсеңіз немесе үйрететін болсаңыз, біз сізден ешқандай ақша алмаймыз, - дейді Ербол Кушугулов.
АСПАЛЫ ТОР
Алматылық Антон Цой антикафе туралы достарынан естіген. Оған мұндағы аспалы төсек ерекше ұнаған екен. Бұл жерде аспалы төсекте демалып қана қоймай, ұйқыңызды қандыруға да мүмкіндік бар. Қонақтардан ұйықтағаны үшін ақша алынбайды.
Антон Цой сальса биінен сабақ береді. Астанада тұрып жатқанына бірнеше жыл болған. Оның ойынша, Алматыда осындай демалыс орны ашылса, келетіндер көп болады. Ал Астанада жұрттың бой үйретуі үшін кем дегенде жеті ай қажет. Қазір жастардың арасында салауатты өмір салтын ұстанатындар көп, ал бұл жер дәл соларға арналған.
- Қазір ішімдік сәннен кетті. Темекі шекпеу - заман талабы. Қазір жігіттер спортпен шұғылданып, мәдениетті болса, оған қоса, темекі шекпесе, арақ ішпесе - мәртебесі биік, абыройлы болады. Табысқа жетіп, бәріне үлгеретін беделді азаматқа айналады, - дейді Антон Цой.
Оның айтуынша, осындай демалыс орындары әлеуметтік желідегі топтар үшін де тиімді. Бір мезгіл жүздесуге қолайлы.
ВИРТУАЛДЫ - ШЫНАЙЫ ЕМЕС
Промоутер Ербол Кушугуловтың пікірінше, антикафенің басты міндеті - интернеттегі жастарды жүздестіру. Антикафеде «Вконтакте» әлеуметтік желісін пайдаланатындардың тобы құрылып үлгерген. Олар алда болатын оқиғалар жайында хабар таратады. Ал мұнда келіп жүзбе-жүз танысады, әңгімелеседі. Бұл топтағы адам саны 600-ден асады.
- Жастар қазір серуендеп қайтудан гөрі интернетті, виртуалды әңгімені жақсы көреді. Кездесулері - сирек. Кездескен жағдайда ұзақ әңгімелеспейді. Тіпті, олар кездесіп, үстел басында отырған күннің өзінде ұялы телефондағы Twitter қосулы тұрады. Міне, біз соларға бетпе-бет тілдесудің мүмкіндігін ұсынып отырмыз. Олар таныссын, жаңалықтарымен бөліссін, - дейді Ербол Кушугулов.
Оның айтуынша, кездесулер мен ойындардан бөлек, антикафеде түрлі оқу, жаттығулар өтеді. Олардың құны осында өткен уақыттың есебіне кіреді.