Астананың сол жағалауының шетіндегі бірқатар тұрғын үй кешенінің тұрғындары үй маңындағы көшеде асфальт жолдың жоқтығына наразы. Бастаған құрылысын аяқтамаған компанияны сотқа берген әкімдік жұмыстың сотттан кейін барып жалғасатынын айтады.
Астананың сол жағалауының шетінде 2015 жылы салынған үйлерге бұрын қаланың ескі бөлігінде тұрған, кейін үйлері бұзылған тұрғындар қоныстанған. Өздерінің айтуынша, басында жаңа ауданның абаттандырылмай жатқанына түсіністікпен қараған: жасыл желек жоқ, көшедегі жарық жанбайды, көшеге асфальт төселмеген.
Содан бері үш жыл өтті, «Жағалау» ауданының тұрғындары үйлерінің маңында дұрыс жолдың жоқтығына алаңдайды.
«ҚАЙТАДАН ҚАЗЫП ТАСТАДЫ»
Жомарт Дүйсенбеков Е-10 көшесіндегі төртінші үйде 2015-жылдан бері тұрады. Үйдің өзі де сол жылы пайдалануға берілген болатын. Оның сөзінше, үш жылдан бері ештеңе өзгермеген. Астана тұрғыны былтыр президент Нұрсұлтан Назарбаев осы аудандағы жолдарға назар аударғанда жақсылықтан үміттенгенін айтады.
- ЭКСПО-ның ашылуына екі апта қалғанда президент келді, жолды көріп, әкім Исекешевке мәселені шешуді тапсырды. Кейін үйдің алдында үш-төрт күн асфальттау жұмыстарын жүргізіп, тұрақ салды. Қазір осы маңайдың бәрін қайтадан қазып тастады. Екі ай болды, еш нәтиже жоқ, - деді Жомарт Дүйсенбеков Азаттық тілшісіне.
Татьяна Акулова да тұрғын үй қолданысқа берілгеннен бері тұрып келеді. Ол мүгедек немересіне қарап отыр. Зейнеткердің айтуынша, баланы медициналық процедураға апару өте қиын.
- Баламыз мүгедек. Оны жиі ауруханаға апару керек. Ол үшін жақсы жол керек. Арбамен алып шығып, көлікке жеткізу қиын. Дұрыс жол болған емес. Мында бір тілімін жасап қойды. Биыл оны алып тастады, енді үйге жету мұң боп тұр. Жаңбыр жауғанда мұхитқа айналады, бәрі жүзіп жүреді, - дейді Татьяна Акулова.
БАСТАЛЫП АЯҚТАЛМАҒАН ҚҰРЫЛЫС
Мамырдың 20-сы күндері Е-10 және Е-30 көшелерінде жолды жөндей бастады: топырақты тегістеп, қиыршық тас әкеп төкті, жолға бордюр қойды. Бірақ, жергілікті тұрғындардың айтуынша, бірнеше аптадан соң жұмыс тоқтап қалған, енді жол телімі кедергісі бар жүгіру жолына ұқсап тұр. «Жағалау- Сервис-2» пәтер иелері кооперативінің (ПИК) директоры Жәнібек Жақыпбековтың айтуынша, жолды жөндеуге жауапты қосалқы мердігерлік ұйым бригадирімен сөйлескенде мәселе туындағанын айтқан.
- Бригадир жолға арналған құрылыс материалына қатысты мәселе туындады деді, материал болған бетте бастайды, әзірше жұмыс тоқтап тұр, - деді ПИК директоры Азаттыққа.
«Құлагер» тұрғын үй кешенінде 464 пәтер бар, орта есеппен әр отбасында бір көлік бар. Жолды қазып тастағандықтан бұрын көлігін үй қасына қоятын автокөлік иелері енді аулаға қоятын болды, бұл тұрғындардың өздеріне қолайсыз. Жәнібек Жақыпбеков асфальттің жоқтығынан көшедегі балшықтың бәрі автокөлік дөңгелегімен аулаға келеді дейді, солайша үйдің кіреберісіне де енеді, тұрғындар антисанитария деп шағымданады.
- Үй маңындағы көшелерге асфальт салса, көлікті сонда қалдыруға болатын еді. Автокөлікті аулаға мүлдем кіргізбеу үшін шлагбаум қояр едік, - дейді Жақыпбеков.
Ол жол мәселесін әкімдіктегі кеңесте бірнеше рет көтергенін, олар әзірге мәселені шешеміз деп уәде берумен келе жатқанын айтады.
ЕНДІ ӘКІМДІКТІҢ МЕРДІГЕРМЕН СОТЫ БАСТАЛАДЫ
Азаттық сұрауына жауап берген астаналық көлік және автокөлік жолы басқармасы Е-10 және Е-30 көшелеріндегі құрылыс-монтаж жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланғанын айтты. Жолдың бұл теліміне «SCC company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты болған.
Алайда «мердігерлік ұйым жұмыс өндірісі кестесін бұзғандықтан, басқарма сот органына талап арыз түсіріп, аталған мердігерлік ұйымды жауапсыз деп тануды сұраған, онымен шартты бұзуды талап етті», - делінген басқарма хабарламасында. Онда Е-10, Е-30, Е-15 және Е-25 көшелеріндегі құрылыс жұмыстары «сот процесі аяқталған соң» жалғасады деп жауап берді.
Астананы тұрақты дамытуға арналған кеңес отырысында қала әкімі Әсет Исекешев айтқан ресми деректер бойынша, Астанадағы барлық жолдың мәселесін шешу үшін триллион теңге шамасында қаражат керек. Әкімдік хабарлағандай, Астана шетін дамытуға бағытталған «Шетсіз қала» концепциясы 2008 жылы қабылданған. Құжатта қаланың 20 тұрғын үйін абаттандыру жоспарланған. Қала өсіп келе жатқандықтан он жылда концепцияны бірнеше рет түзетті. Астананың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасында «Шетсіз қала» концепциясы аясында әкімдік 2018 жылы билік асфальт салып, 91 көшені жөндеуге уәде берді. Оның ішінде Е-10 және Е-30 көшелері де бар.
ПІКІРЛЕР