Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шілденің 6-сы күнгі мерекелік шаралар кезінде қала күні мен өзінің туған күнін «мерекелеуге сылтау емес, қорытынды шығаруға берілген мүмкіндік екенін» айтты. Оның сөзінше, мерейтой өзі үшін жеке мереке болған кезең «әлдеқашан өтіп кеткен».
- Менің барлық жұмысым мен өмірім елмен байланысты. Мен үшін Қазақстанның, астана мен әрбір аймағының жаңа жетістіктерінен артық құттықтау жоқ, - деді Қазақстан президенті.
«НАЗАРБАЕВТЫҢ АРҚАСЫНДА...»
Бірақ қазақстандық саясаткерлер мен танымал тұлғалар ресми ақпарат құралдарында жарияланған Астананы құттықтауларында бұл қала Назарбаевтың «батыл ойының нақты іске асуы» екенін айта кетуді де ұмытқан жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов Астананы «Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің жеңісі мен тірегі әрі ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл ой-ниетінің шындыққа айналуы» деп атады.
«Астана Назарбаевтың арқасында Қазақстан тарихы мен мәдениеті заманауи технологиямен өрілген әлемдегі әдемі қалалардың біріне айналды» деді Даниал Ахметов.
Ал Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов президент Назарбаевтың «еуразиялық құбылыс жасап, Астананың бейнесінде Шығыс пен Батыстың мәдениеті мен сәулеті үйлесімді түрде тоғысқанын" айтты.
«Астанамыз әлемдік масштабтағы алаңға айналып, елдер мен конфессияларды жақындастырды. Астана мемлекетіміздің бейбіт сүйгіштік және жасампаздық саясатының, оның қарқынды дамуының, тұрақты болашағының, қазақстан халықтарының өзара түсіністігі мен ынтымағының іске асуы болып саналады» деді ол.
«СИРЕК АДАМНЫҢ БІРІ - БІЗДІҢ ПРЕЗИДЕНТ»
Астана күні - шілденің 6-сы қарсаңында ресми ақпарат құралдары ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ұлт көшбасшысы болып қалыптасу жолындағы қиындықтары» мен «жеке бас қасиеттері» туралы мақалаларды да жиі жарияланды.
Парламент сенаты төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Казахстанская правда» басылымында 4 шілдеде жарияланған «Титан» атты мақаласында әлемдік тарихтың нағыз көшбасшылардың «болашағы бар міндеттер мен мақсаттарды дұрыс түзіп, қандай қиындықтарға қарамастан оларды іске асырудағы ерекше қабілетімен ерекшеленетініне» куә екенін айтады.
«Жаратушы мұндай стратегтік қабілетті барлық саясаткерге және әрбір мемлекет басшысына бермеген. Қазіргі әлемде мұндай қабілетке ие сирек адамның бірі – біздің президент. Қазір шынайы стратегиялық ойлау қабілетіне ие жетекшілердің тапшы екені өкінішті» дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақын Олжас Сүлейменов те «Казахстанская правда» газетіндегі «Золотое сечение» деп аталатын мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев жайлы айтқан.
«Сауатты интернационалдық саясатыңыздың нәтижесінде сіз математиктер алтын қима деп атайтын табысқа жеттіңіз. Санмен айтсақ, бұл 50 де 50 емес, көпшілік күтпеген 62 де 38! Таяуда мен газеттен елімізде қазақтардың саны 62 пайызға жеткенін оқыдым. Біз дамуымыздың 25 жылында жақындаған алтын қима – ұлы саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси өнері арқасында қол жеткізген табысымыз» дейді Олжас Сүлейменов.
Кезінде Қазақстанның премьер-министрінің орынбасары кезінде Назарбаевпен жақын қарым-қатынаста болған, қазір Ресей тауар өндірушілері одағының президенті қызметін атқаратын Олег Сосковец те ел президенті жайлы пікір білдірген.
«Бүкіл әлем қазақстандықтардың таңдауын бірауыздан мақұлдады... Қазақстан президентінің мерейтойына байланысты оның бұрынғыдай өзіне өте талапшыл болып қалатынын және көп жұмыс істейтінін әрі әлемдік саясатта мойындалған саясаткер екенін айта аламын» дейді биылғы Қазақстан президенті сайлауында ТМД бақылаушылар миссиясын басқарған Олег Сосковец «Казахстанская правда» басылымында жарияланған материалда.
Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімді 1994 жылы шілденің 6-ы күні Жоғары кеңес қабылдаған. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілген. Бастапқыда маусым айында аталып өтілетін Астана күні 2008 жылдан бері Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне – шілденің 6-сына ауыстырылып, Қазақстанда мемлекеттік мереке болып жарияланған.
Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылдан бері Қазақстан президенті қызметін атқарып келеді. Ол 2015 жылы сәуірде өткен мерзімінен бұрын президент сайлауында ресми мәлімет бойынша сайлаушылардың 97,7 пайыз дауысын жинап, кезекті бес жыл мерзімге сайланған. Қазақстан конституциясында бір адамның қатарынан екі реттен артық президент болып сайлана алмайтыны айтылған. Бірақ бұл шектеу Қазақстанның алғашқы президентіне жүрмейді. Назарбаевтың өзі бұған дейін сайлаушылардың мұндай жоғары пайыз дауысына ие болуын «қалыптасқан ұлттың ынтымақпен алға секіруі» деп атаған.
Елде 2011 жылдан бері 1 желтоқсан - "Қазақстан республикасының тұңғыш президенті күні" ретінде тойланады.