Accessibility links

Балғынбек пен Аманжолдың айтысы


Айтыскер ақын Балғынбек Имашев. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.
Айтыскер ақын Балғынбек Имашев. Алматы, 22 наурыз 2010 жыл.

«Тәуелсіздік тағылымы» деген тақырыпта Астанада өткен айтыстың үшінші күнгі финалдық кезеңінде ақындар Аманжол Әлтаев мен Балғынбек Имашев айтысты.


Шешуші кезеңдегі жұптың бірі болған екі ақын президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, Астанаға және осы қалада 2010 жылы желтоқсанның басында өткен ЕҚЫҰ саммитіне қатысты жылы сөздер айтты.

Ақын Балғынбек Имашев қазірде шетелде тұрып жатқан Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновты сөзге қосты.

– Басыңнан сұрағандай балғын бақты,
Бөрік деп ем ренжіп қалдың қатты.
Алты арыстың ішінде орта жүзде,
Апыр-ай, болады екен арғын қатты.
Қайын жұртқа бөрікті тіктіріп ал деп,
Босап қалған шелегін салдырлатты.
Шығысқа өткен жылы барып едім,
Жауғанын сонда көрдім қардың қатты.
Қансонарда шықсам да із таппадым,
Қанжығам майланбастан әр күн батты.
Алтын кенді Алтайдан Храпунов,
Алып кеткен секілді бар қымбатты.
Алтынның сыртқа кеткен есебі жоқ,
Бәлкім, бұл болмағандық заңның қатты.
Ұшаққа тиеп тұрып ұшып кетті,
Ешкім де шеше алмай жүр сол жұмбақты.
Храпунов Ләйла апамның мүлкі түгіл,
Алтайда қызыл түлкі қалдырмапты, – деп жырлады Балғынбек Имашев.

Ал Аманжол Әлтаев Қазақстанның Тәуелсіздігін сөз етті.

– Азаттықтың жолында Хан Кенелер,
Жүрегін намыс кернеп, жалын керген.
Алаштың ай маңдайлы арыстары,
Азаттықтың жолында жанын берген.
Сен болсаң құлағыңды сөз қыласың,
Айтысқа шықтым десем жалынды ермен.
Осынау тәуелсіздік айтысында,
Аяйтұғын неңіз бар барыңды елден.
Апыр-ау, тәуелсіздік жарысында,
Артық көріп тұрмысың жаныңды елден, – деп бәсекелесін қамшылады айтыскер Аманжол Әлтаев.


Балғынбек пен Аманжолдың айтысын тыңдаңыз:

XS
SM
MD
LG