Accessibility links

Қайыр сұраған келіншекке қатысты оқиға төбелеске ұласқан


Астана базарындағы жанжал
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:20 0:00

«Астаналық» базары маңына жиналған жұрт. Астана, 16 маусым 2015 жыл.

Астана полициясы «Астаналық» базарында болған жанжалдан кейін 18 адам тұтқындалғанын хабарлады. Куәлердің айтуынша, қайыр сұраған келіншек пен күзетші сөзге келіп қалып, оқиға орнына бір топ ызалы адам жиналған.

Кеше кешкісін Астананың ескі бөлігіндегі жұрт көбінесе «Артем» деп атайтын «Астаналық» жабық базарында топ адам жиналған. Куәлердің айтуынша, әуелі жанжалды қызықтап жиналған 50 шақты адам қарасы аз уақытта 100-ден асқан.

Бірақ кеше болған төбелестің бүгін белгісі де жоқ. Әлеуметтік желілерде тараған «ғимараттар бүлініпті» деген хабар жалған болып шықты. Базар күнделікті режимде жұмыс істеп тұр. Маусымның 16 күні кешкісін болған төбелес жайлы жергілікті саудагерлер айтқысы келмейді. Олар «ештеңе болған жоқ» дейді.

Базарға апаратын жолдың арғы бетіндегі сауда орны қожайыны Рысбек Қалағұловтың Азаттық тілшісіне айтуынша, мүгедектерге арналған арбаға мінген келіншек қайыр-садақа сұрау үшін кішкентай балаларын ертіп, ішке кірмек болған. Бірақ оларды күзетші әйелдер кіргізбей қойған. Бұдан кейін оқиға тез өрбіп, арбадағы келіншекті қорғау үшін біраз жұрт жиналған.

– Бес минут өтпей бір топ адам жиналып қалды. Бар болғаны өз жұмысын атқарған әлгі күзетші әйелдерге жұрт бас салып, әлгі мүгедек келіншекті қорғаштай бастады. Ішінде масайып алғандар да көп болды. Тез арада көп адам жиналып қалды. Біреулер «күзетші орыс әйел қазақ келіншекті ұрып-соқты» деп даурыға бастады, бірақ бұл – өтірік, – дейді Рысбек Қалағұлов.

Оның айтуынша, «жиналған жұрт түнгі сағат 12-ге дейін тарамай, әлдебір жағдайды күткен».

– Жұрт жайына тарап кетсе, ештеңе болмас еді. Бірақ адамдар әлдебір оқиғаны күткендей тарамай тұрып алды да, тобыр тез жиналды. Бірақ тез арада полиция араласып, ешкімді ұрып-соғуға жол бермеді. Полицей жігіттер жарады, дереу қимылдап, адамдарды жан-жаққа бөліп жіберді, – дейді Рысбек Қалағұлов.

Базардың тағы бір саудагері Ерхан Шыназбек әлгі топ адамның арасынан әлдекімді алып кеткенін, бірақ «анық-қанығын білмейтінін» айтты.

Астана қалалық ішкі істер департменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Астаналық» базар жанындағы төбелестен кейін 18 адам ұсталып, азаматшаның арызы негізінде «Жекеменшік күзет орны қызметкерлерінің өкілетін асыра пайдалануы» бабы бойынша «сот алды тексеру басталған» және «Артем» сауда үйі қауіпсіздік қызметкерлерінің арызы бойынша «Бұзақылық» бабымен материал тіркелген.

Полицейлер қайыр-садақа сұраумен айналысатын, кәмелетке толмаған үш баласымен Алматыдан Астанаға келген екінші топ мүгедегі – 30 жастағы келіншекті ұстағанын да хабарлады.

Астана қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі хабарламасында: «Сауда үйі ғимаратына кіргізбей қойған соң әлгі азаматша «Артем» сауда үйі қауіпсіздік қызметкерлерімен сөзге келіп қалған. Бұдан кейін келіншектің жанына жанжалды қызықтаған жүргіншілер жиналып қалған» деп жазылған.

Азаттық тілшісіне базар басшылығымен сөйлесудің сәті түспеді. Ғимараттың ішіндегі күзетшілер «басшылықпен қалай хабарласуға болатынын білмейміз» деді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG