Accessibility links

Жұрт назары «Кенесары сарбаздары құлпытасына» ауды


"Кенесары хан жасауылдары жерленген" деген қорымдағы құлпытас. Астана, 27 қараша 2013 жыл.
"Кенесары хан жасауылдары жерленген" деген қорымдағы құлпытас. Астана, 27 қараша 2013 жыл.

Еуразия университеті ғалымдары Астанадағы қорымнан Кенесары сарбаздарына қойылған құлпытас тапқандарына сенімді. Бірақ кей зерттеушілер «ондай үзілді-кесілді пікір айтуға әлі ерте» дейді.

Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия университеті ғалымдары қала орталығында ескі қорымнан «Кенесары хан сарбаздарына қойылған құлпытас тапқаны» қазақстандық ақпарат құралдары көп жазған тақырыптың бірі болды.

ҚҰЛПЫТАСТАҒЫ ЖАЗУЛАР

Астана қорымынан табылған құлпытас жөніндегі алғашқы ақпараттарды Еуразия университетінің зерттеушілері Жандарбек Мәлібекұлы мен Әшірбек Муминов қараша айының ортасында «Айқын» газетіне жазған еді. Олардың жазуына қарағанда, құлпытастан араб харпіндегі мынадай таңбаларды оқуға болады:

1-жол: Ережеп айының /.../ оразасы;
2-жол: 1838-інші жыл Сармырза;
3-жол: Қайыролла /.../ қолының;
4-жол: /.../ Саржан ұлы;
5-жол: 50 жасауыл Ақмола;
6-жол: Ханның ұлы төрелер 200 сардар;
7-жол: Көшті Алла-тағала әрбір шаһит;
8-жол: Қыршын жасын /.../

Кенесары хан жасауылдары жерленді деген қорымдағы жазуы бар құлпытас. Астана, 27 қараша 2013 жыл.
Кенесары хан жасауылдары жерленді деген қорымдағы жазуы бар құлпытас. Астана, 27 қараша 2013 жыл.
Университет зерттеушілері мәтінде көп нүкте қойылған жерлердегі сөздер өшіп кеткенін, әзірше оқылмай тұрғанын айтады.

«Бірақ бұл ескерткіш 19-ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кенесары көтерілісінде марқұм болған қазақ батырларының құрметіне қойылған белгі екені сөзсіз. Өйткені мұнда көрсетілген жыл, кісі аттары, сөз-ұғымдар сол оқиғадан дәл хабар береді» дейді зерттеушілер.

Лев Гумилев атындағы Еуразия университеті жанындағы қазіргі заманғы зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров та бұл құлпытас Кенесары сарбаздарынікі екеніне сенімді.

– Кенесары сарбаздарына арналған мұндай құлпытас басқа өңірде жоқ, – деді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, құлпытасты «Жас азамат» жастар бірлестігінің мүшелері тапқан.


«ПІКІР АЙТУҒА ӘЛІ ЕРТЕ»

Астана қалалық мәдениет басқармасының кеңесшісі, бұрын қалалық тарих және мәдениет ескерткіштерді қорғау бөлімі басшысы болған Кәмилә Қоқымова «Кенесары сарбаздары құлпытасы» туралы дерекке күмәнмен қарайды. Ол «Астанадағы зиратта Кенесарының сарбаздары, Бөгенбай батырдың сарбаздары жерленген деген әңгімелер көп» екенін айта келе:

– Бірақ оның қаншалықты рас екенін білмеймін. Арнайы ғылыми мақала шығып, ғылыми негізде дәлелденгенін көргенім жоқ. Біздің бөлімімізде осы қорымға байланысты 8 мыңнан астам құжат тұр, зерттеушілер алуына болады, – деді.

"Қараөткел" мұсылман зираты. Астана, 27 қараша 2013 жыл.
"Қараөткел" мұсылман зираты. Астана, 27 қараша 2013 жыл.
Қоқымованың сөзіне қарағанда, «Кенесары сарбаздары құлпытасы тұр» деп жүрген зиратқа 2009 жылы «Қараөткел мұсылман зираты» деген атау берілген. 2012 жылы зират зерттеліп, ондағы құлпытастардың барлығы паспортталып, есепке алынған.

– Әуел баста 500-ге жуық құлпытас бар деп жобалаған еді. Кейін 2169 құлпытас бар екені белгілі болды. Ол жерге барлығы 10 мыңнан астам адам жерленгені анықталды. Құлпытастардың көбінің жазулары өше бастаған. Осы зерттеулерге сүйене келе, бұл зиратқа адамдар 1609-1962 жыл аралығында жерленген деген тұжырым жасалған, – дейді ол.

Қараөткел мұсылман зиратындағы құлпытастарды тіркеу жұмыстарына қатысқан ғалым Алексей Свиридов та «Кенесары сарбаздары құлпытасы туралы сенсациялық жаңалық жайлы кесіп-пішіп айтуға әлі ерте» деп санайды.

– Құлпытас туралы танымал зерттеушілер айтты деген күннің өзінде ол әуелі ғылыми ортада расталуы керек, ондағы жазуды басқалар да оқуы керек. Бір құлпытастың 250 адамға арналуының өзі түрлі ойға жетелейді, – дейді Лев Гумилев атындағы университеттің археология және этнология кафедрасының оқытушысы Алексей Свиридов.


АҚМОЛА БЕКІНІСІ

Зерттеушілердің пікірінше, Қараөткел зиратынан Кенесары сарбаздары құлпытасы табылды деушілер бір тарихи оқиғаға жүгінеді. Кенесары жасағы 1838 жылы патша әскері қорғаған Ақмола бекінісін қиратып, патшаны жақтаған Қоңырқұлжа сұлтанның ауылын шапқан. Ақмола бекінісінің орнында қазір Астана қаласы тұр.

Қазақ ханы Кенесары Қасымұлына қойылған ескерткіш. Астана, қазан, 2009 жыл.
Қазақ ханы Кенесары Қасымұлына қойылған ескерткіш. Астана, қазан, 2009 жыл.
Кенесары – 1837-1847 жылдары Ресей отаршылдығына қарсы күрескен қазақтың соңғы ханы. Соғыста қолға түскен Кенесарының басы кесіліп, Ресей императоры Бірінші Николайға сыйға жіберілген.

Қазақстандық ғалымдар соңғы оншақты жыл бойы Кенесары ханның басын іздестіру үшін Ресей мұрағаттарына бірнеше рет нәтижесіз экспедиция жасады. «Соңғы хан Кенесарының басын қайтарып алу – қазақтың азат ұлт ретіндегі намысы» екенін биыл жазда Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттары да мәлімдеді.

Кейбір әуесқой зерттеушілердің «Қырғызстан аумағында қаза тапқан Кенесары ханның сүйегін тауып, Қазақстанға әкеліп жерлегені» де баспасөз бетінде сөз болды.

2010 жылы тамыз айында да қазақстандық археологтар Қарқаралыдан беймәлім қорғаныс бекіністерін тауып, ол жерде Кенесары ханның қолы бекінген болуы ықтимал деген жорамал жасалған еді.
XS
SM
MD
LG