Астанадан 20 километр жердегі Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылының тұрғыны Күлішхан Домалай үй салған жерінің өзінікі екенін дәлелдей алмай жүр.
– Жер беру жайлы құжатқа сол кездегі ауыл әкімі қол қойған. Оны тауып алсақ: «Қол қойыла береді. Бірақ ол жер сенікі болды деген сөз емес» деп отыр, – дейді шетелден келген оралман.
Күлішхан Домалайдың баспанасы Қояндыдағы «мемлекетке не өзге азаматтарға тиесілі жерге заңсыз салынды» делінген үйлердің тізіміне қосылған. Бірақ ол 2004 жылы Қоянды ауылынан оралмандарға үй салуға берілген аумақтан сатып алған жер телімі заңды екенін айтудан жалықпайды.
«23,9 ГЕКТАР ЖЕР АРТЫҚ ҮЛЕСТІРІЛГЕН»
Қоянды ауылдық округінің әкімі Алтынай Мейірханқызының айтуынша, ол ауылдағы 167 үй мемлекеттің және жеке шаруашылықтың, жеке азаматтардың жерлеріне заңсыз салынған.
– Соның ішінде 66 үй мемлекеттің жерінде тұр. Қазір 15 үйге қатысты іс сотта қаралып, бес үйге қатысты істің құжаттары сотқа дайындалып жатыр. Мемлекеттің жеріне заңсыз үй салғаны үшін 20 шақты адамға қарсы қылмыстық кодекстің 186-бабы бойынша іс қозғалды, – дейді ауыл әкімі.
Алтынай Мейірханқызы билік 2004 жылы Қояндыға сырттан көшіп келген этникалық қазақтарға үй салуы үшін 96 гектар жер бөлгенін айтады.
– Ол жерді үлестіруді «Жаңа қадам» атты оралмандар қоғамы мойнына алған. Бірақ кейін 23,9 гектар жердің артық үлестірілгені анықталған, – дейді ауыл әкімі.
Азаттық тілшісі Қояндыдағы үй салуға бөлінген жерді үлестірудің басы-қасында жүрген «Жаңа қадам» қоғамдық бірлестігінің сол кездегі басшысына хабарласқанмен, сөйлесе алмады. Бірақ қоғамдық бірлестіктің мүшелерінің бірі «артық жер үлестіру оқиғасы болғанын» растады.
– Басында мемлекеттен бөлінген жерлер таратыла бастады. Кейін иен жатқан біраз жер «бір амалын тауып шешім шығартып алармыз» деген дәмемен 5 мың долларға дейін сатылды. Бірақ қанша жердің заңсыз сатылғанын айта алмаймын, – деді аты-жөнін жарияламауды өтінген азамат.
Целиноград аудандық мәслихатының хатшысы Рахым Түлкібаевтың айтуынша, Қоянды ауылындағы жер мәселесін аудандық жер комитеті мен аудан әкімінің орынбасарлары тексеріп жатыр.
«ЗАҢДЫ ЖЕРДІ ЗАҢСЫЗ ТАРТЫП АЛМАҚ»
Қояндыдағы жері дауға іліккен азаматтардың ахуалы соңғы кездері жиі сөз бола бастады.
Тұрғындар қазанның 15-інде заңсыз салынған баспананы күреуге келген трактор бірнеше үйдің іргетасын бұзған соң әкімдікке барып наразылық білдірген.
Ал қазанның 27-сінде ол маңдағы бос жатқан аумақтан жер телімін сатып алғанын айтқан азаматтар жаппай баспана тұрғыза бастаған.
Қоянды тұрғындары қарашаның 5-і күні Астанада баспасөз мәслихатын өткізген кезде де «заңға сәйкес сатып алған жерімізді әкімдік заңсыз тартып алып жатыр» деп шағымданды.
Астана қаласының іргесіндегі Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылының баспанасыз жүргенін айтқан азаматтары 2000 жылдан бастап бірнеше рет шеру өткізіп, наразылық білдірген еді. Ақыры билік 2004 жылдың жазында Қояндыдан 180 оралман отбасыға жер учаскесін беру жайлы шешім қабылдаған.
Біртіндеп бұл маңға жеке адамдардан жер телімін сатып алған азаматтар та келіп қоныстанып, үй сала бастаған. Бірақ кейін олардың кейбірінің сатып алған жерлерінің құжаттары дұрыс еместігі анықталып, оның ақыры соттың «заңсыз салынған үйлерді бұзу» жайлы шешіміне ұласқан.
Ауылдық әкімшілік дерегінше, Қояндыдағы халық саны ауылдың бас жоспарынан бірнеше есе көбейіп кеткен. Бас жоспарға сәйкес мұнда 6 мың адам тұруы тиіс болса, қазір Қоянды халқының саны 10 мыңнан асқан. Бұл ауылдан жер алу кезегінде тұрған жұрттың саны 4 мыңнан артқан.
Ресми деректерге қарағанда, Ақмола облысы аумағында мемлекеттік қорда бос жатқан 1 мың 700 гектар жер бар. Ал Астана қаласынан 60 шақырымдық радиустан ары жатқан 1 мың 400 гектар бос жер бар. Ол аймақта тұрғын үй салу үшін кезекке тұрған адамдардың саны да аз. Бірақ Астана маңына күнкөріс қамымен көшіп келген Күлішхан Домалай сияқты азаматтар тұрмыстың ыңғайы және көлік қатынасының қолайлылығы үшін ірі қаланың іргесінде Қоянды сияқты ауылдарға қоныстануды қалайды.