Accessibility links

"Махаббат" тұрғындары партиядан көмек сұрады


Астанадағы баспана дауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:03 0:00

ВИДЕО: "Махаббат" тұрғын үй кешені тұрғындары "Нұр Отан" партиясының қалалық филиалының алдына жиналып тұр. Астана. 19 маусым, 2015 жыл.

Астанадағы "Махаббат" тұрғын үй кешені белсенділері президенттік "Нұр Отан" партиясынан өздері тап болған әлеуметтік жанжалды шешуге көмектесетін қоғамдық кеңес құруды сұрайды.

Бүгін олар партияның қалалық филиалы ғимаратының кіреберісіне "М" әрпін бейнелеп сап түзеп, флеш-моб өткізді.

КЕЛІССӨЗГЕ ШАҚЫРУ

«Махаббат» кешені тұрғындары «Нұр Отан» партиясына пәтер иелерімен келіссөз жүргізуге араағайындық жасауды сұрайды. Тұрғындардың өкілі Махамбет Әбжанның айтуынша, пәтерлердің алғашқы қожайыны - "Қазэкспортастық агрофирмасы" да, кейінгі қожайыны "ҚазАгроХолдинг" компаниясы да тұрғындармен кездесуден бас тартқан.

Оның айтуынша, тұрғындарды пәтерден шығаруға үш жыл бойы тырысқан компания бірнеше сотта жеңілген. Қазір компания тұрғындарды пәтерлерінен мәжбүрлеп шығаруды сұрап, сотқа қайта жүгінген. Тұрғындар пәтерлерін әр шаршы метрін 900 АҚШ долларынан есептеп және бөліп төлейтіндей етіп сатуды талап етеді.

- Сотқа жүгінген компаниялар өздерінің талап-арызын қайтарып алуы үшін, тұрғындармен бітімге келіп, жұрт баспананы тиімді шартпен сатып алуы үшін пәтерлердің қожайын компаниямен келіссөз бастауына мүмкіндік бар шығар деп үміттенеміз. Өйткені кешендегі пәтерлер үш бөлмелі. Оны тұрғындардың бірден сатып алуға шамасы келмейді, қазір жұрттың 90 мың долларды суырып ала қоятын жері жоқ, - дейді Махамбет Әбжан.

Тұрғындарды пәтерлерден шығару туралы талап-арызға сәйкес, «талапкер жауапкерлердің шартымен ішінара, яғни пәтерлердің шаршы метрін 900 доллардан сатып алу ұсынысымен келіскен, бірақ жауапкерлерлер бұл шартпен келіспей, пәтерлерден шығудан да, оларды сатып алудан да бас тартқан».

АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАТЫСТЫ СОТ

Ұмсынай Анапинованың отбасы Астанаға алты жыл бұрын көшіп келген. Бүкіл отбасы мүшелері қалада тұрғын үй құрылысымен айналысқан «Азбука жилья» компаниясында қара жұмысшы, сыпырушы болып жұмыс істеген.

Ұмсынай Анапинова «Менің отбасының ешқашан жеке меншік пәтері болмаған еді. Күйеуім жұмыс істейтін компания «Махаббат» кешеніндегі жалдамалы пәтерде 2015 жылға дейін тұрып, кейін оны алғашқы жарнасыз сатып алуды ұсынды» дейді.

Ұмсынай Анапинованың айтуынша, ол кезде тұрғындардан пәтерді жалдау ақысын қазір Астананың Сарыарқа сотында алаяқтық бабы бойынша ісі қаралып жатқан Марат Мұқатев жинаған. Айыптау актісіне сәйкес, ол кешендегі пәтерлерді жалдаған 32 тұрғынға 16 миллион теңгелік зарар келтірген.

"Махаббат" кешенінің тұрғыны Ұмсынай Анапинова. Астана. 5 маусым, 2015 жыл.
"Махаббат" кешенінің тұрғыны Ұмсынай Анапинова. Астана. 5 маусым, 2015 жыл.

- Әуелі, яғни екі ай 25 мың теңгеден, кейін 40 мың теңгеден төледік. Ақшаны Мұқатаевқа беріп отырдық. Ол өзін әлгі компанияның инвесторымын деп таныстырды. Бір жыл жалдау ақысын төлеп тұрдық, ал 2011 жылдан бастап олар бізден ақша алмай қойды. Оның алдында Мұқатаев жұмыстан шығып кетті. Қазір коммуналдық қызмет ақысын ғана төлеп жүрміз, - дейді Ұмсынай Анапинова.

Әйелдің пікірінше, Марат Мұқатаев «ар жағында алаяқтық бар екенін біле тұра, тұрғындармен келісім-шарт жасап, ақша жинаған».

- Кейін ол бізге «Қазэкспортастық агрофирмасы» компаниясының Көкшетау қаласындағы кеңсесіне барып жолығыңдар деп жөн сілтеді. Бірақ ондағылар Мұқатаевты танымайтындарын айтты, - дейді Ұмсынай Анапинова.

Сот процестерінің бірінде сотталушы әрі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген Марат Мұқатаевтың адвокаты Фатима Берсанова клиентінің кінәсін мойындамайтынын әрі кез келген комментарийден бас тартатынын мәлімдеген.

ТӨРТ ЖЫЛДЫҚ СЕРГЕЛДЕҢ

«Махаббат 1» және «Махаббат 2» кешені тұрғындарының баспана дауы 2011 жылы басталған. Тұрғындардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын пәтерлердің бұрынғы қожайыны - «Қазэкспортастық агрофирмасы» компаниясы тұрғындармен пәтерлерді «әуелі жалға береміз, кейін сатып аласыңдар» деп келісім-шартқа отырған. Тұрғындардың айтуынша, олар өздері ішкі жұмыстары бітпеген пәтерлерді өз есебінен жөндеп, өз ақшаларына есік, терезелерін салып, жылу батареяларын орнатқан.

Тұрғындардың айтуынша, кейін компания «тіркейміз» деген желеумен келісім-шарттарды жинап алған. Бірақ оны тұрғындарға қайтарып бермеген. Кейін кешен пәтерлерінің меншік құқығы «Қазэкспортастық агрофирмасы» компаниясына ауысып, агрофирма баспананы босатуды талап еткен.

Астана қаласы Сарыарқа аудандық прокуратурасы дерегінше, «Махаббат» тұрғын үй кешенін салған «Азбука жилья» компаниясы 2006 жылы «Қазэкспортастық агрофирмасы» компаниясына салынып жатқан кешеннен 63 пәтер мен 20 тұрғын емес үй-жайды сатқан.

"Махаббат" тұрғын үй кешеніне қатысты сот. Астана. 5 маусым, 2015 жыл.
"Махаббат" тұрғын үй кешеніне қатысты сот. Астана. 5 маусым, 2015 жыл.

Ал жаңа қожайын үш жыл бойы пәтерлерді пайдаланбаған соң коммуналдық қызметтерге қарызы өсіп кеткен, әрі пәтерлер тонала бастаған. «Сол кезде меншік иесі "Қазэкспортастық агрофирмасының" мүлкін күтіп ұстау мен күзетуге жалдаған адамдар (Мұқатев М. Және Наурызбаев Г.) бос пәтерлерді жалға беріп, түскен ақшаны меншік иесінің қажетіне, әсіресе тұрғын емес үй-жайларды ұстауға жұмсауды ұсынған» деп жазылған Сарыарқа ауданы прокуроры мәлімдемесінде.

Бұдан кейін өңдеу жұмыстары бітпеген пәтерлерді жалгерлерге бөліп беріп, тұрғындарды қоныстандыру алдында оларға «жиналып қалған коммуналдық қарызды жабасыңдар» деген негізгі шарт қойған.

«Әлгі келісімге сәйкес, тұрғындар пәтерлердің қарызын жауып, тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тұрмысқа жайлы пәтерлерде нарық бағасынан біраз арзан бағаға тұру мүмкіндігіне ие болған. Пәтерлерді жалдаған адамдар мұндай тиімді мүмкіндіктен айырылып қалмас үшін мәмілені құжат жүзінде ресімдеуді талап етпеген» деп көрсетілген прокурор мәлімдемесінде.

«Махаббат» кешені тұрғындары баспана құқығын қорғау үшін Астанада бірнеше рет қарсылық акциясына да шыққан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG