Accessibility links

Белсенділер Нарымбаев, Мәмбеталин және Біләловті сөз етті


Белсенділер Біләловті, Нарымбаев пен Мәмбетәлинді сөз етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:28 0:00

Белсенділер Біләловті, Нарымбаев пен Мәмбетәлинді сөз етті. Астана, 20 қараша 2015 жыл.

«Араздық тудыру» бабымен қамауда отырған үш азаматтың жағдайына алаңдаған белсенділер мен туыстары билікті «174-бапты талқылауға шақырып» тарасты.

Қарашаның 20-сы күні Астанадағы «Ақжайық» қонақүйінде қылмыстық кодекстің 174-бабының 2-тармағы («әлеуметтік, ұлттық алауыздық тудыратын қасақана әрекеттерді қоғамдық бірлестік жетекшісі бола отырып және ақпарат құралдарын пайдаланып жария түрде жасау») бойынша айыпталып, екі ай қамауға кесілген үш азаматтың – Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин және Болатбек Біләловтің ахуалын сөз еткен жиын өтті.

Жиынға Ермек Нарымбаевтың ата-анасы, Болатбек Біләловтің зайыбы мен кәмелет жасына толмаған үш баласы және адвокаты, Астанадағы «Өндіріс» және «Махаббат» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары, қоғамдық белсенділер мен оппозициялық ЖСДП партиясының өкілдері – жиыны 50-ге тарта адам қатысты.

«174-БАП – ҚУДАЛАУДЫҢ ҚҰРАЛЫ»

Белсенділердің бірі, «Антигептил» қозғалысы мен «Халық бірлігі» қоғамдық бірлестігінің өкілі Мақсат Ілиясұлы қамаудағы үш азамат іліккен 174-бапты сынады.

Ақмарал Біләлова, белсенді Болатбек Біләловтің зайыбы. Астана, 20 қараша 2015 жыл.
Ақмарал Біләлова, белсенді Болатбек Біләловтің зайыбы. Астана, 20 қараша 2015 жыл.

– Кез-келген заң нормасы азаматтың жеке пікірін білдіруін, құқықтары мен бостандықтарын қорғауын шектеудің қандай да бір саяси құралы болуға тиіс емес. Бірақ билік қазір 174-бап сияқты баптарды қоғам белсенділерін, құқық қорғаушыларды, пікірін ашық білдіргісі келген азаматтарды қудалауға саяси құрал ретінде пайдаланып отыр, – дейді Мақсат Ілиясұлы.

Қоғамдық талқылауды жүргізген ЖСДП партиясы Астана филиалының жетекшісі Асқат Рақымжанов та елдегі сөз бостандығы жайына алаңдайтынын айтты.

– Қазақстандағы қазіргі жағдайларға қарап, полицейлік мемлекеттің белгілерін көріп тұрмыз. Билік өзгеше ойлайтындармен күресіп жатыр. Оның өзі көрінеу жаламен іске асып жатыр. Біреудің құқығын қорғап жүрген азаматты ( Болатбек Біләловті айтамын) қалай соттауға болады? – дейді Асқат Рақымжанов.

Жиын барысында Ермек Нарымбаевтың әкесі Ерсайын Нарымбаев пен Болатбек Біләловтың ағасы Қанат Біләлов та сөйлеп, туыстарының қамалуына байланысты наразылықтарын білдірді.

Ал Болатбек Біләловтің адвокаты Василий Садыков күні бүгінге дейін қорғауындағы азаматтың ісімен танысуға рұқсат құжатын бермегенін айтты.

– Кеше тұтқындауға байланысты шағымын апеллияциялық коллегия қараған. 13 қарашада тергеушіде менің ордерім болды. Тергеуші бұған қарамастан іске қатыстыру туралы бұйрық шығармады. Себебі белгісіз, – дейді Василий Садыков.

Белсенді Мақсат Ілиясұлы. Астана, 19 қазан 2015 жыл.
Белсенді Мақсат Ілиясұлы. Астана, 19 қазан 2015 жыл.

Жиынға келгендер мемлекеттік органдарды 174-бапты ресми талқылауға шақырған резолюцияға қол қойып, оны билікке жолдайтындарын мәлімдеді.

– Конституцияның негізгі ережелерін, алғышарттарын осындай баптармен бұзып отырамыз. Сондықтан біз әділет министрлігі мен бас прокуратураның, жоғарғы соттың арнайы түсініктеме беруін талап етпекпіз, – дейді Мақсат Ілиясұлы.

Жиын соңында белсенділер Болатбек Біләловтің отбасына 52 мың теңге көлемінде қаражат жинап берді.

Бұл шараны ұйымдастырушылар жиынға ішкі істер департаменті, прокуратура мен сот өкілдері де шақырылғанын, бірақ олардың ешбірінен өкіл келмегенін айтты. Азаттық тілшісі белсенділер айтқан мемлекеттік органдарға хабарласқанымен, жауап ала алмады.

Бүгінгі жиында сөз болған 174-бапты Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы да сынаған. Азаматтық белсенді Болатбек Біләловті босатуға шақырған ұйым өкілі Мира Риттман 13 қарашада «үкіметті сынаған үшін немесе даулы пікірін айтқаны үшін ешкім қамалмауы керек» деп мәлімдеген.

Осы аптада қазақстандық құқық қорғаушылар елдегі саяси тұтқындардың жаңартылған тізімін жариялап, ол тізімге қамауда отырған үш белсенді – Ермек Нарымбаев, Серікжан Мәмбеталин, Болатбек Біләловті және «діни алауыздықты қоздырды» деген айыппен сотталған Сәкен Тұлбаевты қосқан.

XS
SM
MD
LG