ӘРҚАЙСЫСЫНА БІР-БІР ОРДЕН
Астанадағы Салтанат сарайында көпшіліктің қатысуымен өткен жиында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Лондоннан жүлдемен оралған Қазақстанның ұлттық олимпиадалық құрама командасының мүшелеріне мемлекеттік наградаларды өз қолымен тапсырды.
«Олимпиадашылардың жетістігі нағыз еңбексүйгіштіктің белгісі. Бұл жеңістер мыңдаған жас жеткіншектердің рухын оятады. Лондон төрінде Қазақстан туы талай көтеріліп, әнұраны көп шырқалды. Мұндай сәтті ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың. Чемпиондарға лайықты құрмет көрсетіп, мемлекеттік наградаларға ұсынып отырмын», - деді Назарбаев.
Қазақстан президентінің жарлығымен велоспортшы Александр Винокуров, боксшы Серік Сәпиев және ауыр атлет Илья Ильинге "Отан" ордені тапсырылды.
Ауыр атлетикадан топ жарған Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және жеңіл атлет Ольга Рыпакова ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, боксшылар Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко, Марина Вольнова, балуандар Даниял Гаджиев, Ақжүрек Таңатаров, Гүзел Манюрова «Құрмет» орденімен марапатталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев президент Назарбаевтың қолынан «Парасат» орденін алды.
ИЛЬИННІҢ УӘДЕСІ
Екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильин келесі олимпиада ойындарында да алтын алуға бел байлап отырғанын жеткізді.
- Рио де Жанейрода жеңіске жететінімізге сенеміз. Өз басым, келесі олимпиададағы жеңісіме 99,9 пайыз сенемін. Тағы біраз дайындықтан кейін толыққанды, яғни жүз пайыз сенімді боламын, - деді Ильин.
Ал велоспортшы Александр Винокуров мемлекеттік награданы осымен үшінші рет алып отырғанын атап өтті. Алғаш рет 2000 жылы Синдей олимпиадасындағы күміс жүлдесі үшін алса, 2006 жылы «Вуэльта» көпкүндігіндегі жеңісі үшін орден алған.
- Мен командадағы ең ардагер спортшымын. 39 жасқа аяқ бастым. Еуропада Қазақстанның жеңісіне бәрі таң қалып жатыр. Бірінші алтынды алғаныма қуаныштымын. Енді кәсіби спорттық карьерамды еш алаңсыз аяқтай берсем болады, - деді Винокуров.
Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан спорттық державаға айналды деп атап өтті.
- Қазақстанда 250 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер спортпен айналысады. Бүгінде елде 418 спорт мектебі бар. Мен біздің спортшыларымыздың үлгі-өнегесі стадиондарға жүздеген болашақ чемпиондарды әкелетіндігіне сенімдімін, - деді президент.
«БАРЛЫҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІҢ АРҚАСЫ»
Мемлекеттік награда тапсыру рәсімінде сөз сөйлеген спортшылардың барлығы Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғыс білдірді.
«Менің өмірімде Нұрсұлтан Әбішұлындай адам барына мақтанамын» деді Илья Ильин.
Серік Сәпиев «Сіз маған туғанымдай көмектестіңіз. Сіздің тарапыңыздан жылулық пен қамқорлықты сезіндім» деп көзіне жас алды.
Ал Әділбек Ниязымбетов «Біздің жеңісіміз - сіздің арқаңыз» десе, Ақжүрек Таңатаров «Сіздің үмітіңізді ақтағанымызға қуаныштымыз» деп өз сезімін жеткізді.
Президент Назарбаев Лондон олимпиадасының алтын медалін жеңіп алған спортшыға - 250 мың АҚШ доллары, күміс жүлде әкелген атлетке - 150, қола жүлдегерге 75 мың доллар сыйақы берілетінін айтты.
Әлемнің 204 елінен он мыңнан астам спортшы қатысқан Лондон олимпиадасында Қазақстанның ұлттық құрамасы жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орын алды.
Қазақстан спортшыларының Лондон олимпиадасында қалай өнер көрсеткені туралы мақалаларды Азаттықтың арнайы парақшасынан оқи аласыздар.