Accessibility links

Астанаға көшіп келгендер баспанадан қиналады


Астанада Cәтпаевтар отбасы екі бөлмесін 45 мың теңгеге жалдап тұрып жатқан ескі үй.
Астанада Cәтпаевтар отбасы екі бөлмесін 45 мың теңгеге жалдап тұрып жатқан ескі үй.

Мемлекеттік «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы шартына сай келмеген тұрғындар пәтер жалдай жүріп үй алуға ақша жинайды.

Астанада жарым-жартылай жерге шөккен ескі үйдің екі бөлмесін 45 мың теңгеге жалдап тұрып жатқан Cәтпаевтар отбасының тоғыз адамы пәтерден пәтерге көшудің сергелдеңін жақсы біледі.

Ұлы мен келіні, қызы мен күйеу баласы және немерелері бар әулеттің анасы Қызболсын Cәтпаева Оңтүстік Қазақстаннан Астанаға қоныс аударып, пәтер жалдап жүргендеріне бір жылдан асып қалғанын айтады.

– Жағдайы жасалған көпқабатты үйде тұрып, ай сайын 150 мың теңгені үй иесінің қалтасына салып отыру тым артық деп есептеймін. Мұнда бөлме кең, балалар есіктің алдында еркін ойнай алады, – дейді ол кісі.

«БҰЛ ҮЙЛЕР СҮРІЛГЕНШЕ ОСЫНДА ЖҮРЕ БЕРЕМІЗ»

Қызболсын Cәтпаеваның сөзінше, жергілікті тұрғындардың аулаларындағы ұзынша не көпқабатты құжыра етіп салынып, жалға беретін бөлмелерінде адам тұрарлық жағдай жоқ – сондықтан олар от жағатын жеке үйді әдейі таңдаған.

– Отын жеткілікті – қалағанымызша үйді қыздырып, қыстың суық ызғарын сезінбейміз. Әйтпесе қожайын өзі от жағып жылытса, ойдағыдай болмайды, табаннан кәдімгідей суық өтеді, – дейді Қызболсын Cәтпаева.
Астанаға ауылды жерден көшіп келген отбасы жалдап тұрып жатқан ескі үйдің ауласы.
Астанаға ауылды жерден көшіп келген отбасы жалдап тұрып жатқан ескі үйдің ауласы.
Қаланың ірі базарлары орналасқан тұста – Уәлиханов пен Сейфуллин көшелері қиылысындағы үйде тұрып жатқан отбасы биыл бір немересі осы маңдағы мектепке баратынын, ересектері төңіректегі жайма базарда сауда жасап кәсіп қылатындарын айтады.

– Базарда жеміс-көкөніс сатамыз, табысымыз соншалықты көп емес. Сондықтан бұл аумақ – біздің күнкөріс көзіміз, ұзап кете алмаймыз. Мына үйлер тегіс сүрілгенге дейін осы маңды жағалап күнімізді көріп жүре береміз, – дейді Қызболсын Cәтпаева.

Ол кісінің келіні Әсем – жоғары білімді маман. Бірақ ол мамандығы бойынша лайықты жұмыс таба алмағанын айтады.

– Сондықтан ешбір мамандықты қажет етпейтін сатушы-кеңесші, үй жиыстырушы, қызметші секілді жұмыстарды істедім. Бірақ бәрібір саудадан артық тәуір табыс әкелетін жер жоқ екен, – дейді Әсем.

Әсем енесі, қайнысы және қайын сіңілісі төртеуі кешкі сағат 9-ға дейін аялдамадағы жайма базарда сауда жасайды. Бұл кезде үйде қалған аталары кішкентай үш баланы бағады.

«БІР БӨЛМЕГЕ 60 МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨЛЕП ОТЫРМЫН»

Астанада бөлме жалдап жүргендердің бәрі бірдей Сәтпаевтар отбасы сияқты арнайы кәсібі, тұрақты жалақысы жоқ азаматтар емес. Мәселен, ғылым кандидаты, жекеменшік жоғары оқу орындарының бірінде дәріс оқитын Гүлжайнардың (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) отбасы ақшадан қысылып, екі бөлмелі пәтерді өздері секілді тағы бір әулетпен бөлісіп отыр.

– Олар ас пісіріп жатқанда біз асханаға кірмейміз. Сосын кезекпен біз де пісіріп аламыз. Әр отбасы өз бөлмесінде тамақтанады, сонда демалып, сонда ұйықтайды. Әжетхана, асхана және жуынатын бөлме – ортақ. Балаларымызды бөлмеден шығармай, тым қатты шуламауын қадағалап отырамыз. Осы бір бөлме үшін 60 мың теңге төлеп отырмын, – дейді Гүлжайнар Азаттық тілшісіне.

Ол екі баласын мемлекеттен дотация алатын балабақшаға беріп, құнының жартысын төлегеннің өзінде айына 46 мың теңгені соған жұмсайтынын айтады.

Ескі үйдің ас дайындайтын бөлмесінде ойнап отырған бала.
Ескі үйдің ас дайындайтын бөлмесінде ойнап отырған бала.
Гүлжайнар бұл пәтерді тапқанына да разы. Оның сөзінше, жас балалы отбасының жалға баспана табуы қиындау. Әсіресе жөндеуден өткен пәтерлердің қожайындары ондай отбасыларды жолатпайды.

Астанаға басқа өңірден келген Сәтпаевтар мен Гүлжайнардың отбасы сияқты ақшаға тапшы азаматтардың үйлі болудан үміт ететін бір жолы – Қазақстанда 2012 жылы қабылданған, 2020 жылға дейін халықтың тұрғын үй мәселесін шешуді көздейтін мемлекеттік «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы.

Астана қаласы әкімдігінің сайты бұл бағдарлама бойынша банкте ақша жинап үй алуға боларын, оған шамасы жетпегендер арнайы шартқа сай келсе мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға хақы бар екенін айтады. Ондай шартқа лайық азаматтар – қоғамның әлеуметтік қорғалмаған тобы, мемлекеттік қызметкерлер немесе бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, жалғыз үйі апатты болып танылған тұрғындар.

Отбасы бұл шарттың ешбіріне сай келмейтінін, жолдасының да жалақысы аз екенін айтқан Гүлжайнар бүгін-ертең пәтер алатындай ақша жинарына күмәнді. Ал ересектері базарда ұсақ-түйек сауда жасап жүрген Сәтпаевтар отбасының тіпті Гүлжайнардыкі сияқты тұрақты жұмыстары да, кесімді жалақылары да жоқ. Ол әулет те мемлекет есебінен пәтерге ие болатын әлеуметтік санаттардың ешбіріне енбейді. Сондықтан Сәтпаевтардың өз бетінше ақша жинап, үй алудан өзге амалы жоқ. Олар күн жылы кезде аялдаманы жағалап, дамыл таппай жеміс-көкөніс сатып, қыс түскенше қор жинап қалуға тырысып жүр.

«Әуелгі мақсат – бүгінгі жанбағыс, одан кейінгісі – қалаға орнығу» екенін айтқан Сәтпаевтар әулеті бүгін-ертең балаларының денсаулығына қолайлы жайлы пәтер жалдауға да шамалары келмейтінін айтады.

АЙЛЫҚТЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ ПӘТЕРГЕ КЕТЕДІ

Астанадағы Сәтпаевтар әулеті мен Гүлжайнардың отбасы көрген баспана бейнетімен таныс адамдардың бірі – Ербол А. есімді риэлтор. Үй іздегендерге пәтер тауып беріп, ақысына айлық жалдау құнының 10 пайызына тең ақы алатын Ерболдың сөзінше, «Астанада пәтер жалдаушыларды қалтасының қалың-жұқалығына қарай үш топқа бөлуге болады».

– Біріншілері – ауқатты немесе орташа табысты кісілер. Олар жақсы, кең пәтерлерді жалдайды. Онда да бір бөлмелісіне деген сұраныс жоғары. Екіншілері – отбасын тастап, тек қана табыс табу мақсатын көздеп келген салт бастылар. Олар бірнеше бөлмелі пәтердің бір бөлмесін ғана алады. Үшіншілері – жағдайы жасалмаған жеке сектордағы үйлерді немесе соның бөлмелерін жалдаушылар. Олар Астананың Оңтүстік-Шығыс, Шұбар, Көктал, Үркер, Энергетик, Комсомол секілді аудандарында, ескі қала орнындағы жерге белуарынан кіріп кетуге шақ қалған жертөлелерде тұрады, – дейді риэлтор.

Ауылдан көшіп келгендер жалдап тұрып жатқан ескі үйдің іші.
Ауылдан көшіп келгендер жалдап тұрып жатқан ескі үйдің іші.
Жылжымайтын мүлік бағалары туралы хабарландыру жариялайтын kn.kz сайтының дерегінше, Астанада бір бөлмелі пәтерді жалдау құны – айына орта есеппен 163 мың теңге (шамамен 900 АҚШ доллары). Жекеменшік баспанасы жоқ азаматтар айлық табысының (қаладағы орташа жалақы – 92 мың теңге) 70 пайызын пәтер жалдауға жұмсайды.

Қазақстандағы баспана қымбат қалалардың бірі Астанада сатылатын пәтердің бір шаршы метрінің құны 1700-2600 АҚШ доллары шамасында. Қалада 2013 жылы 1,1 миллион шаршы метр, биылғы үш айда 189 мың шаршы метр пәтер пайдалануға берілген. Бірақ Астанада әлі 28 мыңдай адам үй алу кезегінде тұр.

Қалаға сырттан көшіп келетін азаматтар саны да жыл сайын өсіп барады. Астана қалалық статистика басқармасының мәліметінше, бұл қалаға 2014 жылдың алғашқы екі айында ғана 8939 адам келген. Бұл 2013 жылдың алғашқы екі айымен салыстырғанда 51,8 пайызға артық.
XS
SM
MD
LG