Accessibility links

Гарант елдер Сирияда қауіпсіз аумақ құруға келісті


Ресей делегациясы басшысы Александр Лаврентьев, Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Хосейн Джабери Ансари, Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура Сирия келіссөзінде. Астана, 4 мамыр 2017 жыл.
Ресей делегациясы басшысы Александр Лаврентьев, Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Хосейн Джабери Ансари, Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура Сирия келіссөзінде. Астана, 4 мамыр 2017 жыл.

Астанада Сирия мәселесіне қатысты 3-4 мамырда өткен келіссөзге қатысқан мемлекеттер - Ресей, Түркия мен Иран ол елде бейбіт тұрғындарға арналған қауіпсіз аумақ құру жайлы меморандумға қол қойды.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, Астанада 3-4 мамырда Сирияға қатысты жиынға қатысқан тараптар ол елде атысты және ұрысты тоқтату туралы келісімдерді талқылаған.

Кездесу соңында гарант-елдер Сирияда деэскалация аумағын құру жайлы меморандум жасасқан.

Меморандумға сәйкес, Сирияның солтүстік-батысындағы жасақтардың құрсауында тұрған Идлиб өңірінде, орталықтағы Хомс аймағында, оңтүстікте және Дамаск маңындағы оппозиция анклавы Гоутада қауіпсіз аумақтар құру көзделген. Бұл жерлерде атыс тоқтатылып, босқындардың осы анклавтарға кіруіне мүмкіндік беріледі. Сонымен бірге жылдар бойы соғыстан жапа шегіп келе жатқан жұртқа гуманитарлық көмек жеткізуге де жол ашылады. Қауіпсіз аумақтар қорғауға алынып, өткізу пункттері орнатылады, онда үкімет әскері мен жасақтардан қарауыл тұрғызылады. Бақылаушы ретінде шетелдік әскер де кіруі мүмкін.

Құжатқа келіссөзге кепіл болған елдер өкілдері - Ресей делегациясы басшысы Александр Лаврентьев, Түркия сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Өнал және Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Хосейн Джабери Ансари қол қойған.

Келіссөзге қатысқан тараптар жиын аяқталған соң баспасөз мәслихатын өткізіп, қандай мәмілеге келгендері жайлы айтты.

Бұған дейін ресейлік басылымдар Мәскеудің Сирияның Идлиб провинциясындағы атысқа тыйым салынып, гуманитарлық жүк қауіпсіздігіне кепілдік беріліп, негізгі инфрақұрылымды қалпына келтіретін аумақ құру жоспары туралы жазған.

Ресейдің Сириядағы қалыпты оппозицияны террористік ұйымдардан бөлетін қауіпсіздік аумақ туралы жоспары жиын кезінде де айтылған.

Сирия оппозициясының делегациясы кеше - келіссөздің алғашқы күні бұл ұсынысты сол қалпында қабылдамайтын айтып, "Сирияда бейбіт халыққа қарсы үкімет әскерінің әуе шабуылдары тоқтағанға дейін келіссөзге қатысудан тартынатыны" хабарлаған.

Бірақ Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаментінің бастығы Айдарбек Тұматаев Сирия оппозиция делегациясы кеше "келіссөзді тастап шықпағанын", "келіссөздің алғашқы күніндегі өзіне тиісті процесті аяқтағанын және келесі пленарлық отырысқа қатысатынын" айтқан.

Сирия оппозициясының делегациясы 4 мамырдағы келіссөзге де қатысты. Бірақ меморандумға қол қоюшы елдердің ішінде Иранның болуына қарсы шықты.

ВИДЕО: Сирия оппозициясының қарсылығы

Сирия оппозициясының қарсылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақовтың айтуынша, Астанадағы Сирияға қатысты келіссөз екі және үш жақты форматта өткен. Ал Ресей тарабы Астанадағы келіссөз кезінде Сирия оппозициясы өкілдерімен кездесе алмағандарын айтты.

Астанадағы Ресей мен Иран және Түркия ара ағайындық жасаған Сирия келіссөзі бұдан бұрын үш рет - 23-24 қаңтарда, 15-16 ақпанда және 15-16 наурызда өткен.

ВИДЕО: Астанадағы Сирия келіссөзінен нәтиже бар ма?

Астанадағы Сирия келіссөзінен нәтиже бар ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:12 0:00

Сирияда 2011 жылы ел президенті Башар Асадқа қарсы басталған азаматтық соғыста 300 мыңдай адам қаза тауып, миллиондаған адам босып кетті.

Сириядағы соғыста Түркия Асад үкіметімен соғысып жатқан түрлі топтарды, ал Ресей мен Иран Асадты қолдайды.

XS
SM
MD
LG