Ауыр жүк көлігін жүргізіп, Астана-Бурабай жолымен аптасына екі рет Көкшетауға қатынайтын қарағандылық Бейсен Әйткеновтің бұл қымбаттауға көңілі толмайды.
– Не үшін жүру ақысын қымбаттатқанын ешкім айтқан жоқ. Ең басында 3 мың теңгедей болған. Одан кейін 4 мың 200 теңге болды. Қазір енді 5 мың 200 теңгеге қымбаттады. Біресе салық алады, біресе жолға ақша алады, – дейді наразы жүргізуші.
«БҰЛ ҚЫМБАТТАТУ ҚАУЛЫДА ЖАЗЫЛҒАН»
Астана-Бурабай автобанына жауапты «ҚазАвтоЖол» мекемесінің мамандары жолды пайдалану құны үкіметтің 2013 жылғы 30 сәуірде қабылданған 423-қаулысына қатысты екенін айтады.
– Қаулыда «2014 жылдың 1 шілдесінен бастап жүк көліктері үшін төлейтін баға қымбаттайды» деп жазылған. Сөйтіп, осы айдың басынан салмағы 15 тоннадан асатын көліктер 5 мың 200 теңгеден төлейтін болды. Себебі алғашында ақылы жолды күтіп баптау және терминал жұмысы үшін осындай қаражат болу керек деп есептеліп қойылған, – дейді «ҚазАвтоЖолдың» төлемақы жинау бөлімінің басшысы Жандос Жүнісов Азаттық тілшісіне.
Бірақ «ҚазАвтоЖол» мекемесі жеңіл көліктер ақысы да, автобан бойындағы бес ауданда тіркелген жеңіл көліктер үшін қарастырылған арнайы жеңілдік те (1 мың теңгеге жылдық абонемент сатып алады) сол қалпында қалғанын айтады.
200 шақырымдық ақылы автобанда жүретін әр көлік салмағы мен көлеміне қарай ақша төлейді. Жеңіл көліктер жүрген жолына қарай 200 теңгеге дейін, ал салмағы 2,5 тоннадан артық жүк көліктер ауырлығына қарай жиыны 1 мыңнан 4 мың теңгеге дейін төлем жасайды. Көліктердің сол сәтте артқан жүгі емес, олардың жалпы қанша тоннаға дейін жүк тиеп жүре алатыны ескеріледі.
Ал Қазақстанда тіркелмеген автокөліктер басқа тариф бойынша жол ақысын төлейді.
Көліктің қай салмақ категориясына сай екенін, қай елге тиесілі екенін, автобанға қай ауданның тұсындағы жолдан кіріп-шыққанын жол бойында орнатылған бейнекамералар анықтап, жолдың ақысын компьютер анықтайды. Сондықтан осы жолмен алғаш жүрген көлік иелері қанша ақша төлейтінін терминалға төлем жасағанда ғана біледі. Көлік жүргізуші Александр Трегуб «бұл мәселені оңай шешуге болады» деп біледі.
– Терминал тұсына қандай көлік қай жерге қанша ақшамен бара алатынын жазып, іліп қою қажет. Сонда түсінікті болады. Осы ойымды терминал қызметкерлеріне айтқанмын. Бірақ әзірге ондай жазба жоқ, – дейді ол.
Көлік иелері бұған дейін автобандағы терминалдың жол ақысын есептеген кезде қателесетінін де, кейде үстіне жүк тиеген жеңіл көлікті жүк көлігімен шатастыратынын да айтып шағымданған еді.
2013 жылдың 1 маусымында ашылған, ұзындығы 200 шақырымды құрайтын Астана-Шучье ақылы автобаны – Қазақстандағы алғашқы ақылы жол. Бірақ шет елдердегі сияқты ақылы трассаға балама тегін жол салынбаған.