Accessibility links

Зорлық-зомбылыққа қарсы дәрменсіздік


«КазФем» феминистік тобының тұрмыстық зорлық жайлы перформансы. Алматы, 16 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
«КазФем» феминистік тобының тұрмыстық зорлық жайлы перформансы. Алматы, 16 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың мәлімдеуінше, тұрмыста зорлық көрген әйелдер полицияға сирек жүгінетін болған. Билік тұрмыстағы зорлық-зомбылықты оңай дәлелдеу үшін «Сабау» және «Денсаулығына жеңіл дәрежеде зақым келтіру» баптарын қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске қайтаруды ұсынады.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу тиімділігі азаю себебін билік «денсаулыққа жеңіл зардап келтіру» және «сабау» сияқты бұрын әкімшілік қылмыс болып саналған тұрмыстық зорлық-зомбылық түрлерін қылмыстық кодекске енгізіп, жаңа заң қабылдануымен байланыстырады.

«САБАУ» ЖӘНЕ «ДЕНСАУЛЫҚҚА ЖЕҢІЛ ЗАРДАП КЕЛТІРУ»

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың дерегінше, 2014 жылы «денсаулыққа жеңіл залал келтіру» және «сабау» айыптары бойынша 6 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал өткен жылы соттар осы «қылмыстық баптар» бойынша 718 айыптау үкімі шығарылған.

– Бұрын полиция мұндай құқық бұзушылыққа қатысты шамамен бір тәулік ішінде іс қозғап, сот әлгі фактілер бойынша әкімшілік материалдарды қарап үлгеретін. Сот істі қарағанша жанжал шығарған адамды 48 сағатқа дейін қамауға алып, оның отбасының шырқын бұзуына жол бермеуге болатын. Сот әдетте кінәліні қамауға алатын және бұл масаң күйде тұрмыста шығатын жанжал мен зорлық-зомбылықтың алдын алудың жедел әрі әсері бар шарасы болған еді, – деді ішкі істер министрі бүгін парламенттегі үкімет сағатында.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Бірақ оның сөзінше, қазір полиция мұндай құзіреттен айырылған және жанжал шығарған адамды үш сағатқа дейін ғана ұстай алады, ал «бұл уақытта масаң күйде жанжал шығарған адамның эмоционалдық жағдайы мен агрессиясын азайту мүмкін емес, сондықтан ол үйіне барған соң бала-шағасын бұрынғыдан да көп жәбірлей бастайды».

Қазақстан ішкі істер министрлігі парламенттен тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңдарға түзетулер енгізуді сұрайды.

ҚҰҚЫҚТЫҚ САНА-СЕЗІМ

Зорлық-зомбылық әрекеттері азаймағанын құқық қорғаушылар мен заң шығарушылар да айтады. Парламент депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, «зорлық құрбанының қолында қағазы жоқ» болғандықтан, тұрмыстағы зорлықтар ашылмай қалады.

Жанжал шығарушыны жауапқа тарту үшін міндетті түрде арыз түсуі тиіс.

– Жанжал шығарушыны жауапқа тарту үшін міндетті түрде арыз түсуі тиіс. Учаскелік полицей қарауындағы учаскенің қай үйінде жанжал шығаратын адам тұратынын ғана емес, қай отбасы жылдар бойы психологиялық қысым мен теперіш көріп келе жатқанын да жақсы біледі. Бірақ арыз түспеген соң ол жаққа бармайды. Сіздерге көршілерден, еріктілерден, аноним адамнан арыз түссе, тұрмыстық зорлықты тексеруге не кедергі жасап отыр, учаскелік полицей зорлық-зомбылықтың айқын белгілері байқалып, оның құрбанын жедел жәрдем әкеткенше неге күтіп отырады? – дейді Снежанна Имашева.

Азаматтық сектор өкілдері зорлық-зомбылыққа ұшырау фактісін әйелдің дәлелдеуі өте қиын екенін айтады. «Қазақстандағы тең құқық пен мүмкіндіктер институты» қоғамдық қоры президенті Маргарита Өскембаева 2015 жылғы желтоқсанның 24-інде күйеуі өртеген алматылық Ақерке Байғазиеваны мысалға келтіреді. Ол оқиға бойынша қозғалған істі тексеру «жеткілікті дәлел жоқ» деген уәжбен үш рет жабылып, кінәлі адам әлі жазаға тартылған жоқ. 30 тәулікке шығарылатын «қорғану ұйғарымы» сияқты механизмнен Ақерке Байғазиеваға қайыр болмаған.

Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, былтыр отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы 64 мың қорғану ұйғарымы шығарылған. Бұл – айыпты адам құрбанына залал келтірмеуге міндеттеме алатын қолхат сияқты нәрсе.

– Бірақ Байғазиеваның күйеуі әлгі 30 тәулік ішінде келіншегін жәбірлеген. Мен келіншектің арыз жазуын талап еттім, бірақ ол жазбай қойды. Әлгі қорғану ұйғарымы 30 тәулікке жазылады. Ал зәбір көрсетуші сөзбен болсын қорлап кемсітсе, вербальды түрдеқоқан-лоқы жасап, зорлық-зомбылық әрекеттерін қайталаса, зорлық құрбаны оның үстінен қайта шағым жазып, қорғану ұйғарымын қайта ұзарта алады. Қазір бұл әкімшілік кодексте қаралады, енді оны қылмыстық тәртіппен қарауды ұсынады, – дейді Маргарита Өскембаева.

«Қазақстандағы тең құқық пен мүмкіндіктер институты» қоғамдық қорының президенті Маргарита Өскембаева.
«Қазақстандағы тең құқық пен мүмкіндіктер институты» қоғамдық қорының президенті Маргарита Өскембаева.

Әлгі түзетуді енгізуді үкіметтік емес ұйымдар да, күштік органдар да бір ауыздан қолдайды. Бұған қоса құқық қорғаушы тағы бір проблеманы – заң қолдану практикасының жетілмеуі жайлы айтады.

– Азаматтарымыздың өзіндік сана-сезімі болуы тиіс. Олар өз құқықтарынан хабардар болып, құқығын дәйектілікпен қорғауға күш-жігері болуы үшін халықтың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Құқықтық сана-сезімі жетілмеген, – дейді Маргарита Өскембаева.

ІШІМДІККЕ СОТ АРҚЫЛЫ ТЫЙЫМ САЛУ

Ішкі істер министрлігідерегінше, Қазақстанда тұрмыстық зорлықтың 60 пайыздан көбі ішімдік немесе есірткінің әсерімен жасалады. Ресми дерекке қарағанда, елде әр адамға жылына 11 литр ішімдіктен келеді. Маңғыстау облысын ішімдікті ең көп ішетін облыс деп атайды. Қалмұханбет Қасымовтың сөзінше, халықаралық нормаларға сәйкес, жылына сегіз литрден артық ішімдік ішу елдің генофондының азғындауына тең.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, былтыр отбасылық-тұрмыстық салада заң бұзған 400 азаматқа пәтері немесе үйінде үш айдан бір жылға дейін ішімдік пен есірткі қолдануға сот арқылы тыйым салынған.

– Бақылау әдістемесі әр түрлі. Жеті күнде бір рет тұрғылықты жері бойынша тексеру немесе айына төрт мәрте ішкі істер органдарына келіп белгіленіп кетуге міндеттейміз, бұл заңға ресми түрде енгізілген. Тұратын жеріне барамыз, көршілерінен сұраймыз, жұмыс істейтін немесе оқу орнына барамыз. Егер оның заңсыз әрекетін анықтасақ, әкімшілік хаттама толтырылады. Қазір әлгі 400 адамның 37-сі әкімшілік қамауға алынған, – дейді ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG