Accessibility links

Атабаев: Арыстанбек көрсеткен құжаттарға қарап күлдім


Театр режиссері Болат Атабаев. Германия, 27 тамыз 2012 жыл. Фотография Лұқпан Ахмедьяровтың Facebook парақшасынан алынды.
Театр режиссері Болат Атабаев. Германия, 27 тамыз 2012 жыл. Фотография Лұқпан Ахмедьяровтың Facebook парақшасынан алынды.

«Жаманқұлов-Сыдықова-Жәнібеков» дауына іліккен министр Мұхамедиұлының «Атабаев өтірік айтады» деген сөзін режиссер жоққа шығарады.

Мәдениет және спорт министрі, соңғы кездері бірнеше азамат тарапынан жыныстық бопсалау мен жемқорлыққа қатысты айыпталған Арыстанбек Мұхамедиұлы «Еңлік Сыдықова Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына өзі айтқандай 2011 жылы түспеген» деп мәлімдеген. Ол Азаттыққа берген сұхбатында театр режиссері Болат Атабаевтың Сыдықованың дерегін қолдаған сөзін терістеген. Германияда тұрып жатқан Болат Атабаев министр Арыстанбек Мұхамедиұлының уәжімен келіспейді

Азаттық: – Министрі Мұхамедиұлы Азаттыққа берген сұхбатында «Болат Атабаев 2011 жылы Еңлік Сыдықованы емтихан тапсыруға жібермей сызып тастаған» деп әлдебір құжаттардың көшірмесін көрсетті. Бұған не дейсіз?

Оқи отырыңыз: Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Азаттыққа берген сұхбаты

Болат Атабаев: – Арыстанбектің көрсетіп отырған құжаттарына қарап күлдім. Ешқандай құқықтық күші жоқ қағаздар. Ондай қағаздың 100 көшірмесін мен де жасап бере аламын. Мысалы, мен жазған журналда құжаттарын қабылдау комиссиясына өткізу үшін допуск береміз, рұқсат береміз. Сонда жазған, маған келген абитуриенттердің тізімі ғой. Олардың барлығы студент емес. Солардың арасынан таңдап аламын.

Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы көрсеткен, Еңлік Сыдықованың "оқуға түсе алмай қалғаны" жөніндегі тізім. 19 қараша 2016 жыл.
Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы көрсеткен, Еңлік Сыдықованың "оқуға түсе алмай қалғаны" жөніндегі тізім. 19 қараша 2016 жыл.

Еңліктің маған келгені, емтиханға қатысқаны есімде әлі. Фактурасы әдемі, сахналық келбеті әдемі. Есіме түсті, ол маған бірінші курстың бірінші семестрінде вольнопосещающий... Өз еркімен институтқа түспей, бір семестр қатысып жүрді. Содан кейін басқа институттан маған келіп ауысты екінші семестрде. Қазақстанның оқу орындарында қалыптасқан жүйесінде ақшасын төлемесең, онда оқудан шығарады да, кез келген адамды алады. Бірақ сол кез келген адамды алмау үшін группаның көркемдік жетекшісі рұқсат береді «мен аламын, қабылдаймын» деп. Екінші семестрде қабылдадым Еңлікті. Еңлік институтты бітірген. Бірінші курсты толығымен менде оқыды. Екінші курстың басын октябрь айына дейін менде оқыды ол.

Студент кезінде қарапайым, көзге түсе бермейтін, группаластарының артында тұратын, соңынан шыққанды жақсы көретін. Өзінше қысылатын. «Бұл неге олай?» деп ойлайтынмын. Өйткені әртіс мамандығына түскен адам режиссердің көзіне түскісі келіп тұрады, «мені байқаса екен» деп тұрады. Бұл қызда басқаша болды. «Мінезі сондай ма, алға түскісі келмей ме, әлде опық жеген бе әдемілігі үшін?» деп ойладым. Бірақ [тізімнен]сызылған себебін де білмеймін. Қазір есімде жоқ. Ол ешқандай институтқа түспейтінін дәлелдейтін құжат та емес. Қағаз. Сондықтан мен қазір кепілдік бере аламын – ол институтқа түсті. Екі ВУЗ (жоғары оқу орны) арасындағы пәндердің айырмашылықтарынан емтихан тапсырып, заңды түрде институтқа түсіп, ақшасын төлеп, институтын бітірген.

Азаттық: – Еңлік Сыдықова айтқан сөзге – «Арыстанбек Мұхамедиұлының жыныстық бопсалау көрсетуі» оқиғасына сенесіз бе? Сенетіндей нендей дәлеліңіз бар?

Болат Атабаев: – Сенемін. Бұл мәселе тек Еңліктің басындағы мәселе емес. Бұл мәселе – сонау совет үкіметінің кезінен келе жатқан қасірет. Мен өнер академиясында штатта жұмыс істеген жоқпын, сағатпен келіп жұмыс істейтінмін. Бірақ мұғалімдермен араласқанда көбісі айтатыны сол – студенткаларының жылағанын айтатын, ондай мәселелердің болып тұратынын айтатын.

Журналистік зерттеу болып жатса, бұл мәселенің үлкен қауіп екенін айту керек. Қазақстанда, мына Facebook-тен оқыдым, жазып жатыр: «Енді қыз ғой ол. Қызға қырындамағанда кімге қырындайды, онда тұрған не бар?» деп. Соның астарында: «Қыз боп туған өзінен көрсін, әдемі [болып] туғанынан көрсін» деген ой жатыр, бір еркектік шовинизм бар. Сол құндылыққа айнала бастаған қазақ қоғамында. Содан арылу үшін мына Мұхамедиұлын әшкерелеп, сотқа дейін жеткізіп, жұмысынан кетіртіп, қоңыз тергізіп жіберу керек қой.

Азаттық: – «Өнер академиясында барлығы біледі, студенттер айтады, оқытушылар айтады» деген уәждеріңізді әлеуметтік желідегі парағыңызда да жазып жүрсіз. Бірақ дәл Арыстанбек Мұхамедиұлының жаңа сіз айтқандай іс-әрекеттермен айналысқаны жөнінде одан гөрі нақтырақ дәлелдер бар ма?

Театр режиссері Болат Атабаев. Алматы, 20 ақпан 2012 жыл.
Театр режиссері Болат Атабаев. Алматы, 20 ақпан 2012 жыл.

Болат Атабаев: – Дәлелдері бар ғой. Оқытушылар өздері айтып жатыр ғой. Менің Еңлікке сенбеуге ешқандай... Еңліктің сөзіне күмән келтіре алмаймын. Қалай дәлелдейсің?! Сен, мысалы, қызды шақырып аласың да, кабинетте жеке отырып ойыңды айтасың. Оны ол қыз білмейді. Сенің не айтқың келіп отырғаныңды ол алдын-ала білмейді ғой. Бірақ жазып алғандар да бар диктофонға дауысын.

Азаттық: – Жүргенов атындағы өнер академиясында жұмыс істеп жүрген кезіңізде сол кездегі ректор Арыстанбек Мұхамедиұлымен араларыңызда қандай да бір кикілжің болды ма?

Болат Атабаев: – Жоқ. Ешқандай [кикілжің] болған жоқ. Мен одан аулақ жүретінмін. Кабинетіне де бармайтын. Тыныш қана сабағымды беріп кете беретінмін.

Азаттық: – «Ректор Мұхамедиұлы сабағыма мас күйінде келіп жанжал шығарған, кедергі келтірген» деп жаздыңыз. Сол оқиға қалай аяқталып еді?

Болат Атабаев: – Аяқталған жоқ. Солай қалды. Барып айғай-шу шығардым. Кабинетіне шақырды мені. Келесі күні кешірім сұрады. Мас боп жүргенін курсымдағы бүкіл студенттерім көрді.

Азаттық: – Арыстанбек Мұхамедиұлы қазір өзі ұшырап жатқан дауды «режиссерлер Талғат Жәнібеков және Тұңғышбай Жаманқұловтардың «Феникс» фильмі төңірегіндегі қаржылық мәселесі мен Еңлік Сыдықованың байланысы бар» деп түсіндіреді. Бұл сөзге не дейсіз?

Видео салғаннан кейін маған хабарласты: «Екі жас режиссер министрге қарсы шықты. Бұл министрді министр болуға лайықты адам емес деп ойлаймын. Сондықтан екі режиссерді құптап, маған жасаған, айтқан сөздерін, ақша талап еткенін шығардым» деді. «Тұңғышбайды қолдадым» деп жазған жоқ ол маған.

Болат Атабаев: – Еңліктің істегені мен үшін жаңалық болды. Басқадан күтсем де, Еңліктен күтпеп едім. Видео салғаннан кейін маған хабарласты, жазды: «Екі жас режиссер министрге қарсы шықты. Мен бұл министрді министр болуға лайықты адам емес деп ойлаймын. Сондықтан екі режиссерді құптап, маған жасаған, айтқан сөздерін, ақша талап еткенін шығардым» деп жазған. «Тұңғышбайды қолдадым» деп жазған жоқ ол маған. «Екі жас режиссер жүйеге қарсы шықты, жемқорлыққа қарсы шықты, оларды қолдау керек» [деп] жасаған өзінің видео әшкересі. Қолдадым мен. Ойым айтады «ешқандай қатысы жоқ» деп.

Азаттық: – Мұхамедиұлы мен Сыдықова арасындағы даудың қалай шешілгенін қалайсыз?

Болат Атабаев: – Министр кетуі керек жұмыстан. Барлық лауазымды жұмыстан кетуі керек те, шындықты мойындауы керек. Өйткені бұл жағдай тек бір өнер академиясындағы жағдай емес – бүкіл Қазақстан ВУЗ-дарындағы, орта оқу орындарындағы жағдай.

Азаттық: – Бұл іс сотқа жетіп жатса, куәлік беруге, дәлелдеріңіз бен уәждеріңізді айтуға дайынсыз ба?

Болат Атабаев: – Дайынмын, құжаттарым да бар көрсететін шақырып жатса.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

Ескерту: сұхбат берушінің көзқарасы редакция ұстанымын білдірмейді.

  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

XS
SM
MD
LG