АРАЛ – АСА ҚОРҚЫНЫШТЫ КӨРІНІС...
Пан Ги Мун Қазақстанға келер алдында Арал теңізінің үстімен ұшып өтті. Бас хатшы Арал теңізінің құрып кетуі - әлемдегі ең қорқынышты экологиялық апаттардың бірі деп атай отырып, табиғи байлық қорларын сақтап қалу үшін ұжымдық күш-жігерді еселеу қажеттігін айтты.
- Бұл - аса қорқынышты көрініс болды. Бұл - әлемдегі үлкен экологиялық апаттардың бірі екені айқын. Бұл оқиға менің жүрегімде аса терең із қалдырды. Мұндай ұлы теңіздің құрып кетуі аса өкінішті", - деп мәлімдеді ол.
Сәрсенбі күні Ақордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Арал теңізінің проблемасын шешу үшін барынша көмектесетіндігін жеткізді.
- Менің ойымша, қазіргі таңдағы ең басты міндет - Арал теңізінің одан әрі құрғауын тоқтату. Екінші қадам - осы өңірдегі экологиялық проблемаларды шешуге барлық қажетті күштерді жұмылдыру. Біз өз тарапымыздан барынша көмек көрсету үшін бұл мәселеге қатысы бар БҰҰ-ның барлық құрылымдарын тартуға тырысамыз, - деді Пан Ги Мун.
Оның пікірінше, Арал теңізін құтқару жөніндегі бағдарлама ұжымдық болуы тиіс. Арал теңізінің проблемасы бір елдің бас ауруы болмауы қажет, бұл мәселені өңірдегі елдер де, бүкіл әлемдік қоғамдастық та бөлісулері тиіс.
БАС ХАТШЫ ЯДРОЛЫҚ ОТЫН БАНКІ ТАҚЫРЫБЫН АЙНАЛЫП ӨТТІ
БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун Курчатов қаласындағы ядролық қауіпсіздік және экология институты мұражайында. 6 сәуір, 2010 жыл.
Сапарының бағдарламасы аясында сейсенбі күні, Пан Ги Мун Семей ядролық полигонында болды.
Онда сөз сөйлеген бас хатшы, АҚШ президенті Барак Обаманың АҚШ-тың ядролық қару қолдануды шектеуге бағытталған жаңа саясатын қолдайтынын және бұл қадамды ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізуге бағытталған аса маңызды бастама ретінде қабылдайтынын мәлімдеді.
Естеріңізде болса, сейсенбі күні Вашингтон АҚШ-тың жаңа ядролық доктринасын жария етті, соған сәйкес Америка Құрама Штаттары енді атом қаруы жоқ елдерге қарсы ядролық соққы беру және оны химиялық және биологиялық шабуылға жауап ретінде қолдану ниетінен бас тартады.
- Мұнда 450-ден аса атом бомбасы сыналды, сол арқылы адамдар мен табиғатқа аса ауыр залал келтірілді. Сынақтар қоршаған ортаны біржола жойып, жерді, өзендер мен көлдерді уландырды, рак пен туа біткен ауыру, кемтар балалар дүниеге келді", - деді бас хатшы.
"Ар.Рух. Хақ" жастар ұйымы Қазақстанға сапармен келе жатқан БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунға Қазақстан жерінде ядролық отын банкін орналастыру туралы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын қолдамауға шақырып, үндеу жолдаған болатын.
Бас хатшы ядролық отын банкі турасында тіс жармағанымен де, адам құқтары мәселесін жетілдіре түсу қажеттігіне назар аударып, Қазақстан адам құқтары бойынша тәуелсіз кеңес құрғаны жөн деген ұсыныс білдірді.
МАДАҚ ПЕН МАРАПАТ
Пан Ги Мун Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабуда атқарған рөлін айрықша атай келе, қазақ президентін Таяу Шығыста ядролық қарусыз аймақ құру жөніндегі бастама көтеруге шақырды.
-Қазақстан қарусыздану процесінде көшбасшы болды, оның үлгісі басқаларды да осындай қадамға бастауы керек. Бас хатшы ретінде мен әлемді ядролық қарудан тазарту үшін бар күш-жігерімді салатын боламын, - деді ол.
Пан Ги Мун Қазақстан сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен тікұшақта әңгімелесіп отыр. 6 сәуір, 2010 жыл.
Сәрсенбі күні Ақордада өткен келіссөздерден кейінгі брифингте Нұрсұлтан Назарбаев Пан Ги Мунге бірінші дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.
Президент бұл орденнің БҰҰ-ның бас хатшысына «Жаһандық деңгейдегі бейбітшілікті, әлеуметтік әділеттілікті және тұрақты дамуды ілгерлетуге айырықша үлес қосқаны үшін берілгенін» атап көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына қолдау көрсеткені және түрлі бағыттағы ынтымақтастықты жандандыруға, соның ішінде Ауғаныстандағы тұрақтылық пен қалпына келтіру мәселесіне де ынталылылығы үшін Пан Ги Мунға ризашылығын білдірді.
Президент Қазақстанның БҰҰ бас хатшысының сапарын елдің Біріккен Ұлттар Ұйымымен жан-жақты ынтымақтастығына қуаттты серпін берер маңызды тарихи оқиға ретінде бағалайтынын атап өтті.