Accessibility links

Ипотекалық несиенің өсімдік пайызын төмендету шешімінің ашық атқарыларына күмәнданушылар көп


«Казкоммерцбанктің» Астанадағы филиалына өсімдік пайызы төмендетілген ипотекалық несиеге өтініш жазуға барған азаматтарды банк кері қайтаруда. Ал бір күн бұрын аталмыш банктің басқарма басшысы Нұржан Сұбханбердин президент алдында 120 млрд. теңге алып, заемды арзандату жұмыстарына кірісіп кеткендерін мәлімдеген еді.

Ертесіне -ақ борышкерлердің көбі екінші дәрежелі банкке ағылды.Алайда, банктің астаналық филиалының басшылары ипотекалық несиенің пайызын түсіру үшін қайта қаржыландыратын қаражат банкке әлі түскен жоқ деп отыр.

14,5 пайызбен ипотекалық несие алған Астана тұрғыны Самал Тәуекелова пайыздық ставканы 11%-ға түсіреміз деген үкіметтің шешімін естігелі бері күнде «Казкоммерцбанктің» табалдырығын тоздырып жүр екен. Алайда банк қызметкерлері оның өтінішін қабылдауға асығар емес. Бүгін де кері қайтарып жіберіпті.

«Басшыларыңыз ақша түсті, өтініш қабылдауды бастадық деп мәлімдеп жатыр ғой деген сұрағыма, банктің менеджерлері бізге әлі нұсқау келген жоқ, екіншіден өтініш толтыратын арнайы бланктер шығарылуы тиіс деп жауап береді», -дейді Самал Тәуекелова.

«Казкоммерцбанктің» Астана филиалы жедел қызмет көрсету басқармасының басшысы Дәулет Шумаев ипотекалық несиені қайта қаржыландыратын ақшаның банкке әлі түспегендігін айтады.

«Табандап тұрған азаматтардың өтінішін қабылдай береміз, бірақ қандай құжаттар қажет, осының әлі нақты механизмі қолымызда жоқ. Бұл жөнінде банк «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен және Қаржы бақылау агенттігімен әлі келісімге келген жоқ, қашан бір шешімге келеді, ол жағын айта алмаймын», - дейді Дәулет Шумаев.

Ал кеше ғана «Казкоммерцбанктің» басқарма басшысы Нұржан Сұбханбердин «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген алқа мәжілісінде, президент алдында екі банк- «Халық банк» пен «Казкоммерцбанктің» 120 млрд.теңгеден ақша алғандығын растаған болатын. Ол «енді бұл қаражатты заемдарды арзандату үші жұмсаймыз, қазір жұмыс басталып кетті» деген еді.

Астана тұрғыны Самал Тәуекелова болса, «Казкоммерцбанктің» қайсы басшысының сөздеріне сене алмай дал. «Біреуі былай дейді, екіншісі оны жоққа шығарады, үкіметтің бұл шешімінің де ашық болатынына күмәндана бастадым. Өйткені, ипотекалық келісім шартты қайта қараймыз дегендеріне үш-төрт ай болды. Бірақ банкке барсаң, баяғы жартас сол жартас, кері қайтарып жібереді», - дейді Самал Тәуекелова.

Ал осы кезде «Азат» партиясы Астана филиалының жетекшісі Уалихан Қайсар журналистерге баспасөз мәслихатын өткізіп, Ұлттық қордағы ақшаның талан-таражға түсіп жатқанын мәлімдеді.

- Билік Ұлттық қордағы қаражат 50 млрд. доллардан асады деп мақтанып келген еді. Бірақ шын мәнінде, тексеріп қарағанда Ұлттық қордағы ақшамыз 6 млрд. долларға да жетпейтін болып шықты. Әрине билік басындағы шенеуніктер халықтың ақшасын бас пайдаларын ғана ойлап, ұрлап жатыр. Біреулері оффшорлық аймақ арқылы шетел асырып жіберген. Енді біреулері бұл ақшаны өздерінің банктеріндегі жеке есепшоттарына салып жатыр, халықты ойлап отырған ешкім жоқ», - дейді Уалихан Қайсар.
XS
SM
MD
LG