Accessibility links

«Күйсем, күйіп кетейін...»


Қазақстанның Сириядағы консулы Бабыр Дәуренбек (оң жақта). Фото автордың жеке мұрағатынан алынды.
Қазақстанның Сириядағы консулы Бабыр Дәуренбек (оң жақта). Фото автордың жеке мұрағатынан алынды.

«Күйсем, күйіп кетейін, айтайын, күресейін. Мынадай сөздерімнен кейін мені енді қызметке алуы да екіталай. Бірақ бізден кейінгілер, жалпы қоғам сыртқы істер министрлігіндегі былықты білсін». Азаттыққа биыл мамыр айында келген хат осылай басталады. Авторы – Қазақстанның Сириядағы консулы Бабыр Дәуренбек.

Азаттыққа әркімнен хат келеді. Көбі – әділдікке жете алмай тауы шағылған, қарапайым әлеумет. Сыртқы істер министрлігінің қызметкерінен, онда да шетелде консулдық лауазымда отырған тұлғадан шағым күтілмеген.

«Сириядағы жағдайға байланысты іргелес Йорданияда отырмын» деген консулмен іле-шала телефон арқылы сөйлестік. Әуелі хатын елеусіз қалдырмай іздегенімізге ілтипат білдірді. Азаттықтан бұрын Қазақстанда танымал екі ақпарат құралына басынан өткен жайтты айтып хабарлаған. Әдепкіде шалт қимылдап, дереу видео сұхбат алған әлгі басылымдар ізінше райынан қайтып, сұхбатты жариялаудан бас тартқаны белгілі болды.

Бабыр Дәуренбектің бастан кешкендері әуелі Азаттықта жарияланды. Консул жеке бас мәселесінен гөрі сыртқы істер министрлігіндегі «былыққа» көбірек назар аударуды өтінді. «Күйсем, мен күйейін – қоғам білсін» дегені – сол.

«Елші болу рақат. Үстінде – вилла, астында – қымбат көлік. Мемлекеттің шетелдегі еркесі. Бір елден екінші елге көшіп-қонып жүріп, елдегі шынайы жағдайдан қол үзеді. Елге қайтқысы келмейді, бизнес ашып, ақыры сонда қалады. Қарапайым дипломаттарды қолбала қып жұмсайды». Тағысын тағы. Жемқорлық жөнінде айтқаны – бір бөлек. «Қазақтілді дипломаттарды министрліктегі орыстілді басшылық ұнатпай, тыжырына қарайды» дегені – бір бөлек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Кері шақырылған дипломат министрлікті сынайды

Азаттықтан кейін Бабыр Дәуренбектің «мені қызметімнен заңсыз айырды, ақ-қарасын тексермеді, әділет қайда, заң қайда» дейтін мәнзелдегі сұхбаттарын басқа басылымдар да бере бастады. Қамырдан қыл суырғандай жұмыс істейтін сыртқы істер министрлігіне қарата айтылған сын пікірлер қоғамды дүр сілкіндіретіндей көрінген.

Бірақ ләм-мим деген ешкім жоқ. Сыртқы істер министрлігінен «қызметінен заңға сәйкес кетті» дейтін тілдей жауаптан өзге лепес болмады. Азаттықтың арнайы бағдарламасына келген бұрынғы екі дипломат бұл оқиға айсбергтің бергі беті ғана екенін айтты.

Көп ұзамай Бабыр Дәуренбек «сыртқы істер министрлігінде үлкен қозғалыс басталғанын» Азаттыққа қайыра хабарлаған. «Кейбіреулер үлкен қателік жасадың деді, кейбіреулер дұрыс, айта түс деді. Бірақ мені құртатын шығар. Қазақстанға барған соң да тоқтамаймын, күресімді жалғастырамын» деген.

Өзі айтқандай Бабыр Дәуренбек қызметін тапсырып Қазақстанға келісімен күресін жалғастырмақ болды. Онысын Facebook-те де жазып, «озбыр билікті әшкере етіп, әділдікке жеткенше тоқтамайтынын, көшеге шығып пикет жасайтынын» дүйім жұртқа жария еткен.

Экс-консул: СІМ әлі үндемей отыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:05 0:00

Алайда пикетке шығардан бір күн бұрын, маусымның 21-інде оны «көшеде әлдекімдердің сабап кеткені» мәлім болды. Бұрынғы консул кінәні сыртқы істер министрлігіне артып, қисыны сол деген. Әрі қарай Бабыр Дәуренбектің Facebook парақшасы өшіп, телефоны ажырады. Бірнеше күннен кейін байланысқа шыққан ол өзін ұрып кеткендердің сыртқы істер министрлігімен арадағы дауға түк те қатысы жоқ екенін мәлімдеумен шектелді. Оның сөзінше туған-туыстары Facebook парақшасын да жауып тастауды сұраған.

Маусымның 22-сінде сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі «Сириядағы бұрынғы консул Бабыр Дәуренбекке қатысты мәселені тәртіптік кеңесте қарап, шешім қабылдайды» деп хабарлаған Азаттыққа. Қаралған-қаралмағаны белгісіз. Тәртіпті кімнің бұзғаны да беймәлім.

Бабыр Дәуренбектің күресін Facebook-тен бақылай бастаған жұртшылықтың кейбірі «консулды қорқытты» деп жорыса, енді бірі «өнбейтін істі дауламай қоя салған жөн болды» деді.

Бабыр Дәуренбекке бүгін де хабарластық. Телефон тұтқасын алмады. Оның Facebook парақшасында Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінің «Дипломаттар Қазақстан Республикасы мүдделерінің қорғанысында! Кәсіби мереке құтты болсын, қымбатты әріптестер!» деген құттықтау хаты ғана тұр.

Шілденің 2-сі – Қазақстан дипломаттарының мерекесі дипломаттардың бәріне құтты болсын!

XS
SM
MD
LG