Accessibility links

Назарбаев сайлауға түсуге бір ғана шартпен "келісті"


Алдыңғы қатарда тұрғандар: "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек (cол жақта), президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және премьер-министр Кәрім Мәсімов "Нұр Отан" партиясының 16-съезінде. Алматы. 11 наурыз, 2015 жыл.
Алдыңғы қатарда тұрғандар: "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек (cол жақта), президент Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және премьер-министр Кәрім Мәсімов "Нұр Отан" партиясының 16-съезінде. Алматы. 11 наурыз, 2015 жыл.

"Нұр Отан" партиясы съезіне қатысушылар Нұрсұлтан Назарбаевты қайтадан президенттік сайлауға түсуге шақырды. Назарбаев оған бір ғана шартпен "келісетінін" білдірді.

Биліктегі "Нұр Отан" партиясының 16-съезінде делегаттар қолқалап сөйлеген соң Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзін партия атынан ерте президент сайлауына тағы да кандидат етіп ұсынуға "келісетінін" жариялады.

«Сіздердің менің кандидатурамды ұсынуларыңызға алдымыздағы жаңа да күрделі мақсаттарды ұсыну үшін ғана келісемін»,-деді Назарбаев.

Келісімін беріп тұрып Назарбаев өзінің қалай президент болу керектігі жайындағы сұраққа кезінде қалай жауап бергенін еске алды.

- Сонда мен "өз халқыңның жағдайын жақсартуды қалайтын бағдарламаң мен мақсатың болса, адам сайлауға түсуі керек. Егер ондай мақсат болмаса, сайлауға түсудің қажеті қанша?!" деп жауап берген едім, - деді іс басындағы президент Нұрсұлтан Назарбаев.

"Нұр Отан" партиясының бүгінгі 16-съезіне қатысушылар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты партия атынан кезектен тыс президент сайлауына кезекті рет кандидат етіп ұсынуды сұраған болатын.

Съезд делегаттары академик Кенжеғали Сағадиев, биыл кезектен тыс сайлау өткізуді ұсынған Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Александр Башмаков президенттікке Назарбаевтың кандидатурасын ұсынуға шақырды.

"Елдің бүкіл аймақтарында, саяси топтар мен интеллигенция, халық арасында Нұрсұлтан Назарбаев - президенттікке лайықты кандидат деген идея бар" деген Сағадиев. Ал Башмаков ассамблея Сағадиевтің ұсынысын толық қолдайтынын мәлімдеген.

Бұдан кейін сөйлегендер бірінен кейін бірі Назарбаевтың саясатын мақтап, я қолдай жөнелді.

Съезде сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева Назарбаевтың кандидатурасын қолдайтынын білдіріп, "Бұл күнде бүкіл әлем таныған Қазақстан - Нұрсұлтан деген сөз жастың да, кәрінің де мақтауына айналды. Қазір халық жақсы өмір сүруде, ел сіз жүргізіп отырған саясаттың дұрыстығын мойындады. Бізді сіз ғана алға бастағаныңызды қалаймыз" деді.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев "Қазақстанда тарихи өлшеммен алғанда қысқа мерзімде күшті және заманауи мемлекет құрылғанын" айтты. "Тамаша астана салынды, ғылым, экономика, мәдениет пен өнер дамып жатыр. Қазақстан құрлықаралық магистралдер салып, ғарышты игеруде, тартылып қалған теңізді қалпына келтіруде, әлемдік саяси процесстерге белсенді қатысуда" деді Көшербаев.

Қазақстанда кезектен тыс президенті сайлауы 26 сәуірде өтеді. Әзірге сайлауға түсу үшін Қазақстан коммунистік халықтық партиясының үміткері Тұрғын Сыздықов пен өзін-өзі ұсынған Астана тұрғыны, "Рухани әлем қоғамы" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Лимана Қойшиева қазақ тілі сынағынан өтіп, қолдаушылар тізімі мен қолын жинау парақшасы берілген.

Бүгін "Нұр Отан" партиясы атынан "бірауыздан" президенттікке кандидат ретінде ұсынылған 74 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылдан бері Қазақстанды басқарып келеді. Қ​азақстан оппозициясы елде авторитарлық билік режимін орнатып алған президент Назарбаев әкімшілік ресурстың көмегімен әр сайлау сайын «жоғары көрсеткішке» қол жеткізеді дейді. Халықаралық демократиялық ұйымдар Қазақстанда бұған дейінгі президент сайлауларын еркін емес және әділетсіз өткен деп сынға алған. Ресми Астана ондай сынмен келіспейді.

XS
SM
MD
LG