Accessibility links

Доңғалақ желімдеушінің бір күні


Доңғалақ желіімдеуші Метербек Иманғазиев. Алматы облысы, Байсерке ауылы, 27 желтоқсан 2011 жыл.
Доңғалақ желіімдеуші Метербек Иманғазиев. Алматы облысы, Байсерке ауылы, 27 желтоқсан 2011 жыл.

Жиырма жылдан бері доңғалақ желімдеуді кәсіп етіп келе жатқан шебер орташа айлық табысы 150 мың теңге екенін айтады.


Кейіпкеріміздің аты-жөні - Метербек Иманғазиев. 1950 жылы Алматы облысы Сарқант ауданында дүниеге келіпті. Үш ұлы, бір қызы бар.

ЖАҢА КӘСІПКЕ БЕЙІМДЕЛУ

– Бұл кәсіпті 1991 жылы Алматы-Семей күре жолының бойында бастаған едім. Ол тұста ауылдық жерлерде вулканизация деген атымен жоқ еді ғой, - деп бастады Метербек әңгімесін.

Сарқант ауданына қарасты Алмалы ауылында қарапайым қоймашы болып істеген ол кісі совхоз тарап, мүліктер жекешелендіріліп кеткен тұста екі қолын қусырып бос қалған екен.

– Ауылды жаппай жұмыссыздық жайлап, мен ғана емес, елдің бәрі әрі-сәрі күй кешіп жатқан кез еді ғой. Балаларым әлі мектепте оқитын. Қарап отырып аштан
Доңғалақ шеберханасы. Алматы облысы, Байсерке ауылы, 27 желтоқсан 2011 жыл.
Доңғалақ шеберханасы. Алматы облысы, Байсерке ауылы, 27 желтоқсан 2011 жыл.
өлетін емес, өзіме беймәлім кәсіпті тәуекелге бел буып бастап кеттім. Ол кезде мынандай аппараттар да жоқ. Доңғалақтарды дискіден қолмен ажыратып, отқа қақтап желімдейтінбіз, - деп күледі өткен күндерін есіне алған доңғалақ желімдеуші.

Жаңа кәсібіне жылдам бейімделген Метербек «өмірімнің бұдан кейінгі ермегі осы болады деп ойлаған жоқ едім ол кезде» дейді.

– Елдің бәрі қиналып жатты ғой. Кәсібімді алғаш бастаған кезде тұрмысы төмен отбасыларға, соғыс ардагерлеріне елу пайыз жеңілдікпен қызмет көрсеттім. Солардың алғысы ма, әлде жолым болды ма, білмеймін, ісім жылдам алға басты, - деген ол кәсібінің «байытып жібермесе де, ел қатарлы өмір сүруіне мүмкіндік бергенін» айтты.

«КҮНДІК ТАБЫСЫМ – 5 МЫҢ ТЕҢГЕ»

Қазір Алматы облысы Іле ауданына қарасты Байсерке ауылының кіре берісінен шағын ғана доңғалақ желімдеу (вулканизация) орнын ашып, шаруасын шалқытпаса да, дөңгелетіп отырған шебер өзінің орташа табысын жасырып жатпады.

– Біз үшін қаңтар, ақпан айлары - «өлі кезең». Бұл екі айда мүлдем жұмыс жоқ деп айтсақ болады. Ал алғашқы қар жауғанннан кейінгі бір ай – нағыз сезон
Доңғалақ желіімдеуші Метербек Иманғазиев. Алматы облысы, Байсерке ауылы, 27 желтоқсан 2011 жыл.
Доңғалақ желіімдеуші Метербек Иманғазиев. Алматы облысы, Байсерке ауылы, 27 желтоқсан 2011 жыл.
. Бұл уақытта күніне 40 мыңға дейін пайда көреміз. Қалған сегіз-тоғыз айда жұмысымыз бір қалыппен жүреді, - деген доңғалақ жөндеуші «әрі кеткенде күніне бес мың теңге табыс табамыз» деп қосып қойды.

Метербек доңғалақ желімдеу орнын жалға алып отырғанын айтты.

– Жалға алғаным үшін мына орынға айына 25 мың теңге төлеймін. Оған қоса бір көмекшім бар. Оның айлығы - 50 мың. Жылына 60 мың теңге салығым тағы бар. Салық қомитеті менің айлық кірісімді 180 мың деп есептеп берді, - дейді.

Азаттық радиосының тілшісі мұның мәнісін сұраған еді.

– Арасында балон, камера сатамыз. Бірақ тұрақты түрде емес. Алайда салық комитеті осыны да есепке алады,- деген Метербек біздің «Сонда бұл шыққан шығынның сыртындағы пайда ма?» деген сауалымызға «иә» деп жауап қатты.

– Мен үшін бұл жерде басты мақсат - ақша емес, клиенттерге адал қызмет көрсету. Өйткені сенің ісіңді бір адам «жаман» десе, ол жүз адамға жетеді, - деді қазір кәсіби доңғалақ жөндеушіге айналған бұрынғы қоймашы.

– Құдайға шүкір, бүгінде бала-шағам ер жетті. Осы кәсібімнің арқасында оларды оқыттым, тоқыттым, - дейді ол.

Метербек алдағы наурыз айында пайғамбар жасына жететінін айтады. «Бірақ, зейнетке шықсам да, бұл кәсіпті қоя алмайтын шығармын. Өйткені қазіргі күні нан табу емес, күнделікті ермегіме айналып барады» дейді ол.
XS
SM
MD
LG