Accessibility links

«Тұран» тобы қайырымдылық кешін өткізді


"Тұран" этнотобының қайырымдылық концертіне келген көрермен сахнада ақша жинап жатыр. Алматы, 25 желтоқсан 2012 жыл.
"Тұран" этнотобының қайырымдылық концертіне келген көрермен сахнада ақша жинап жатыр. Алматы, 25 желтоқсан 2012 жыл.

Топ мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектескісі келген. Әкімдіктің тізімінен, көп баланың ішінен бір жасөспірімді таңдап алыпты.

Бұл концертті өткізуге себеп болған - талма ауруымен (эпилепсия) ауыратын 14 жасар Ерасыл Мынкен. Этнографиялық-фольклорлық топ ән кешін Алматыда желтоқсанның 25-і күні өткізді.
«Тұран» ансамблінің менеджері Хангелді Медеубекұлы. Алматы, 25 желтоқсан 2012 жыл.
«Тұран» ансамблінің менеджері Хангелді Медеубекұлы. Алматы, 25 желтоқсан 2012 жыл.

- Алла ризалығы үшін, Ерасыл мен анасына қолдау көрсетіп, аз да болса көмегімізді тигізгіміз келді. Көп баланың (мүгедек балалар — ред.) ішінен осы балаға жәрдем берсек дедік. Қолдан келгенше көмегін көрсеткен, жиналған қауымға көп рахмет. Түскен қаржыны халықтың көзінше Ерасыл мен анасының қолына табыстадық, - дейді «Тұран» ансамблінің менеджері Хангелді Медеубекұлы Азаттық радиосы тілшісіне.

«ҚАЗІР БАЛАМ ТӘУІР БОЛЫП КЕЛЕ ЖАТЫР»

Ерасылдың анасы Күләш базарда ұсақ сауда жасайды. Өзінің айтуынша ұлы екеуінің арманы – баспана.

- Негізі Семей өңірінің тұрғынымын. Балам алғаш ауырған кезде, Алматыға емдету үшін келген едім. Қазір балам тәуір болып келе жатыр. Мектепке бара алмайды. Себебі талма ауруы ұстап қалуы мүмкін. Сондықтан мұғалімі үйге келіп оқытады. Алматыға келгелі 10 жылдан асса да, әлі күнге дейін пәтер жалдап күн кешіп келеміз. Бір жағынан жұмыс істеп жүріп, баламды емдетіп, арнайы мектепке оқытамын. Үй алу жағдайы біздің мемлекетте өте қиын. Біздің жағдайымыздың қиындығының бір себебі – пәтер жалдап жүргеніміз, - дейді Күләш Мынкенова.

«ӨСКЕНДЕ МАМАМА КӨМЕКТЕСЕМІН»

Ал, Ерасыл басқа балалар сияқты мектепте оқығысы келетінін айтты.
Талма ауруымен (эпилепсия) ауыратын 14 жасар Ерасыл Мынкен анасы Күләшпен бірге тұр. Алматы, 25 желтоқсан 2012 жыл.
Талма ауруымен (эпилепсия) ауыратын 14 жасар Ерасыл Мынкен анасы Күләшпен бірге тұр. Алматы, 25 желтоқсан 2012 жыл.

- Бізге көмектесіп жатқан адамдарға көп рахмет. Өскенде мамама міндетті түрде көмектесемін. Үлкен машина алып, қайда апар десе, сонда апаратын боламын. Жұмыс тауып, сол ақшаны мамама беремін, - деді Ерасыл Мынкен.

Көрермен Молдахан Әбдраевтың айтуынша, «бұл қайырымдылық кеші - әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда, үлкен бастама».

- Бастаманы тек ұрандап көтеруге болмайды. Адамның жан-дүниесіне әдемі сарындағы саз сыйлай отырып, адамдардың мейірімділігін концерт арқылы оятты, - дейді Әбдраев.

Залдағы жиналған халық ортадағы шыны жәшікке ақша салды. 184 657 теңге, 108 доллар, 10 евро, 20 сом жиналды.
XS
SM
MD
LG