Accessibility links

Қытайда 13 жылға сотталған азаматына Қазақстан билігі араша түсе ала ма?


Рақыжан Зейноллаұлының әйелі Фарида Қабылбекқызы. Алматы, 12 қаңтар,2009 жыл.
Рақыжан Зейноллаұлының әйелі Фарида Қабылбекқызы. Алматы, 12 қаңтар,2009 жыл.

Қазақстан азаматтығын алуға құжаты дайын тұрған Рақыжан Зейноллаұлы ҚХР мемлекеттік қауіпсіздік туралы заңының 4-бабына сәйкес ақпарат тасушы саяси қылмыскер ретінде 13 жылға бас бостандығынан айырылып, Үрімжі қаласындағы №1 түрмесінде жазасын өтеп жатыр.

Азаттық радиосына арнайы келген Рақыжанның әйелі Фарида Қабылбекқызы Қытайға сапарлап кетіп, жоқ жерден істі болып қалған күйеуінің бастан кешкендерін әңгімелеп берген еді.


Рақыжан Зейноллаұлы 2000 жылы атамекені Қазақстанға, Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ кентіне Қытайдан көшіп келіп, ел қатарлы тіршілік кешіп жатқан. 2003 жылдың тамыз айының 6-сында ҚР азаматтығына құжаттарын өткізген. Бір жылдан кейін, яғни, 2004 жылы Қытайдағы туыстарына қыдырып барған жерінде оны Мөңке, Базыр есімді Боратала облыстық мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері төңіректеп жүріп, Қазақстанға кетерінен бір күн бұрын басқа бір ауданға жеке жұмыстарымен барған кезінде қолға түсірген.
Қазақстан президенті әкімшілігінің Рақыжанның әйелі Фариданың хатына берген жауабы.


36 күн бойы із-түссіз жоғалған Рақыжан 2004 жылдың 18 тамызында адам танымастай кейіпте туыстарының үйіне оралған. Жақындары не болғанын сұрағанда, Рақыжан өзін ұстаған мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері көзіне жарық түсіріп қойып, күні-түні ұйықтатпай, үш адам кезекпен сұраққа алғанын, ақырында тергеушілердің дегеніне көніп, қағаздардың бәріне қол қойып бергенін айтады.

Тергеушілер Рақыжаннан Боратала облысындағы басшылық қызметтегі қазақ азаматтарымен байланысы бар-жоғын тәптіштеп сұрап, ештеңе шықпаған соң Боратала облыстық мемлекеттік қауіпсіздік мекемесінде жұмыс істейтін Оралхан есімді қазақ жігітін мұның Қытайдағы сыбайласы етіп мойындатқан. Сөйтіп, екі қазақ азаматын бірдей Қазақстанның жансызы етіп шығарған.

Ал, екі қазақты, заттай және басқа да айғақтардың жоқтығына қарамастан ақпарат тасушы саяси қылмыскер деп соттаған сот Боратала облыстық саяси заң комитетінің бастығы Номындала есімді адам жоғарыда Рақыжанды ұстаған Мөңке мен Базырдың туысқаны көрінеді.
Рақыжан Зейноллаұлының азаматтық алуға құжат тапсырғаны жөнінде берілген анықтама қағаз. Алматы, 10 қараша 2003 жыл.

Боратала сотының шешіміне келіспеген Рақыжанның туыстары Шыңжаң өлкелік Жоғарғы сотына шағымданған. Өлкелік сот Рақыжанның қылмыстық құжаттарымен таныса келіп, ешқандай заттай айғақтың жоқтығы және оқиға болған жер мен уақыттың сәйкессіздігі оның ақталуына жол ашады деп, Рақыжанның туыстарын үміттендірген. Алайда, өлкелік соттың отырысына бір апта қалғанда, сот табан астында айнып шығып, соттың өтпейтінін және Боратала сотының үкімі күшінде қалатынын айтқан.

Фарида Қабылбекқызы Қытай мен Қазақстандағы ресми билік орындарына көмектесуін өтініп барғанымен ешкім селт етпеген. Бірақ Фарида Алла мен адамның алдында некелескен күйеуінің жазықсыз екенін дәлелдеп, Қытай түрмесінен алып шығу үшін неге де болса дайын екенін айтады.

Азаматтық құжаты дайын тұрған қазақ азаматына Қазақстан тарапынан көмек болуы мүмкін бе деп, Сыртқы істер министрлігіне хабарласқанымызда, есімін атамаған министрлік өкілі бұл іске байланысты қандай да бір жауап алу үшін болған оқиғаны баяндап ресми хат жолдаңыздар деді.
Фарида Қабылбекқызының өтінішіне орай Бас прокуратураның қайтарған жауабы.

— Оның басты қателігі азаматтығын алмай кетуі. Егер ол ҚР азаматы болса, Сыртқы істер министрлігі Қытайға нота жіберіп, біз бұл іске араласа аламыз.
Мұндай істі бірінші рет кездестіріп отырмыз. Қылмысы болмаса Қытайда да жай адамды соттамайтын болар. Мүмкін ҰҚК арқылы Рақыжанның ісіне араласу қажет шығар. Жалпы Қытайдан келген қандастарымыздың арасында азаматтық алса да, салдарының қандай болатынын ойламастан Қытай паспортын тапсырмай, өздерінің ұсақ-түйек жұмыстарымен сол жаққа қатынайтындары көп, - деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметкері Ботагөз Уатқан.

Қазақстандағы ҚХР Бас консулдығындағы қызметкер Дина Тұрарова елшілікте аталмыш оқиғаға байланысты ақпарат жоқ, егер ол кісі ҚР азаматы болса, Қытайдағы Қазақстанның елшілігіне хабарласыңыздар деп жөн сілтеді.

Күйеуі нақақтан-нақақ сотталды деген Фарида әділдікті енді Еуропадан іздеуге ниетті. Және Қазақстан тарапының әлі де болса көмектесуін, шет жерде құқы тапталып, қорлық көріп отырған қазақ азаматының тағдырына араша түсуін өтініп отыр.

Осы оқиғадан кейін жергілікті билік Боратала облысында тұратын қазақтар Қазақстанға келуі үшін жеті бірдей мекемеден мөр бастырып, тексеруден өтуі керек деген заң шығарған. Ал, тепсе темір үзетін екі бірдей қазақ азаматын "саяси қылмыскер" және Қазақстанның "жансызы" деп ұстаған Боратала облыстық мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері мемлекет тарапынан үй, көлік және басқа да сый көріп, қызметтері өскен.
XS
SM
MD
LG