Жақында қазақстандық Ninety One тобының «Су асты» деген жаңа клипі шықты. Кей қазақстандықтар бұл топтың өнерінен гөрі сырға тағып, шаштарын бояған сырт келбетіне баса назар аударады. Бұл жолы да жаңа клипті сынағандар табылды. Біреулер оны «түсініксіз» десе, екіншілері «сөзі ұғынықсыз» дейді. Топты жақтырмайтындардың негізгі уәжі – жігіттердің боянып, сырға тағатыны.
ВИДЕО: «Су асты» клипінің Youtube әлеуметтік желісінен алынған видеосы:
Ал Қытайда Ninety One тәрізді «дәстүрлі ұғымдарды бұзған» андрогиндік FFC-Acrush (бұдан ары Acrush – ред.) тобы сәуірдің 28-і күні Пекинде концерт өткізген.
18 бен 24 жас аралығындағы бес қыздан құралатын Acrush-тың ерекшелігі – ұлдар сияқты киінетіндері. Acrush тобының концертіне барған мыңдаған көрермен олардың ұлдан айнымайтын қыздар екеніне таңғалысқан.
Шаштарын қысқартып, жирен немесе негізінен сарыға бояп алған қыздарды бір қараған адам бозбалалар деп қалады. Ұлша киінген олардың сахнадағы қимыл-қозғалыстары да бозбалалардан айнымайды.
Acrush тобы (Reuters видеосы):
Қытайдағы жұрттың көбі «ұлдар тобы» атап кеткен Acrush-тың клипін осы елдегі Weibo әлеуметтік желісінде 749 мың адам көріп, таратып үлгерген. Weibo-дағы чаттардан топ өкілдерінің «сапалық деңгейлерін сақтау үшін андрогиндік қалыпта қалатындарын» айтқанын байқауға болады.
Reuters ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Acrush тобының өкілі, 21 жастағы Лю Кэжань (Lu Keran) «Шын мәнінде мен кейде өзімді қыз сияқты ұстаймын, менің әртүрлі қызғылт киімдерім бар. Бұл - қалыпты нәрсе. Шынымды айтсам, unisex-ке көбірек назар аударамын, бұл маған ыңғайлы, солай киінемін. Оны кері тартушылық деп есептемеймін, өзіме ұнайды» деген.
Unisex
Unisex (юнисекс) – адамның сыртқы келбетіне, киім мен сән үлгісіне қатысты пайдаланыла бастаған жаңа ұғым. Unisex стиліне киім үлгісі, аяқкиім, шаш үлгісі, макияж, парфюмерия кіреді. Бұл стильдердің ортақ белгісі – сырт қарағанда unisex имиджіндегі адамның жынысын, яғни ер не әйел екенін ажырату мүмкін емес болады.
Reuters-ке топ жетекшісі Чжоу Сяобай (Zhou Xiaobai) «топ атын түрлендіріп, «ұлдар тобы» немесе «сұлу қыздар» деп кекетудің қажеті жоқ екенін, керісінше жас өнерпаздардың имиджін пайдаланып қалу керектігін» айтқан.
Ол «Өйткені біз ұл да емеспіз, шабуыл жасайтын ханымдар да емеспіз. Адамның ішкі әлеміне әсер ету үшін «әдемі жастарды» пайдалануымыз керек» деген.
«ЖАСТАР ГЕНДЕРЛІК ДӘСТҮРГЕ ҚАТТЫ МӘН БЕРМЕЙДІ»
Acrush Қытай музыка әлемінде андрогиндік сипаттағы алғашқы жоба емес. 2005 жылы «Супер қыз» атты ұлттық өнер байқауында жеңіске жеткен бозбала Ли Юйчунь (Li Yuchun) әйелше киініп, Қытайдың консервативтік тұрғындары арасында пікірталас тудырған еді.
Қытайда мұндай андрогиндік құбылыстарға қарсы пікір білдірушілер аз емес. Солардың бірі - Қытай коммуникация университетінің 35 жастағы зерттеуші-ассисенті Сунь Байхуэй (Sun Baihui) «1990 жылдан кейін дүниеге келген ұрпақ ашық мінезді және қытайдың ер мен әйел келбетіне қатысты дәстүрлеріне автоматты түрде мойын бұрмайтынын» айтады.
«Қытайда гендерлік мәдениет іргетасы әлсірегенін енді сезіп жүрміз. Кішкентай кезімізде дәстүрлі гендерлік мәдениетті, ер мен әйел арасындағы айырмашылықты көре алатынбыз. Енді қазір түрлі жағдайлардың қайшы келіп жатқанын байқап отырмыз» дейді ол.
Бірақ Acrush тобын қолдаушылар да бар. Мәселен, Пекин университеті студенті Юй Хань (Yu Han) «Келбеттері сондай әдемі және олар - Қытайдағы [осы стильдегі] алғашқы әйелдер тобы» деп жазады.
18-24 жас аралығындағы бес қыз сәуірдің 28-і күні Пекин қаласында танымал спорттық бренд Fantasy Football Confederation киімдерімен алғашқы концерттерін өткізді. Сол шарада Acrush продюссерлік орталығы «жақында осы сияқты тағы бір қыздар ұжымын таныстыратындарын» мәлімдеді.
Қазақстанға Acrush тобына Қытайда көрсетілген реакцияға ұқсас құбылыс таңсық емес. Бұрынғы «Орда» тобының әншісі Ерболат Беделханның жетекшілігімен құрылған Ninety One поп-тобының алғашқы клипі шыққаннан кейін қазақстандықтар арасында оны сынап-мінеушілер көбейген еді. Олардың имиждерін қабылдай алмаған кейбір белсенді тұрғындар Ninety One мүшелерін дәстүрге қарсы деп айыптап, Қазақстанның бірнеше облысында концерттерін өткізбей тастаған.
Ал Acrush тобы концерттерін Қытай астанасы Пекинде өткізгеніне қарағанда, ондай қатты қарсылыққа ұшырай қоймаған сияқты.