Ұлыбританияның танымал журналисі Ян Бреммер (Ian Bremmer) Facebook парақшасында «Ah yes, Kazakhstan fashion week» деп, шағын пост жариялады. Бреммер Алматыда сәуірдің 21-і аяқталған Kazakhstan Fashion Week апталығында көрсетілген жас дизайнер Абзал Сейдин коллекциясынан түсірілген, Калашников автоматын асынған, милитари стиліндегі киім үлгісімен подиумға шыққан модельдердің суретін жариялаған.
Пост астына Абзал Сейдин көрсеткен киім үлгілерін сынаған да, керісінше, «дизайнер еркін болуы керек» деп қолдаған пікірлер жазылған. Қазақстандық контентте жақтаушылардан гөрі, сынаушылар басым көрінді. Мәселен «Ардак Букеева» есімді қоданушы «Что за бред? Кто автор коллекции? Мы тоже берем Крым или записываемся в ИГИЛ?» деп нарызылығын білдірген.
Азаттық тілшісіне шағын сұқбат берген коллекция авторы, 19 жастағы дизайнер Абзал Сейдин, идея – британдық «Ярость» фильмін көргеннен кейін туғанын айтты.
- Киім үлгілері 18 бен 30 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерге арналған. Заманауи стильде жасалған. Коллекцияны жасау алдында әскери фильмдерді көрдім, негізінен идея британдық «Ярость» атты әскери фильмнен кейін пайда болды. Мен әдетте коллекция жасау алдында фильмдер көремін, музыка тыңдап, суреттерге қараймын, көбіне идея содан пайда болады, - деді дизайнер.
Абзал Сейдин - Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің 4-курс студенті. Ол коллекциясы арқылы соғысқа қарсылығын көрсеткісі келгенін айтады.
- Елдің көбі, «қазір Сирияда соғыс болып жатыр, дизайнер соларға жақтасқан секілді» деп қабылдады. Бірақ олай емес, оларға жақтасқан жоқпын. 1941-1945 жылдары соғыс болғанын, сол күнді ешқашан ешкім ұмытпауы керек деп ойлаймын, қазір адамдар еркінсіп кетті ғой. Сол аураны көрсеткім келді. Менің негізгі стилім – минимализм, бір-екі ғана түс, мейлінше қарапайым, еркін пішімдегі киімдер. Бұл әдетте жапондық немесе вьетнамдық стильдермен образдарға ұқсап тұрады, - дейді жас дизайнер.
Ал астаналық дизайнер Дариға Тайшықова, «бас киім мен қолындағы қаруды алып тастаса, бұл үлгілерді күнделікті киюге әбден болады» деген пікірде.
- Дизайнер коллекциясы арқылы әскери іс-қимылдар атмосферасына енгізді, бұл қорқыныш пен үрей тудырады. Бірақ бұл дизайнердің алға қойған мақсаты болуы мүмкін.Автомат және противогазбен жасалған милитарий стиліндегі бұл коллекция автордың батыл қадамы болды деп ойлаймын, - деді Дариға Тайшықова.
Әлемде сән саласында милитари стилі өткен ғасырдың ортасынан қалыптаса бастады. Бұл - әскери формалар мен «аксессуарларды» күнделікті киім үлгілеріне енгізіп, сәнге айналдыру құбылысы. Милитари стиліндегі киім үлгілерін кейбір мамандар «соғысқа қарсылық» ретінде түсіндірсе, кей адамдар оны соғысқұмарлық ретінде ұғады. Қазір Қазақстан қалаларының да көшелерінен камуфляждық немесе басқа (көбінесе хаки) реңктегі күнделікті киім үлгілерін байқауға болады.