Журналист Серікбол Хасан бала кезден бастап қазақша тақия киіп келеді. Оюмен көмкерілген киізден жасалған мына бір көкшіл тақияны ол арнайы жәрмеңкелерден таңдап жүріп сатып алған екен. Оның айтуынша, «киізден жасалған мұндай тақиялар керемет ыңғайлы».
- Көп адамдар жазда мен киіз тақия киіп бара жатсам, тоқтатып алып сұрайды: «басың жанып кетпеді ме, қалай күн ыстық кезінде басыңа киіз тақия киіп алдың?» деп. Мен әзілдеп айтам: «ол тоңазытқыш сияқты, сырттан қатты ыстық ұрса, ол ішінен соншалықты салқын болып тұрады» деп. Шын мәнінде қатты салқын да болмайды, қатты ыстық та болмайды. Басқа жайлылық береді, - дейді ол.
Журналист үшін тақия тек бас киім ғана емес, «ұлттық иммунитетті сақтап тұратын құрал», сондықтан «жүрген жерінде ұлттық нақышта киім киюді үнемі насихаттап жүретінін» де айтады.
Қазіргі кезде сәукеле, бүрмелі көйлек, камзол, шапан, бөрік сияқты қазақ халқының ұлттық киімдері тек мереке-мейрамдарда, той-думандарда киетін ерекше киім үлгілеріне айналған. Оларды күнделікті өмірде ешкім кимейді. Әйткенмен қазіргі уақытта ұлттық нақышы бар, заманға бейімделген киім түрлері шығып жатыр. Дәл осындай үлгідегі киімдер сатумен айналысатын кәсіпкер Бақыт Құсайынқызының айтуынша, «өкінішке қарай, қазақы үлгіде киім тігумен шұғылданатын дизайнерлер өте аз».
- Тігіншілер аз, бізде дизайнерлер бар, зауыты бар, бірақ істете алмай отыр. Жастар келмейді, келіп біраз үйренеді де, кетіп қалады. Өте жалқау біздің қыз-ұлдарымыз. Олар өздері талпынса, өнерлерін паш етсе, - дейді кәсіпкер.
2002 жылы Қытайдан Қазақстанға көшіп келген кәсіпкердің айтуынша, «бұл тұрғыда қытай қазақтары алға кетіп қалған». Бақыт Құсайынқызы Азаттық тілшісіне «Қытайдағы дизайнерлер жасаған» деп, ұлттық нақышта тігілген сәнді киімдердің суреттерін де көрсетті.
Ұлттық стильдегі киімдерді жаңғыртуға тырысып жүрген дизайнерлер Қазақстанда да бар. Бұл ретте жас дизайнер Ая Бапани, Салтанат Баймұхамедова, Мүслім Жұмағалиевтерді атауға болады. Олар әлеуметтік желіде өздерінің жұмыстарын көпке көрсетіп, пікірлерін біліп отырады. Алайда көптеген азаматтар мұндай үлгідегі киімдердің қымбат екенін айтады.
Бір мәселе бағада болса, екінші мәселе – олардың аздығында. Ұлттық нақышта киінгенді ұнататын Алматы тұрғындары Анар Тоқсанбекова және Самат Әкімбаев мұндай киімдерді кез-келген дүкеннен таба алмайтындықтарын айтады. Олардың ойынша, егер ұлттық нақышта киім шығаратын тігінханалар көбейсе, онда уақыт өте келе қазақы киімдердің бағасы арзандап адамдар көбірек киетін еді деп санайды.
- Қазір кез келген батыстық стильдегі киім алғың келсе, кез-келген жерге барып аласың. Ал ұлттық өрнектері бар, салт-дәстүрімізге сай киімдерді өкінішке орай барлық жерден таба алмайсың, - дейді Самат Әкімбаев.
Кейбір мамандардың айтуынша, ұлттық нақыштағы киімге нарықта сұраныс жоқ, сондықтан тігінханалар үшін оларды тігу тиімсіз. «Алтынның қасиеті аздығында» демекші, ұлттық киімдердің күнделікті өмірге бейімделіп, арзан, құнсыз болып кеткенін қаламайтын мамандар да бар. Біз бұл жөнінде Азаттық тілшісі қала жастарының да пікірлерін біліп көрген еді.
Олардың бірі «Қазір дизайнерлер ұлттық нақыштағы киімдерді шығарып жатқан жоқ, егер дизайнерлер күнделікті киіп жүрген киімдерге ою-өрнектер салса, онда жастар көп киетін еді» десе, енді бірі «Жан-жаққа қарасаң, ұлттық киім киген бірде-бір адам жоқ. Неліктен? Өйткені олар күнделікті киіміне келіңкірімейді, ыңғайсыз» дейді. Жастардың кейбірі олардың қымбат екенін айтты.