Фарида Қабылбекқызы «Үрімжіге барсам, «күйеуің - Қазақстан азаматы, сол жақтан шағым жасап, сұрау салыңыз» деп осында сілтейді. Қазақстандық консулдық қызмет департаменті: «Ол Қытайға аталған елдің ұлттық паспортымен барып, сол жерде ұсталған. Және Қытай азаматы ретінде бас бостандығынан айрылған, біз араласа алмаймыз» деп ат-тондарын ала қашады» дейді.
Қытайға барған жерінде қамауға түскен оралман туралы Азаттық радиосы бұған дейін де жазған болатын. Әйелінің айтуынша, Рақыжан Зейноллаұлы 2000 жылы Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ кентіне Қытайдан көшіп келіпті. 2003 жылғы тамыз айының 6-сында Қазақстан азаматтығына құжаттарын өткізген. Бір жылдан кейін, яғни, 2004 жылы Қытайдағы туыстарына қыдырып барған жерінде оны Бұратола аймақтық мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері қамауға алған.
«ҚЫЛМЫС»
Фариданың сөзінше, 36 күн бойы із-түссіз жоғалған Рақыжан 2004 жылдың 18 тамызында адам танымастай кейіпте туыстарының үйіне оралған.
- Жақындары не болғанын сұрағанда, Рақыжан өзін ұстаған мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері көзіне жарық түсіріп қойып, күні-түні ұйықтатпай, үш адам кезекпен сұраққа алғанын, ақырында тергеушілердің дегеніне көніп, қағаздардың бәріне қол қойып бергенін айтыпты, - дейді оның жұбайы Фарида Қабылбекқызы Азаттық радиосына.
Радиоға шағымдана келген Фариданың айтуынша, күйеуіне тағылған басты кінә - Қытайдан Қазақстанға 10 баланы оқуға әкелгені-міс. Осыны желеу еткен Бұратола аймақтық қауіпсіздік комитетінің қызметкерілері оған «Сен Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің қызметкерлерімен байланыс жасап, сөз тасыдың. Тыңшылық жасадың» деп кінә таққан.
- Өзі заң білмейтін, 3 сыныптық қана білімі бар күйеуімді ұрып-соғып, алдап-сулап жүріп әлдебір қағаздарға қол қойғызған. Сөйтсе, ол сол жердегі қауіпсіздік комитетінде қызмет істейтін басқа бір адамның үстінен жинаған айғақтама екен. Тергеушілер Рақыжанның достарынан да әлдебір таза қағаздарға қол қойғызып алған, ол кейін қосағыма тағылған айыптарды үстемелеп берді. Себебі, қол қойғызған қағаздарды кейін өздері толтырса керек, - деп топшылайды Фарида Қабылбекқызы.
СЕРГЕЛДЕҢ
Содан бері Астана мен Үрімжінің арасын шаң қылған Фарида шарасыз күйде отырғанын айтады. Өйткені Қытайға барса Қазақстанға сілтейді, ал бұл жақтағылар Қытайға сілтейді.
- Мен осыдан екі жыл бұрын Бейжіңге дейін бардым. Өйткені Үрімжідегі шенеуніктерге шағымданудан ештеңе шықпайтынына көз жеткізген болатынмын. Бірақ маған ол жақтан «Рақыжан Зейноллаұлы - Қазақстан азаматы. Сондықтан шағым-арызыңызды сол жақтан сыртқы істер министрлігі арқылы жолдаңыз» деп жауап берген болатын, - дейді Фарида.
Осы уақытқа дейін Фарида Қабылбекқызы күйеуін Қазақстанға ауыстыру жөнінде арыз жазып, бас прокуратурадан бастап президент әкімшілігіне дейін жолдапты.
Мәселен, Фарида Қабылбекқызына 2009 жылы 27 наурызда Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінен жолданған жауап хатта «Арызда ҚР ҰҚК Алматы облысы бойынша департаментінің қызметкерлері деп көрсетілген Қайрат пен Ербол есімді тұлғалардың аталған бөлімде 2003-2004 жылдары аралығында жұмыс істемегендігін хабарлаймыз. ҚР президентінің 2004 жылғы 12 наурыздағы №1302 қаулысына сәйкес Р. Зейноллаұлы Қазақстан Республикасының азаматтығына өткен. Бұл оның құқығы мен мүддесін Қазақстан Республикасының Ата заңымен қорғауға негіз болып табылады» деп көрсетеді.
Ал президент әкімшілігі Фарида Қабылбекқызына «ҚР президентінің 12.03.04ж №1302 жарлығы бойынша сіздің жұбайыңыз Қазақстан азаматтығын алғандығын ескере отырып, 2009 жылғы 2 сәуірде арызыңызда көрсетілген мәселелерді қайта мұқият қарап, Қытай Халық Республикасынан ресми ақпарат алып, ҚР конституциясына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес Р.Зейноллаұлының құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қажетті шараларды қабылдау жөнінде сыртқы істер министрлігіне тапсырма берілді. Қабылданған шаралар нәтижесін сізге Сыртқы істер министрлігі хабарлайды» деп ресми түрде жауап жіберген.
Сыртқы істер министрлігіне қарасты консулдық қызмет департаментінің директоры Р. Сейітбатталов «2009 жылы 8 сәуірде Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінің басшылығы Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чен Гопинмен кездесу өткізді. Елші өз тарапынан Р.Зейноллаұлының сотталуына байланысты мән-жайды анықтап, қазақстандық тарапқа уақытылы ақпарат жіберетінін айтқан. Қытай тарапынан осы жағдайға қатысты келіп түскен мәліметтерді қосымша хабарлаймыз», - деп президент әкімшілігінің тапсырмасы бойынша бір рет жауап беріпті.
– Алайда қосымша хабарлаған ешкім болмады, – дейді Фарида.
«МАЛ ҚҰРЛЫ ҚҰНЫМ ЖОҚ ПА?»
Фарида кіші қызы Розаның қыркүйек айының басында Үрімжіге, әкесіне барып жолығып қайтқанын айтады.
– Әкесі «Мені іздейтін бір адам жоқ па? Бір малы жоғалса да сұрау салатын қазақ емес пе едік!» деп жылапты, – дейді Фарида Қабылбекқызы.
Азаттық радиосының тілшісі Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне қарасты консулдық қызмет басқармасының бастығы Азамат Аусадықұлына тілдескенінде:
– Бірінші рет естіп тұрмын. Менде ол туралы ешқандай ақпарат жоқ, – деп жауап берді шенеунік.
Тілші Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігіне де қоңырау шалып көрген болатын. Елшіліктің баспасөз жетекшісі Ван Ин Ин мырза:
– Ол кісі туралы бізде ешқандай мәлімет жоқ. Ештеңе білмеймін, – деді.