Бұл жөнінде Азаттық радиосына келіп түскен хаттар мен телефон қоңыраулары негізінде жазылған мақала мен хабардан кейін Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары да үн қосып, Қытай қазақтарының виза ала алмауы туралы тақырыпты қамти бастады.
ЖҰМЫС ТОБЫ
Қытай қазақтарының виза тауқыметі туралы тақырып қоғамға қозғау салды. Республикадағы бірқатар телеарналар мен басылым беттерінде осыған қатысты бейнесюжеттер, фоторепортаж бен мақалалар жарияланды. Тіпті бірқатар азаматтық қоғам өкілдері мен ұйым өкілдері осы мәселені шешу үшін бас біріктірді.
Астанада Қытай қазақтарының виза аштыру ісіне өзіндік қолдау мен көмек көрсету мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған екен. Оның құрамында Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған бірқатар азаматтар бар. Олар Қытаймен күнделікті хабарласа отырып, осы мәселеге Қазақстан билігінің назарын аударту тұрғысында іс-әрекеттер жасамақ.
– Қытайда қазір виза ала алмай жүрген қандастарымыз жайлы қазақ елінің ең жоғарғы басшылығына, соның ішінде сыртқы істер министрлігіне, оның жаңадан келген басшысына жеткізу. Хат арқылы. Сол жерде нақты болып жатқан оқиғаларды, фактілерді жинастырып хат дайындау, бұл – біріншіден. Екіншіден, осы мәселе бойынша алаңдап отырған адамдарды жинап баспасөз мәслихатын өткізу, – деді осы жұмыс тобын ұйымдастырушылардың бірі Мұрат Алмасбекұлы сәуірдің 21-і күні өз мақсаттары жайлы сұраған Азаттық радиосына.
Оның сөзінше, қазір осы хатқа қолдау білдіремін деушілердің аты-жөні мен қолдарын жинастыру жұмыстары жүріп жатыр.
«ҚАЗАҚСТАННЫҢ МИНИСТРЛІГІ ДЕ ЖАУАПТЫ»
Мұрат Алмасбекұлының сөзінше, Қытайдағы қазақтардың виза аштыра алмау мәселесінің көтеріліп келе жатқандығына бес жыл болған.
Консулдық қызметкерлері бірнеше рет ауысса да, сол жердегі сыбайлас жемқорлық пен араға делдал жүру мәселесі әлі де тыйылмай тұр.
– Сондай консулдықтың нашар қызметіне байланысты. Консулдық қызметкерлері бірнеше рет ауысса да, сол жердегі сыбайлас жемқорлық пен араға делдал жүру мәселесі әлі де тыйылмай тұр. Біздің бас қосқан себебіміз осы мәселе ушығып, шектен шыққанынан болып отыр, – дейді Мұрат Алмасбекұлы.
Оның сөзінше, жиналғандар арасында виза алудың машақатын өз бастарынан өткерген, туыстары бір жылға дейін виза ала алмай келе жатқан азаматтар бар екен.
– Бұл жағдайға бір ғана консулдық кінәлі деп айтуға болмас. Дегенмен істің басында, оқиғаның басында отырған консулдық жауап беру керек. Өйткені нақты жұмыс соларға сеніп тапсырылған. Ал осы консулдықтың қызметіндегі келеңсіздіктерді ескере отырып, ақпарат құралдары арқылы көре отырып, оған ешқандай тексеріс жүргізбей, реттестірмеген тұтас бір елдің – Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де жауапты – дейді Мұрат Алмасбекұлы.
КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН СЕГІЗ МЫҢ АДАМ ЖӘНЕ ТАҒЫ БІР ДИПЛОМАТ
Виза мәселесіне байланысты мақала жарияланып, хабар таратылған соң Азаттық радиосы редакциясына Қытайдың түрлі өңірлерінен тағы да ондаған электронды хаттар келіп, одан да көп телефон қоңыраулары шалынды.
Наразы жұрттың айтуынша, «Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Үрімжідегі төлқұжат-виза қызметі соңғы кездері Қытай қазақтарына виза беру рәсімін әдейі қиындатып, ал Бейжіңдегі консулдық Шыңжаңнан келгендердің құжаттарын мүлдем қабылдамайды. Осының кесірінен Үрімжіде 12 мың адамдық кезек пайда болған».
Азаттық тілшісі Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметтің басшысы Асқар Құсайыновпен байланысу жөніндегі бірнеше мәрте жасаған әрекеті нәтиже
Бұрынғы 10 мың адамнан тек соңғы екі айдың ішінде екі мыңнан астамы виза алды
– Бұрынғы 10 мың адамнан тек соңғы екі айдың ішінде екі мыңнан астамы виза алды, – деген болатын атташе.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Ілияс Омаров бірнеше күн бұрын жергілікті телеарналардың біріне берген сұхбатында бұл мәселені шешуге қатысты «нақты қадамдардың жасалғандығын» айтады.
– Ең күрделі мәселе – Үрімшідегі қызметкерлеріміздің санын арттыру болатын. Біз екіжақты келіссөздер арқылы бір дипломатымызды сонда жіберетін болдық. Жақын арада ол Үрімшіге жетіп, жұмысқа кіріседі, – деді Ілияс Омаров.