Accessibility links

БҰҰ: Төреғожинаның бейбіт жиын өткізу құқығы бұзылған


Азаматтық белсенді, «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымы жетекшісі Бақытжан Төреғожина Жаңаөзен ісінде куәгер болған Александр Боженконың өліміне қатысты наразылық акциясын өткізіп тұр. Вашингтон, 17 қазан 2012 жыл.
Азаматтық белсенді, «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымы жетекшісі Бақытжан Төреғожина Жаңаөзен ісінде куәгер болған Александр Боженконың өліміне қатысты наразылық акциясын өткізіп тұр. Вашингтон, 17 қазан 2012 жыл.

2010 жылы флеш-моб өткізген Бақытжан Төреғожинаға айыппұл салынған еді. Оның БҰҰ-ға берген шағымына төрт жылдан соң жауап келді. БҰҰ Адам құқықтары комитеті билікті белсендінің моральдық шығынын өтеуге міндеттеген.

2010 жылы БҰҰ-ның Адам құқықтары комитетіне шағымданған құқық қорғаушы, «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина комитет шешімін кеше алғанын хабарлады.

Қарашаның 21-і күні шыққан БҰҰ комитеті шешімінде Қазақстан билігі Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 9-бабының («Жеке өмірге қол сұқпау»), 19-бабының («Пікірін білдіру еркіндігі»), 21-бабының («Бейбіт жиын өткізу еркіндігі») ережелерін бұзғаны айтылған. Комитет «мемлекет Бақытжан Төреғожинаның бұзылған құқықтарын қалпына келтіруі, оның ішінде сот шығындарын өтеп беруі тиіс» деген шешім шығарған.

Бақытжан Төреғожина мен тағы бірнеше адам 2010 жылы наурыздың 11-і күні Алматыдағы Махатма Гандидің ескерткіші жанында флеш-моб өткізген. Акцияға қатысушылар көшедегі жұрттан «Қазақстандықтардың рухани жетекшісі кім?» деп сұраған.

Акция аяқталған бетте Бақытжан Төреғожинаны полиция ұстап, оған қарсы «Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заңды бұзды деген айыппен әкімшілік іс қозғалған еді. Алматы қаласының әкімшілік соты оған көлемі 500 доллар айыппұл салған болатын.

Азаптауға қарсы акция өткізіп тұрған Бақытжан Төреғожина. Алматы, 4 ақпан 2010 жыл.
Азаптауға қарсы акция өткізіп тұрған Бақытжан Төреғожина. Алматы, 4 ақпан 2010 жыл.

Бақытжан Төреғожинаның сот шешіміне қарсы түсірген арызын Қазақстан сот инстанциялары қанағаттандырмай, белсенді БҰҰ-ның Адам құқықтары комитетіне шағымдануға мәжбүр болған.

Осыған орай Азаттық тілшісі Бақытжан Төреғожинамен сұқбаттасып, БҰҰ Адам құқықтары комитетінің шешімінің Қазақстандағы салдары қандай болатыны жөнінде сұрады.

«МҰНЫМЕН ТОҚТАМАЙМЫЗ»

Азаттық: БҰҰ Адам құқықтары комитеті шешімін алғаннан кейін қандай әрекет жасағалы отырсыз?

Бақытжан Төреғожина: Біз бұл шешімді ағылшын тілінде алдық, ресми аудармасы қолға тиген соң әкімшілік сотқа тапсырып, 2010 жылы маған тағылған әкімшілік жазаның күшін жоюды талап етеміз. Содан кейін өзіме келтірілген моральдық және материалдық шығындарды өтеу жөнінде тағы да шағым түсіремін. Әрине, мұнымен тоқтамаймыз. «Бейбіт жиындар өткізу туралы заң қабылдау» жөнінде билікке ұсыныс айтып келе жатқанымызға біраз уақыт болған, соны әрі қарай жалғастырамыз. Қазақстанның «Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заңы - 1995 жылы қабылданған, ескірген заң. Оны өзгертетін кез келді. Сондықтан, БҰҰ-ның маған қатысты шешіміне өзіміз жасаған «Бейбіт жиындар» туралы жаңа заң жобасын қосып, парламент депутаттарына, әділет министрлігіне, бас прокуратураға жібереміз. Одан бөлек, 2015 жылы қаңтар айында Қазақстанға БҰҰ-ның бейбіт жиындар туралы арнайы баяндамашысы келіп, Қазақстандағы бейбіт жиындар туралы заңнамалармен танысып, есептер мен ұсыныстар жасайды. Онымен де кездесеміз.

Азаттық: - БҰҰ Адам құқықтары комитетінің Сізге қатысты шешімінде Қазақстанның бейбіт жиындар туралы заңнамасына баға берілген бе?

Бұл шешім маған қатысты шыққанымен, онда «мұндай құқық бұзушылықтар алдағы уақытта болмас үшін Қазақстан өз заңнамасын халықаралық стандарттармен сәйкестендіруі керек» деп жазылған.

Төреғожина: Бұл шешім маған қатысты шыққанымен, онда «мұндай құқық бұзушылықтар алдағы уақытта болмас үшін Қазақстан өз заңнамасын халықаралық стандарттармен сәйкестендіруі керек» деп жазылған.

Азаттық: БҰҰ Адам құқықтары комитетіне Қазақстаннан алғаш шағымданған Сіз бе, әлде бұған дейін шағымданғандар бар ма?

Төреғожина: Бейбіт жиындар бойынша алғаш рет мен шағым түсірдім. Ал БҰҰ Азаптауға қарсы комитеті Қазақстаннан шағымданған азаматтарға қатысты осыған дейін 4-5 шешім шығарған.

Азаттық: - Қазақстанда соңғы жылдары қарсылық акциясын өткізгендердің көпшілігі әкімшілік жауапқа тартылғанын білеміз. Олар да Сіз секілді БҰҰ-ға шағымдана ала ма?

Төреғожина: - Шағымдана алады. Әр адам жеке шағым түсіруі керек. БҰҰ Адам құқықтары комитетінде жеке өзімнің алты шағымым жатыр. «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымы Қазақстан азаматтарының 36 шағымын БҰҰ-ға жеткізуге жәрдемдесті. Соның 16-сы биылғы теңге девальвациясына байланысты. Былтыр бірнеше қарсылық акциясын өткізіп, әкімшілік жазаға тартылған «Антигептил» ұйымының мүшелеріне де көмектеспек болғанбыз. Бірақ олар сенбеді. Өйткені, Адам құқықтары комитетінде шағым алты жыл ішінде қаралады. Адамдар ұзақ күткісі келмейді, бірден шешім алғысы келеді. Мысалы, мен бұл шағымымды БҰҰ-ға 2010 жылы түсірдім, ал шешім төрт жылдан кейін шықты.

Азаттық: - БҰҰ-ның бейбіт жиындар туралы заңды өзгерту жөніндегі ұсыныстары мен өзіңізге қатысты шешімін Қазақстан орындауы мүмкін бе?

Төреғожина: - Әрине, орындауы тиіс. Өйткені Қазақстан - БҰҰ Адам құқықтары кеңесінің мүшесі. Қазақстанның амбициясы өте үлкен. Тіпті, адам құқығы мәселесі бойынша да өзге дамыған елдерден кем түскісі келмейтін сыңай танытады. Бірақ ол ойының қалай орындалатыны - басқа мәселе. Бейбіт жиындар туралы заңды өзгертетін уақыт жетті. Ол үшін биліктің саяси шешімі керек. Өйткені қарсылық акцияларынан бәрінен бұрын Астанада қорқады. БҰҰ Адам құқықтары комитетінің маған қатысты шешімі жаңа заң қабылдауға түрткі болатын шығар деп ойлаймын.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG