Accessibility links

Қазақстанда азаматтық некеге көзқарас әрқилы


Қол ұстасып келе жатқан ер мен әйел. Босния және Герцеговина, Сараево,14 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қол ұстасып келе жатқан ер мен әйел. Босния және Герцеговина, Сараево,14 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаматтық некенің көбеюі консервативті адамдарды алаңдатады. АХАЖ қызметкерлері де «мұндай неке заңды емес» дейді.

Лия Амангелдиеваның азаматтық некеге тұрғанына үш жыл болған. Жеті ай бұрын Абылайхан деген ұлы дүниеге келді. Күйеуі екеуі отбасылық қатынастарын заң жүзінде рәсімдеуге асықпайды.

«МӨРСІЗ-АҚ ЖАҚСЫ ТҰРЫП ЖАТЫРМЫЗ»

- Тұрмыс құратын жасым келіп, уақыт өтіп жатты. Айналамда дос-жаран, құрбыларым көп болса да, жалғыздықтан қажи бастадым. Жаныңда арқа сүйер ер адамның болғаны дұрыс екен. Онымен 29 жасымда таныстым. Біраз кездесіп жүрдік. Ақыры ол «бірге тұрайық» деп ұсыныс жасады, - дейді Лия Амангелдиева.

«Жарасып кетерміз» деп ойлаған Лия онымен бірге тұрып көруді ұйғарады.

- Ол кезде мен жаңа салынған үйден пәтер сатып алғанмын, әрі баспана кезегінде де тұрғанмын. Ол да ипотекалық несие төлейтін. Менің 30 жасымды ұлан-асыр той жасап, атап өттік. 2010 жылдың көктемінде маған пәтер беріп, екеуміз бірге тұра бастадық. Құрбыларымның кеңестеріне құлақ асып, киімін үтіктеп, дәмді ас әзірлейтін болдым. Азаматтық некедегі күйеуім менен бес жас кіші, - дейді Лия Амангелдиева.
Лия Амангелдиева. (Сурет жеке архивінен алынды). Алматы, 25 ақпан 2013 жыл.
Лия Амангелдиева. (Сурет жеке архивінен алынды). Алматы, 25 ақпан 2013 жыл.

Лия «өзіңнен жас адаммен некені тіркетпей, бір шаңырақтың астында тұру қазақ қоғамының болмысына жат» деп есептейді.
Оның «некеге тұрайық» деп қыстамайтыны да ұнайды. Мұның еш ұяттығы жоқ.

- Азаматтық некеде тұрғанымнан алғашында қысылып жүрдім. Бірақ өмір адамға бір-ақ рет беріледі ғой деп, өзімді осы ойға көндірдім. «Некелі» деген мөрсіз-ақ жақсы тұрып жатырмыз. Оның «некеге тұрайық» деп қыстамайтыны да ұнайды. Мұның еш ұяттығы жоқ. АХАЖ (азаматтық хал актілерін жазу) бөліміне өзіміз бармай жүрміз. Тіпті осылай болғаны жақсы болды. Кеткісі келген еркекті қанша жерден некеде болса да ұстай алмайсың ғой, - дейді Лия Амангелдиева.

Лия «шаңырақ болғасын ыдыс-аяқ шылдырламай тұрмайтынын, қызғаныш сияқты жағдайлар болатынын, бірақ махаббат бәрін жеңгенін» айтады.

Бірге тұрғаннан кейін жарты жыл өткенде бала көтергенін айтқан Лия Амангелдиева:

- Бәрін алдын ала кесіп-пішіп, яғни аяқ астынан жүкті болмай, баланы да жоспар бойынша көтердім. Мен жүкті болған соң ол да әке-шешесімен таныстыруға асықты. Ол кісілерге көп рахмет, - дейді.

«ӘЙЕЛІМНІҢ ҮСТІНЕН ПОЛИЦИЯҒА АРЫЗ ЖАЗДЫМ»

Дәурен Бекежанов азаматтық некеде төрт жыл тұрыпты. Әйелі екі баланы дүниеге әкелген соң кетіп қалған.

- Азаматтық некеде тұрған әйеліммен Астанада таныстым. Қалаға жұмыс істеуге келгенмін. Екеуміз танысқан бетте бірге тұра бастадық, - дейді Дәурен Бекежанов.
Дәурен Бекежанов. Алматы, 26 ақпан 2013 жыл.
Дәурен Бекежанов. Алматы, 26 ақпан 2013 жыл.

Дәуреннің айтуынша, алғашында бәрі жақсы болған. Ұлы дүниеге келіп, тұрақты жұмысы да болыпты. Қиындықтар Дәурен жұмысынан айырылғанда басталған. Көрінгеннің босағасын жағалаған жас отбасы көп қиналыпты.

- Пәтерақыны төлей алмадым, тамаққа да ақша жетпеді. Екі жылдан кейін екінші ұлымыз туды. Жағдайымыз мүлде қиындап кеткен соң, балаларды алып әке-шешемнің үйіне бардық, - дейді Дәурен Бекежанов.

Келін ата-енесімен тіл табыса алмаған. Күндегі ұрыс-керістен отбасының шырқы бұзылған.
Заңды некеге неліктен отырмағанымызды білмеймін. Ол кезде бұл жайында ойламаппыз да.

- Екеуіміздің заңды некеге неліктен отырмағанымызды білмеймін. Ол кезде бұл жайында ойламаппыз да. Бірақ төрт жылдан кейін азаматтық некедегі әйелім балаларды маған тастап, кетіп қалды, - дейді Дәурен Бекежанов.

Қазір балаларды Дәуреннің анасы бағып отыр екен. Екі бала да балабақшаға барады. «Бірақ ана мейірімін көрмей өсіп келе жатқан балаларға қиын болды» дейді Дәурен.

- Әйеліме «қайтып кел» деп қанша жалындым. Бірақ ол бұл ұсынысымнан үзілді-кесілді бас тартты. Ақыры полицияға арыз жаздым. Қазір ісін қарап жатыр. Екеуіміздің ажырасып кеткенімізге жарты жыл болды. Енді не болатынын білмеймін, - дейді Дәурен Бекежанов.

«МҰНДАЙ НЕКЕГЕ СЕНІМ ЖОҚ»

Алматылық 50 жастағы тұрғын Назым Жүнісбекованың есейіп кеткен екі баласы бар. Ұлы Асқар - 26 жаста, қызы Гаухар - 29-да. Назым Жүнісбекованың жеке меншік азық-түлік дүкені бар. Ол азаматтық некеге үзілді-кесілді қарсы.

- Меніңше, осы азаматтық неке деген жалпы дұрыс нәрсе емес. Мұндай некеге сенім де жоқ, оның болашағы да жоқ. «Бірге тұра көреміз» деп атүсті ойлаған жастар ақыры әуре-сарсаңға түсіп, көптеген қиындыққа тап болады. Бұл бір күндік нәрсе ғой, - дейді Назым Жүнісбекова.
Назым Жүнісбекова. Алматы, 26 ақпан 2013 жыл.
Назым Жүнісбекова. Алматы, 26 ақпан 2013 жыл.

Назым Жүнісбекованың пікірінше, «неке міндетті түрде ресми тіркелуі тиіс».

- Ресми некеде тұрған жұптың арасында өзара жауапкершілік те, сыйластық та болады. Біз совет заманында өмір сүрген адамдармыз. Біздің кезімізде жұрт азаматтық некеге амал жоқтан, белгілі бір себеппен ғана баратын. Бірақ Қазақстан тәуелсіздік алғалы мұндай некелер көбейіп кетті, - дейді ол.

«Мұндай неке - біздің дәстүрімізге, болмысымызға жат құбылыс» деген Назым Жүнісбекова:

- Қазір заман басқа ғой. Жастар осылай өмір сүру жеңіл деп ойлайтын болар. Бірақ қазір «альфонс» деген түсінік пайда болды. Әйелдердің арқасында күн көріп жүрген жас жігіттер бар. Ақшасының қызығын көріп, жағдайын пайдаланады. Кейде баспана мәселесін де шешіп алады. Кейбір жастар жеңіл өмірді тапты ғой. Уақытша бірге тұруға келісетін жас қыздар да бар, - дейді.
Некелерін қиғызып отырған жастар. Суретті Алдан есімді оқырман жүктеген.
Некелерін қиғызып отырған жастар. Суретті Алдан есімді оқырман жүктеген.

Оның айтуынша, Алматыда мұндай жағдайлар қазір көбейіп барады.

- Құрбымның қызы екі жылдай бір жас жігітпен бірге тұрды. Жігіттің әкесі қарсы болып, ақыры екеуі айырылысып кетті. Енді бір туысымның қызының шетелдік жігітпен азаматтық некеде тұрғанына бес жыл болды. Екі баласы бар. Бірақ біз «әлгі шетелдік Қазақстан азаматтығын ғана алғысы келіп жүр-ау» деп ойлаймыз. Ел арасында «Қанша тұрса, сонша тұра берсін. Тұра алмаса, өз жөндерін табар» деген де пікір бар. Бірақ мен егер әке-шешесі балаларының қамын ойласа, мұндай некеге жол бермеуі тиіс деп санаймын. Өз басым балаларыма рұқсат бермес едім, - дейді Назым Жүнісбекова.

«УАҚЫТША БІРГЕ ТҰРЫП ЖАТЫР»

Алматы қаласы әділет департаментінің азаматтық халдерді тіркеу және апостильдеу жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Шынарай Әлімханның айтуынша, «азаматтық неке заңды неке деп есептелмейді».

- Қазір көп мемлекеттердің заңдары некені арнайы мемлекеттік органдарда рәсімдеуді талап етеді. Ал кейбір елдерде діни жоралғымен қиылған некеге құқықтық мәртебе беріліп, заңды деп танылады. Азаматтық некедегі адамдар уақытша бір үйде тұрғанымен, бұл отбасын құру емес. Қазақстанның заң актілері ресми тіркелген некені ғана таниды. Өз басым мұндай некелерді құптамаймын. Бірақ бұл - әркімнің жеке шаруасы, - дейді Шынарай Әлімхан.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG