Accessibility links

Шикізат сатушы елдердің басына күн туды ма?


Валюта бағамы таблосы жанынан өтіп бара жатқан адамдар. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл.
Валюта бағамы таблосы жанынан өтіп бара жатқан адамдар. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл.

Негізінен шикізат сатумен айналысатын елдердің экономикалары шатқаяқтай бастады, ең соңғы болып бұл ауыртпалық Қазақстанға да жетті.

Шикізат экспортына сүйенген Қазақстан экономикасы 15 жыл бойы тәуір дамыды. Бірақ бұл елге шикізат сатудың зардабын тартатын кез келген сияқты.

Шикізатқа бай Қазақстан өткен аптада валютасын мемлекеттік реттеуден бас тартып, теңгені еркіне жіберді. Сол күні-ақ ұлттық валюта бірден 25-30 пайызға арзандады.

Бұл жағдай инвесторларға Қазақстанның шикізат экспортына тәуелді басқа да дамушы елдер сияқты қиын жағдайға тап болғанынан хабар берді. Елдің сыртқа шығарып сататын шикізат өнімдерінің нарықтағы бағасы құлдырап кетті.

Қазақстан экономикасы қазба байлықты сыртқа сатуға бейімделгендіктен, шетелдік капиталды шақырып, басқа салаларды дамытуға көп көңіл бөлінген жоқ.

Инфографика: Рубльдің аймақтық валюталарға әсері (ағылшын тілінде):

ШИКІЗАТҚА ТӘУЕЛДІЛІК ҚАУПІ

Қазақстан сияқты дамушы елдерде қалыптасқан ахуалды бақылап отырған сарапшылар экономиканы тек мұнай, металл сияқты нарықтағы бағасы құбылып тұратын шикізат саудасына «байлап» қоюдың қауіпті екенін, ондай тәуелділікпен экономиканы дамытудың қиын екенін тағы да еске салды. Лондондағы Capital Economics зерттеу орталығының дамушы елдер жөніндегі сарапшысы Уильям Джексон:

- Шикізат бағасы шарықтап, бұл елдер 10 жыл бойы пайдаға кенеліп келді. Соның арқасында бұл мемлекеттерде кіріс көлемі өсті, ішкі сұраныс та артты. Алайда, соңғы бір жылдың айналасында бәрі кері кетті. Қытайдың экономикалық өсімі баяулады, инвестиция кеміді, ал бұл шикізатқа деген сұранысты күрт азайтты, соның кесірінен шикізат бағасы арзандай бастады, - дейді.

Әлемдік нарықта шикізат бағасының төмендеуі дамушы елдердің валюталарына деген инвесторлардың сұранысын да төмендетті, сөйтіп шикізат экспорттаушы мемлекеттердің ақшалары құнын жоғалта бастады. Табыс көлемі азайған үстіне азайып, шетел валютасымен алған қарыздың көлемі керісінше ұлғайып кетті. Шетелден импортталатын тауарлар, шеттен алынатын материалдардан жасалатын отандық өнімдер бағасы бірден шарықтады, бұл ел азаматтарының әлеуметтік ахуалына бірден кері әсер етті.

БАР КІНӘРАТ – ҚЫТАЙДА

Жылдар бойы Қытай экономикасы қарыштап дамығандықтан, шикізатқа деген сұраныс жоғары болды да, шикізат экспорттаушы елдер қаннен-қаперсіз өмір сүріп келді.

Қытайда өнеркәсіп дамып, урбанизация жоғары қарқынмен жүрді, соның арқасында жаңа инфрақұрылым салынды, бұдан алюминий, мыс, болат сияқты өнімдерге, қуат көздеріне деген қажеттілік артты. Бүгінде Қытай – әлемдегі шикізатты ең көп тұтынатын ел, ал оған өнім экспорттаушылардың көбі – дамушы мемлекеттер.

Өкінішке орай, Қытайдың дамуы шикізат бағасын қаншалық арттырса, тоқырауы да бағаны соншалық құлдыратып жібереді. Бұған осы айда болып жатқан оқиғалар дәлел.

Қытай ұлттық валютасы мен доллар. (Көрнекі сурет)
Қытай ұлттық валютасы мен доллар. (Көрнекі сурет)

Пекин соңғы 20 жылда болмаған әрекетке барып, тамыздың 11-і күні ұлттық валютасы - юаньді екі пайызға арзандатты. Бұл «Қытай экономикасының өсу қарқыны баяулады, енді мұнайға деген сұраныс азаяды» деген үрей туғызды. Оның үстіне ОПЕК елдері де мұнай өндірісін көбейтіп жіберді, соның кесірінен шикізат бағасы күрт құлдырады. АҚШ-тағы мұнай бағасы соңғы алты жылдағы ең төмен көрсеткішке дейін түсіп, баррелі 43 доллар болып қалды.

Содан бері әлемдік нарықты «Қытай экономикасы кері кетіп барады» деген үрей билеп алды. Тамыздың 24-і күні Қытайдың Shanghai Composite индексі 2007 жылдан бері болмаған 8,5 пайызға құлдырады. Мұнан соң Лондон, Париж, Франкфурт қалаларындағы қор биржаларында да құнды қағаздар әп-сәтте арзандады. Wall Street (Уолл-стрит) төрт жылда болмаған қиындықты бастан кешіп, Dow Jones Industrial Average құны 3,6 пайызға төмендеді, ал шикізат өнімдері жаңа қарқынмен құнсызданды.

Осы жылдың бірінші және екінші тоқсандарында Қытайдағы жалпы ішкі өнім өсімі 7 пайыздан төмен болып шықты, бұл – соңғы алты жылдағы ең төмен көрсеткіш. Осыдан секем алған инвесторлар «Қытай экономикалық проблемаларын қалай шешеді? Ішкі қор биржасын қалай жандандырады? Өнім өндірісін қалай ұлғайтады?» деп, Пекинге сенімсіздікпен қарап отыр. Еуропа және АҚШ қор биржаларындағы құлдырау да осының әсері.

«ШИКІЗАТ ТҰЗАҒЫНДАҒЫ» ҚАЗАҚСТАН

«Шикізат экпортына қарап отырған дамушы елдер бүгінгі аласапыраннан тағы бір рет сабақ алуы керек» дейді экономист мамандар. Экономиканы әртараптандырмайынша, бұл елдер әлемдік нарықта жиі болып тұратын осындай тоқыраулардан зардап шеге беретін болады.

Bloomberg View басылымында жарық көрген мақаласында шолушы Леонид Бершидский Қазақстанның жағдайына ерекше тоқталған. Сарапшы Қазақстанды шикізат бағасы өскенде экономикасы қарқын алып, баға төмендегенде халі мүшкіл болып қалатын «шикізат тұзағына түскен ел» деп сипаттайды.

Бұрғыдан аққан мұнай. Қазақстан, Атырау облысы, 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
Бұрғыдан аққан мұнай. Қазақстан, Атырау облысы, 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Оның айтуынша, Қазақстан бар күшін шикізат экспорты секторын дамытуға жұмсады, соның арқасында «1990-2014 жылдар аралығында мұнай өндірісі үш есе, металл өндірісі екі есе ұлғайды. Бұл күнде ел экспортындағы шикі мұнайдың үлесі 55 пайыз болса, металл - 14 пайыз. Дайын азық-түлік өнімдері экспорттың мардымсыз бөлігін ғана құрайды».

Бұрынғы Совет Одағы елдерінің барлығы дерлік осындай «шикізат тұзағына» түскен. Дегенмен Әзербайжан мен Түркіменстаннан басқасында экспорттағы шикізаттың үлесі Қазақстандағыдан біршама аз.

Ресейде экспорттың 39 пайызы – шикі мұнай. Былтырғы маусым айынан бері мұнай бағасы екі есе арзандап, Ресей бюджеті миллиардтаған доллар табысынан қағылды.

Әзербайжанда да жағдай жақсы емес. Мұнда экспорттағы мұнайдың үлесі – 88 пайыз.

Түркіменстан экспортының 81 пайызы – табиғи газ. Нарықта газдың шамадан тыс көбейгеніне қарамастан, оны өндіру көлемі артып жатыр, сондықтан газдың бағасы да арзандап барады.

Өзбекстан сыртқа мақта мен автокөлік шығарады, екеуінің де экспорттағы үлесі 15 пайыз шамасында. Дегенмен, бес жыл бойы мақта өндірісі сұраныстан артық болып келеді, сондықтан оның да бағасы құбылып тұр.

Украинаның ең көп экспорттайтын шикізаты – темір, оның жалпы сыртқы саудадағы үлесі – 9 пайыз. Дегенмен, темірге деген сұраныс азайып, нарықта шикізат шамадан тыс көбейіп кеткендіктен, оның да құны түсіп барады.

Беларусьтің ең көп экспорттайтын өнімі – калий, оның сыртқы саудадағы үлесі – 6 пайыз. Тыңайтқыш құрамына қосылатын бұл шикізаттың бағасы да арзандап кеткен. 2012 жылы оның бір тоннасы 475 доллар болса, қазіргі құны – 300 АҚШ доллары.

Қырғызстан алтын саудасына тәуелді, бұл оның экспортының 34 құрайды. Шілдеде алтын бағасы екі жылда болмаған деңгейге бірден құлдырап, 1 мың 80 АҚШ долларына дейін төмендеді. Инвесторлар қор биржаларындағы аласапыраннан қашып, алтынға үміт арта бастағалы қымбат металдың бағасы біршама көтеріліп, тамызда 1 мың 150 долларға жетті.

Тәжікстанның негізгі экспорттайтын шикізаты – алюминий, ол жалпы экспорттың 59 пайызын құрайды, 12 пайызы мақтаға тиесілі. Сұраныс азайып, өнім көбейгендіктен, бір жыл ішінде алюминийдің бағасы 19 пайызға арзандады.

Грузияның негізгі экспорт көзі – алтын мен мысқа деген сұраныс азайып, елдің табысы төмендеді. Бұл екі шикізаттың ел экспортындағы үлесі - 10 пайыз.

Арменияның негізгі экспорттайтын өнімі – мыс (жалпы экспорттың 13 пайызы). Бір жыл ішінде оның бағасы 27 пайызға төмендеген.

«ТАҒЫ ДӘЛЕЛДЕНГЕН АҚИҚАТ»​

Нарықтағы шикізат бағасы арзандаған тұста сарапшылар айтатын «шикізат тұзағы» қаупі қайта еске түседі. Жалғыз шикізат экспортына лайықталған экономика дамушы елдерді ешқашан тұрақты даму жолына шығара алмайды. Кей сарапшылардың сөзіне қарағанда, бұл жолы осы ақиқат тағы да дәлелденген .

Сингапур. (Көрнекі сурет)
Сингапур. (Көрнекі сурет)

- Тек шикізаттың өзін экспорттау – тұрақты дамуға кепілдік беретін жол емес, оған көп адам қатыспайды, ол жұмысшылардың біліктілігін арттырып, білімін жетілдірмейді, жаңа технологияны, құралдарды қолдануға, сол арқылы еңбек өнімділігін еселеуге жол ашпайды. Демек бұл - өмір сапасын арттырудың сенімді жолы емес. Қытайдың, Шығыс Еуропа мен Шығыс Азияның дамушы елдерінің ең үздік жетістіктері – экономиканы дайын өнім өндіруге лайықтауы, - дейді сарапшы Уильям Джексон.

Дамушы елдердің ішіндегі ең табысты мемлекеттер алдымен шикізат саудасын арттырып, экономикасы біршама нығайған соң, тауар өндіруге, технологияға негізделген экономикаға бет бұрды. Соның арқасында тек шикізатқа байланып қалмай, түрлі секторларда бәсекеге қабілетті өнімдер шығарып, әлемдік нарықта өз орындарын тапты.

XS
SM
MD
LG