Accessibility links

Ереуілшілер Машкевичтен «қарыздарын қайтаруды сұрайды»


"АСТ" базарын салған құрылысшылар айлықтарын ала алмай, наразылық білдірді. Алматы, 27 сәуір 2011 жыл.
"АСТ" базарын салған құрылысшылар айлықтарын ала алмай, наразылық білдірді. Алматы, 27 сәуір 2011 жыл.

Он шақты құрылыс компанияның өкілдері жарты жылдан бері еңбекақыларын ала алмай жүргендіктеріне наразылық танытып, ақшаларын талап етіп, «АСТ» базары басшылығына келді.


Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан, өткен жылы қазан айында ашылған «АСТ» көтерме сауда базарын салған құрылысшы компаниялардың айтуынша, олар келісім-шарт бойынша бекітілген жобаны өткен жылдың қазан айында аяқтаған. Алайда базар әкімшілігі атқарылған жұмыстар үшін төлеуі тиіс 800 миллион теңгені (5,5 миллион доллар) әлі күнге дейін төлемей келеді екен.

– Жеті-сегіз айдан бері қарызымызды төлемей жатыр. Қазір он шақты компанияның жұмысшыларының жағдайы өте қиын. Мердігер компанияларға базар басшылығы ақша төлемегендіктен олар енді жұмысшыларын босатып жіберуі мүмкін, – деді еңбек ұжымының төрағасы Ерсайын Әбдіраев сәуірдің 27-сі күні журналистерге.

Құрамында 20 шақты жұмысшысы бар «Қазбилтинжиниринг» компаниясының директоры Дәурен Байымбетовтың айтуынша, осыған дейін жобаны жүзеге асырған компаниялар әр жерден қарыз алып, жұмысшылардың жалақысын төлеуге тырысқан. «Бірақ қазір қарыз алатын жер де қалмады» дейді ол.

– Біздің мәлімет бойынша, бұл базардың иелері – Тельман Исмаилов деген қалталы миллиардер кісі, екіншісі – Александр Машкевич. Бүгінгі жиынымыз осыншама халықты алдап тұрған осы тапсырыс берушілерге арналған. Базар басшылығы жарты жылдан астам уақыттан бері құрғақ уәде берумен келеді. Ал соңғы кезде тіпті бізбен сөйлеспейтін де болды. Қазір, көріп отырсыздар, сіздердің алдарыңызда есікті жауып кетіп қалды, – дейді Дәурен Байымбетов.

Шамамен екі сағатқа созылған наразылық шарасына жұмысшылар да, компания басшылары да қатысты. «Ақшамызды қайтарыңдар!» деп базар әкімшілігіне беттеген оларды күзетшілер бөгеп, базар ауласына кіргізген жоқ. Түске таман ереуілшілердің бірнешеуіне ғана ішке енуге рұқсат беріп, базар басшылығы арасында келіссөз болды. Басшылар «бір айдың ішінде жалақыларын төлеуге» уәде берген соң жұмысшылар тарады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG