Accessibility links

Украина дағдарысы кезіндегі ЕО-мен әріптестік


Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кэтрин Эштон (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 25 ақпан 2013 жыл.
Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кэтрин Эштон (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 25 ақпан 2013 жыл.

ЕО мен Қазақстанның ынтымақтастық нығайту келіссөзінің жаңа кезеңі аяқталып келеді. Саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева «Украинадағы жағдай келіссөзге белгілі бір әсерін тигізеді» деп санайды.

Наурыздың 17-19-ы күндері Брюссель қаласында Қазақстан мен Еуропа Одағы (ЕО) арасында әріптестік пен ынтымақтастықты кеңейту туралы келіссөздердің жаңа сатысы басталды. Қазақстан бұл келіссөздерді ЕО-мен диалогтың сапалы кезеңі ретінде қарастырады. Алматылық саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева Азаттыққа берген сұхбатында ЕО-мен қарым-қатынас орнатудың Қазақстанға әсері туралы әңгімелейді.

Саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева.
Саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева.
Азаттық: - Дәл қазір ЕО-ның Қазақстанға қатысты мұндай қадам жасауының себебі не, неге байланысты?

Толғанай Үмбеталиева: - ЕО бұл қадамдарды бүгін ғана жасап отырған жоқ. Қазір ЕО Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанмен ынтымақтастықты қалай жалғастыру жағын ойлап отыр. ЕО-мен ескі стратегия аясындағы қарым-қатынастар тәжірибесі әзірше онша тиімді болмай отыр. Қазір ЕО өзара әрекеттестіктің тиімді жолдарын іздеп, қандай бағытта қадам жасауды ойластырып жатыр. Бұл жерде Қазақстанның мұнай және газ экспорттаушы ел екені де үлкен рөл ойнайтыны даусыз. ЕО мен Ресейдің және Ресей мен Украинаның қарым-қатынасындағы дағдарыс кезінде мұның маңызы одан да арта түседі.

Азаттық: - Украиндағы дағдарыс пен Ресейдің Қырымды бөліп алуы ЕО-ны бұрынғы СССР елдерімен байланысын нығайтуға қаншалықты итермелеп отыр?

Толғанай Үмбеталиева: - ЕО әдетте шешімді тез қабылдамайды. Олар әр қадамының тиімді не тиімсіздігін безбендеп, ұзақ ойланады. Меніңше, мына дағдарыс ЕО-ны Ресеймен қарым-қатынастың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр етеді. Ал басқа пост-советтік республикалармен, әсіресе Қазақстанмен қарым-қатынасын мұнай және газ экспортына байланысты ғана жүргізеді. Бұл дағдарыс ЕО-ның басқа пост-советтік республикаларға деген көзқарасына қатты әсер етеді деп ойламаймын. Ол энергия өндіруші елдер бағытындағы белсенділігін ғана арттыруы мүмкін.

Азаттық: - ЕО-мен ынтымақтастықты нығайту Қазақстан үшін несімен тиімді деп ойлайсыз?

Толғанай Үмбеталиева: - Қазақстан үшін бұл экспорт бағытын әртараптандыруға тиімді. Қазір еуропалық бағытқа қарағанда, Қытайға экспортты қарқынды дамытып жатырмыз. Оның үстіне, ЕО демократиялық принциптердің сақталуын талап етеді, бірақ оған басымдық беріле қоймас деп ойлаймын.

Азаттық: - Қазақстанның Кеден Одағына мүше екені және Кремльдің басшылығымен құрылатын Еуроазиялық экономикалық одаққа кіру жоспары Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынасқа қалай әсері етуі мүмкін?

Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Ресей президенті Владимир Путин. Минск, 24 қараша 2013 жыл.
Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Ресей президенті Владимир Путин. Минск, 24 қараша 2013 жыл.
Толғанай Үмбеталиева: - ЕО үшін бұл - өте маңызды фактор. Өйткені олар Қазақстанда Кеден Одағына қатысты әлдебір келіспеушілік бар екенін түсінеді. Сондықтан меніңше, бұл жағына қатты мән беруі мүмкін. Ресейдің бұрынғы советтік республикаларды жинау стратегиясы да, Еуразиялық одақ құру идеясы да ЕО-ға ұнамайды. Сондықтан олар бұрынғы СССР-ді өзге форматта қайта қалпына келтіру мүмкіндігін барынша азайтуға тырысады. Ал Кеден Одағы мен ЕО-ның пост-советтік елдердегі белсенділігінің өзара өте тығыз байланысты екені даусыз.

Азаттық: - Қазақстан тағы қандай елдермен әріптестік қатынастарын жақсартуы тиіс деп ойлайсыз?

Толғанай Үмбеталиева: - Біздің елдің көп векторлы саясатты ұстанатынын ескере отырып, Қазақстан барлық елмен байланыс орната алады деп ойлаймын. Біздің Еуропамен ынтымақтастық орнату бағдарламамыз бар. Бірақ Ресейдің пост-советтік кеңістіктегі ықпалына байланысты бұл бағдарламаға жеткілікті мән бермей отырмыз. Қазір Ресеймен қарым-қатынасқа басымдық беріледі деп ойлаймын.

Қытаймен қарым-қатынас векторы екінші орынға шығуы мүмкін. Ал Еуропа мен Америка және басқа елдер үшінші-төртінші орынға ығысуы мүмкін. Меніңше, Еуропа Орталық Азия елдерімен байланысын Ресеймен қарым-қатынасы стратегиясы аясында ғана қарастырады. Сондықтан Еуропаның Қазақстанмен, басқа республикалармен қарым-қатынасы тығыз емес. Қазір Еуропа аймақтағы Ресей ықпалын анық байқап отыр.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.
XS
SM
MD
LG