Accessibility links

Экономиканың дамуы жемқорлық жоқ дегенді білдірмейді


Зейнеткерлер "Жастар" сарайында жол жүру билетінің кезегінде тұр. Астана, 13 сәуір 2011 жыл.
Зейнеткерлер "Жастар" сарайында жол жүру билетінің кезегінде тұр. Астана, 13 сәуір 2011 жыл.

Сарапшылар „экономикасы жылдам дамып жатқан елдерде жемқорлық та жарыса өсіп келеді” дейді. Бұл елдердегі билікті төменнен жоғарыға дейін жемқорлық жайлаған.

Алматы қаласының Хасан есімді тұрғыны Азаттық тілшісіне қалалық перзентханалардың бірінде қалай пара бергені туралы айтып берді.

- Әйелім қалалық перзентханалардың бірінде босанды. "Дұрыс қарасын” деп дәрігерлермен алдын ала келістім. Сөйтіп, жағдайын жасап, аман-есен босанды. Келіскен акушерге 200 доллар төледім. Өз басым мұны сорақы жағдай деп есептеймін. Егер ақшаң жоқ болса, сен ешкім емессің, өлсең де ешкім қарамайды. Ақшасы жоқ адам дені дұрыс ем қабылдауға, білім алуға үміт арта алмайды. Мұндай жүйенің жүгенсіздігі адамшылық қасиеттерді таптайды. Қазір қалтаңда ақшаң болмаса, әділ, таза жолмен бірдеңеге қол жеткізуің қиын, - дейді ол.

Transparency International үкіметтік емес халықаралық ұйымының төрайымы Угетт Лабелль көп елде жемқорлықтың өткір мәселеге айналғанын айтады. «Америка дауысы» радиосы оның «Бұл жағдай кедей отбасыларды дәрігердің қабылдауына кіру үшін немесе ауыз суға қол жеткізу үшін пара беруге мәжбүр етіп, сергелдеңге түсіреді» деген сөздерін келтіреді.

Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан инвестиция құю үшін тартымды елдердің бірі саналады. Алайда халықаралық ұйымдардың рейтингінде жоғары орындарды иеленгенімен, мемлекеттік институттардың әлсіздігі мен жемқорлық елдегі кәсіпкерліктің дамуына тұсау болатын негізгі фактор болып отыр.

ҚАЗАҚСТАННАН КЕТКЕН 19 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР

Жемқорлық жайында сөз қозғағанда, жемқорлық жүйесінде айналымда жүрген қыруар ақшаның көлемі жөніндегі мәселені айналып өтуге болмайды. Дамушы елдердегі заңсыз жолмен табылған ақшаның ізін жасыру ауқымы қайран қалдырады. Бұл "бәйгеде” экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдер алдыңғы орындарды берер емес.

Американдық Global Financial Integrity (GFI) ұйымы 2012 жылы желтоқсанынның 17-сінде "Дамушы елдерден ағылған заңсыз ақша: 2001-2010 жылдар” деген баяндамасын жариялады. Бұл зерттеуге қарағанда, заңсыз ақшаның ізін жасырудан Қытай бірінші тұр: соңғы 10 жыл ішінде бұл ел 2 триллион 740 миллион доллар заңсыз ақша экспорттаған. Баяндамада Ресейден – 152 миллиард доллар, Үндістаннан – 123 миллиард доллар, Оңтүстік Африка Республикасынан – 83 миллиард 900 миллион доллар, Бразилиядан – 35 миллиард 100 миллион доллар, Қазақстаннан 19 миллиард 160 миллион доллар заңсыз ақша шетке шығарылғаны айтылған.

Халықаралық ұйымның дерегі бойынша, Түркіменстаннан - 6 миллиард 590 миллион доллар, Тәжікстаннан - 910 миллион доллар, Қырғызстаннан - 710 миллион доллар ақша сыртқа шығарылған.

ПАРАДОКС

Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдердің билік орындары төменнен жоғарыға дейін жемқорлыққа батқан. Жемқорлық экономикамен жарыса дамып келеді. "Бұл елдердің экономикасының қарқынды дамуына нақ осы жемқорлық серпін беріп отыр” деген де пікір бар.

Мысал ретінде BRICS елдері (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы) мен Қазақстанның рейтингіне көз жүгіртелік.

Дүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) дерегіне сәйкес, соңғы сегіз жылдағы бұл елдердегі бизнеске жасалған жағдай рейтингі мынадай:

Transparency International ұйымының деректері бойынша құрылған жемқорлыққа бейімділік индексі бойынша бұл елдердің көрсеткіштері осы кезең ішінде төмендегідей болды:

Көріп отырғанымыздай, Қазақстан бизнес жүргізуге қолайлы елдер рейтингінде BRICS елдерін (ОАР-нан басқасын) артқа тастағанымен, жемқорлыққа бейімділік рейтингіндегі индексі төмен. Бизнес жүргізуге қолайлы елдер қатарында 29 және 30-орындарды иеленген Австрия мен Португалия жемқорлыққа бейім елдер индексінде 69 және 63 балға ие болды.

Репортажымыздың кейіпкері Хасан "Қазақстанда шенеуніктің жүрегіне жол табудың жалғыз амалы - пара беру” дейді.
Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

- Ақша бермесең, балабақшадан орын тимейді. Жоғары оқу орнына түссең де пара беруің керек. Белгілі бір соманы қолына қыстырсаң ғана жұмысқа орналасасың. Бірақ ақша бердім деп арқаны кеңге жая алмайсың, кез-келген уақытта жұмыстан шығып қалуың ғажап емес, - дейді алматылық тұрғын Азаттық тілшісіне.

Параны мемлекет қазынасына түспейтін, қоғам игілігіне жұмсалмайтын салық түрінің бірі деп атауға болады.

Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай қатысты.
XS
SM
MD
LG