Accessibility links

Қазақстанның жемқорлық көрсеткіші оңалған


"Тендер". Аңсаған Мұстафаның карикатурасы. (Көрнекі сурет)
"Тендер". Аңсаған Мұстафаның карикатурасы. (Көрнекі сурет)

Transparency International ұйымының жемқорлық туралы 2014 жылға арналған есебінде бұрынғы советтік елдердегі коррупция деңгейі әлі жоғары екені айтылған.

Transparency International ұйымы әлемдегі 2014 жылғы жемқорлық деңгейі жайлы есебін жариялады. Есеп мемлекеттік басқару мен іскерлік ахуал мәселелері бойынша сараптама жасауға маманданған тәуелсіз ұйымдардың мәліметтеріне сүйенген.

Ұйымның биылғы есебінде Қазақстан жемқорлық деңгейі бойынша былтырғы 140-орыннан ілгерілеп, 175-елдің арасында 126-орынды иеленген.

Transparency International Қазақстандағы жемқорлық деңгейінің төмендеуін заңнаманы реформалауға күш салып жатқанымен байланыстырса да, ол заңның әсіресе сот жүйесінде нашар қолданылатынын ескертеді.

«Бірінші кезекте сот жүйесінің шынайы тәуелсіздігі қалыптасуы тиіс. Жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігі сапалы және тәуелсіз сот жүйесіне тікелей байланысты. Егер сот жүйесі дұрыс жұмыс істемесе, заңнамаға өзгеріс енгізгенмен нәтиже шықпайды» дейді Transparency International ұйымының Қазақстандағы бөлімшесінің – Transparency Kazakhstan үкіметтік емес ұйымының қамқоршылар кеңесінің төрайымы Наталья Малярчук.

Transparency International ұйымының жемқорлық жайлы рейтингісінің әлем картасы арқылы суреттеуі. Сары түс - жемқорлық деңгейі төмен, қызыл түс - жемқорлық деңгейі жоғары елдің сипаттамасы.
Transparency International ұйымының жемқорлық жайлы рейтингісінің әлем картасы арқылы суреттеуі. Сары түс - жемқорлық деңгейі төмен, қызыл түс - жемқорлық деңгейі жоғары елдің сипаттамасы.

​Transparency International жемқорлық деңгейін төмендетудің тағы бір аспектісі – корпоративтік жемқорлықтан қорғауды қамтамасыз ету екенін айтады. Ұйымның пікірінше, ірі трансұлттық компаниялар өздері жұмыс істейтін елдерден табатын табысын, бизнес жүргізуге мүмкіндік алу үшін сол елдердің үкіметтеріне төлейтін төлемдерін ашық көрсетпейді. Ұйымның зерттеуінше Қазақстанда түрлі формада жұмыс істейтін 55 трансұлттық компания ашықтық рейтингі бойынша төмен балл алған. Осыған орай Transparency Kazakhstan Қазақстан үкіметін корпоративтік жемқорлық мәселелеріне мұқият назар аударуға шақырады.

Ұйым биылғы есебінде бұрынғы совет республикалары елдерінің көпшілігінде коррупция деңгейі әлі жоғары деңгейде екенін айтқан. Есепте Балтық бойы елдерінен өзге постсоветтік мемлекеттердің барлығы 50-ден төменгі орындарда орналасқан. Тізімде Грузия – 50-орында, Армения – 94-орында, Қазақстан мен Әзербайжан – 126 орында, Қырғызстан мен Ресей – 136-орында, Украина – 142-орында, Тәжікстан – 152-орында, Өзбекстан –166-орында, Түркіменстан – 169-орында тұр.

Былтыр 150-орында тұрған Қырғызстанда биыл жемқорлық деңгейі бойынша көрсеткіштері жақсарып, 136-орынға көтерілген. Керісінше былтыр 127-орында тұрған Ресей биыл 136-орынға төмендеген.

Азаматтық қоғамға қолдау көрсету, мемлекетік қызметтердің нақты ережесін белгілеп, адам құқығын сақтау жөнінен Дания соңғы бірнеше жылдар бойы 1-орынға шықан, ал Сомали жемқорлық көп жайылған ел есебінде ең соңғы орынға түскен.

XS
SM
MD
LG