Accessibility links

«Украинада барлау жүргізгені үшін медаль алған» казак


Казак "Украинада барлау жасадым" дейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:05 0:00

77 жастағы алматылық казак Григорий Рощин «Ресейдегі атамандар тапсырмасымен Украина қалаларында барлау жасағанын, осы әрекеті үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алғанын» айтады. Алматы, 17 қыркүйек 2014 жыл.

Алматылық казак Григорий Рощин Ресейден түскен тапсырма бойынша Украинада барлау жасағанын айтады. Ол сөзінің дәлелі ретінде «барлау» жасаған еңбегіне алған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін көрсетті. Ал осы медальді беретін мәскеулік ұйым «оның марапатталғаны жалған» дейді.

Өткен аптада баспасөз бен әлеуметтік желілерде Ресей мен Украина арасындағы дағдарыс ушығып тұрған тұста Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер қатарында тағы бір қазақстандықтың соғыс қимылдарына қатысқаны туралы жаңа хабар тараған еді. Бұл хабарды тәуелсіз дереккөздер растамағанымен, Алматыда Азаттық тілшісіне Украинадағы ресейшіл сепаратистер жағында әскери миссия орындағанын әлдебір наградасымен дәлелдеуге тырысқан Қазақстан азаматы жолықты.

Казак полковнигі формасын киген 77 жастағы алматылық тұрғын Григорий Рощиннің айтуынша, биыл жазда ол Украинада «барлауда» болған әрі «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алған. Сөзінің дәлелі ретінде ол медаль ғана емес, оған қосымша берілетін әлдебір куәлікті де көрсетті.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі Ресей Федерациясының мемлекеттік наградасы емес, штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан әскери ардагерлердің «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық ұйымы беретін медаль болып шықты. Бірақ әлгі ұйым өкілдері «ешқандай алматылық казакты Украинаға барлауға жіберген жоқпыз, ал «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімізді интернетте заңсыз сатып жүрген астыртын ұйымды өзіміз де таба алмай жүрміз» дейді.

ЖАЙ САПАР МА, БАРЛАУ МА?

Алматылық казак Григорий Рощин «мені Украинаға барлауға ұлғайған жасымның күдік туғызбайтынын әрі Совет Одағы кезінде армияда барлау ісінде қызмет еткенімді ескеріп жіберді» дейді. Оның айтуынша, 1968 жылы Сайгон түбінде (қазірші Хошимин қаласы, Вьетнам) ауыр жараланып, мүгедектігі үшін әскерден босаған. Бірақ «бұрынғы генералдармен ескі таныстығым әлі үзілген жоқ» дейді Григорий Рощин. Қарт казак оны нақты кімнің «барлауға жібергенін» ашып айтпайды.

Алматылық казак Григорий Рощин Ресейдегі атамандар тапсырмасымен Украинада барлауда болғанын айтып, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін көрсетті. Алматы, 17 қыркүйек 2014 жыл.
Алматылық казак Григорий Рощин Ресейдегі атамандар тапсырмасымен Украинада барлауда болғанын айтып, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін көрсетті. Алматы, 17 қыркүйек 2014 жыл.

Григорий Рощин Украинаның Ровно, Киев, Львов және Донецк қалаларында болғанын айтады.

Бір қызығы, Киев, Ровно, Львовта соғыстың исі де сезілмейді. Тып-тыныш. Ал біздерге - қазақтарға (Қазақстанда тұратын болған соң бізді солай атайды) деген көзқарасы өте жақсы. Маған тіпті «бандерашылардың» өздері қатты көмектесіп, ненің қайда екенін көрсетіп, тауып берді, - дейді ол.

Григорий Рощин Украинаның әлгі қалаларында көбінесе жергілікті тұрғындардың этникалық орыстарға деген көзқарасын зерттеумен айналысқанын айтады. Ол «45-50 жастан асқан бандерашылар орыстарды жек көрмейді» дейді.

Рощин Львов қаласында «орыс жігітін» қалай ұстағандарын кездейсоқ көріп қалғанын айтады.

Келген соң генералдарыма «Ол жаққа балаларды неге жібересіңдер? Ажалға неге айдайсыңдар?» деп ұрыстым.

Львовте болғанымда Украинаның арнайы бөлімдерінің орыс жігітін қалай ұстағандарын көріп қалдым. Келесі күні жергілікті теледидардан «Украинаның әскери базалары қайда орналасқанын сұрастырып жүрді» деп айтып жатты. Оны қандай ақымақ жіберіп жүргенін кім білсін. «Әскери базаларың қай жерде?» деп «бандерашылардан» сұрауға бола ма екен? Келген соң генералдарыма «Ол жаққа балаларды неге жібересіңдер? Ажалға неге айдайсыңдар?» деп ұрыстым, - дейді қарт казак.

Григорий Рощин «барлау іссапары» Донецкіде аяқталғанын айтады.

МЕДАЛЬҒА ҚАТЫСТЫ САУАЛДАР

«Украинада кімдермен және қай жерде кездестіңіз?» деген сұрақтарға Григорий Рощин жауап бермейді. Барлаумен айналысу соғыс қимылдарына қатысу болып саналатындықтан, казак барлаушы «әскери құпияны ашқысы келмейді».

Григорий Рощин медаль ғана емес, оған қосымша берілетін әлдебір куәлікті де көрсетті. Алматы, 17 қыркүйек 2014 жыл.
Григорий Рощин медаль ғана емес, оған қосымша берілетін әлдебір куәлікті де көрсетті. Алматы, 17 қыркүйек 2014 жыл.

Кіммен, қайда және не үшін кездескенімді айтпаймын. Бірақ ол жақтан келген соң Львов, Киев, Ровно және Донецкідегі барлау жүргізгенім үшін мені «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттады, - дейді ол.

Казак полковнигі Рощин Украинадан қалай келгенін және барлау нәтижелерін қай «генералға» мәлімдегенін де айтқысы келмейді.

Рощин өзін кім марапаттағанын да айтудан бас тартқанымен, «барлау қызметім үшін награда алдым» деген сөзінен танбайды. Рощин әлгі медальға қосымша берілген «куәлікті» де көрсетті. Онда полковник Григорий Рощин «Киев, Ровно, Львов, Донецк қалаларында жүргізген жауынгерлік барлау қызметі үшін 2014 жылдың 7 тамызындағы №211 бұйрықпен 24.08.2014 ж. №____ «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды» деп жазылған. Төменірек тұстағы «Төсбелгіні тапсырған тұлғаның шені, аты-жөні және қолы» деген жолда қол ғана қойылған және «Бас басқарма бастығы» деген қызмет атауы ғана көрсетілген. Қолдың үстінен басылған мөрдің шетін айналдыра «Ресей награда комитеті» деп жазылған, ал ортасында екі басты бүркіт бейнеленген.

«Ресей награда комитетімен» хабарласуға тырысқан Азаттық тілшілері шым-шытырыққа тап болды. Әлгі ұйымның Rosznak.ru деген веб-сайтында бұл медальды коллекционерлерге толтырылмаған куәлікпен бірге сататыны ғана жазылған. Веб-сайттағы телефон нөмірлері өшірілген, ал сайтта көрсетілген мекенжайларға Азаттық жолдаған электронды хаттарға жауап келмеді.

«МЕДАЛЬ» ІЗІ ТАБЫЛМАДЫ

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі әскери ардагерлердің бүкілресейлік «Жауынгерік бауырластық» ұйымының наградасы болып шықты. Ұйым өкілдері Григорий Рощинді Украинаға барлау жүргізуге жібермегендерін, сондықтан биыл тамызда оны «барлау қызметі» үшін марапаттамағандарын айтады.

Бүкілресейлік «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық ұйымы беретін медальдің куәлігі.
Бүкілресейлік «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық ұйымы беретін медальдің куәлігі.

Ұйым төрағасының орынбасары Геннадий Шорохов Азаттыққа «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы соңғы бұйрыққа биыл маусымның 10-ында әдетте осындай бұйрықтарға қолын қоятын ұйым төрағасы Борис Громов қол қойғанын хабарлады. Ол редакцияға медальдың макеті мен медальға қосымша берілетін куәліктің үлгісін көрсетті.

Ұйым өкілі хатын «Өкінішке орай, нағыз ардагерлердің арасында ардақталатын наградаларды шығаруды өздігінен ұйымдастырып, сосын оларды ақшаға сатқан арамза коммерсанттар бұрын да кездескен. Ал оларды Отан мүддесін қорғауға ешқашан қатыспаған алаяқтар сатып алады да, кеуделеріне «зор мақтанышпен» тағып алады» деп аяқтаған.

Телефон арқылы сөйлескен кезде Геннадий Шорохов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің жалған көшірмесін интернетте сатып жүрген компанияны өздері де таба алмай, ақыры милициядан көмек сұрағандарын айтады.

Бүкілресейлік «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық ұйымы беретін медальдің макеті.
Бүкілресейлік «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық ұйымы беретін медальдің макеті.

Қазақстан казактары басшылығы да Рощиннің «жауынгерлік тапсырмасына» ешқандай қатысы жоқ екендерін мәлімдеді. Ал Григорий Рощин кеудесіне тағып жүрген «медальге» қатысты казак атамандарының бірі «Иә, Мәскеуде ондай наградаларды оңды-солды таратып жүрген біреу бар» дейді ашуланып.

Қазақстандағы казак ұйымдары ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін Қазақстан халқы ассамблеясы басшылығымен жұмыс істейді. Қазақстандағы казак ұйымдарының жетекшілері билікті қолдайтынын талай рет мәлімдеген әрі Қазақстан халқы ассамблеясы өткізетін іс-шараларға белсенді қатысады. Олар президент Назарбаевқа Қазақстан казактары одағының құрметті атаманы деген атақ берген.

XS
SM
MD
LG