Accessibility links

1991 жылғы Орал оқиғалары. Астары мен аңызы


Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтуіне қарсы митингке жиналған қазақтар. Сурет «Ютуб» сайтындағы видеодан алынды. Орал, 15 қыркүйек, 1991 ж.
Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтуіне қарсы митингке жиналған қазақтар. Сурет «Ютуб» сайтындағы видеодан алынды. Орал, 15 қыркүйек, 1991 ж.

1991 жылы 15 қыркүйекте Оралда қазақтар мен орыстардың арасында жанжал қаупі туғанымен, Үлкен казак қауымының жиынын қуып тарату ұлтаралық қақтығыс тудырмады. Сол шақтағы қарсыластар жиырма жылдан соң да бірін-бірі жазғырып отыр. Әлі күнге дейін Орал оқиғаларына тәуелсіз саяси және ғылыми баға берген де ешкім жоқ.


(Үшінші бөлім. Аяғы. Басы ОСЫНДА).

КАЗАКТАР ШАПШАҢ ТАРАДЫ


«...Аула сыртындағы арпалысты пайдаланып іштен жапырыла шыққан азаматтар артта тұрған автобустардан басқаны көздеріне ілместен, құлай-сүріне, алыса-жұлыса есіктеріне жабысып жатыр. Арасында генералсымақ Мартыновы да қорбаңдап барады.

- Кетті! - деді бар дауысымен Шумов.

- Ура! Аруақ! Аруақ! – деп айқалаған дауыстан терезелер дірілдеді» деп жазады 1991 жылғы Оралда орын ала жаздаған қалың казактар мен қазақтар қақтығысының шешуші кезеңін осылай сипаттаған, казактардың мерекесіне қарсылық ұйымдастырғандардың бірі Орынбай Жәкібаев «Азаттық» кітабында.

1991 жылы 15 қыркүйекте казактар Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын тойлады. Түптеп келгенде бұл 1990 жылы қайта жаңғырған Орал казактарының алғашқы да соңғы кең ауқымды мерекелік шарасы еді. Жергілікті әкімшіліктің қарсылығына және «Азат» қазақ ұлттық-патриоттық ұйымын жұмылдырғандарына қарамастан мереке бірнеше ай бойы дайындалды. Казактардың лидерлері: «Біз өзіміздің, ішкі мерекемізді өткізіп жатырмыз» дейтін.

Қазақ ұлтшылдары оларға сенбеді. 1990 жылы қыркүйекте болған Днестр бойындағы оқиғадағыдай олардың Оралда сепаратистік республика жариялаулары мүмкін деп қауіптенді. Оған қоса соның қарсаңында, 1991 жылы тамызда Мәскеуде ГКЧП бүлігі болып өтті, Совет Одағы тез құлдырай бастады, әр
«Азат» қозғалысы лидерлерінің бірі ақын Айсұлу Қадырбаева Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтуіне қарсы пикетте тұр. Сурет «Ютуб» сайтынан алынды. Орал, 15 қыркүйек, 1991 ж.

жердегі ескі территориялық даулар азаматтық соғысқа ұласты.

Бірақ Орал казактарының лидерлері осындай геосаяси жағдайды елемей, ештеңеге қарамастан өздерінің үлкен мерекелеріне Ресей Федерациясынан жүздеген казак шақырды. Қазақстан билігі заңды амал-шара қолданудың орнына жауап ретінде Оралға беттеген жүздеген қазақ ұлтшылының десантын ұйымдастырды, ал олар болса, Орал облысының түкпір-түкпірінен келген мыңдаған студенттер мен қазақ жастары қатысқан қарсылық митингілерін өткізді. Казактардың да дәл осындай демеушілер қанаты, яғни сол уақытта рухани қолдау көрсетушілері болды: олар – ұлты орыс, казактардан шыққан мыңдаған оралдық жұмысшылар.

15 қыркүйек жексенбі болатын. Сол күні таңсәріде казактар Христос ғибадатханасында мінажат қылды, артынша екі көшеден өтіп, Ворошилов атындағы зауыттың Мәдениет үйіне (қазірде «Зенит» зауыты) барды. Басы-қасында болған казак лидерлерінің пайымына қарағанда, бұл арада саны 250-ден 500-ге жететін казак болған. Атаман Анатолий Авилов Мәдениет үйінің залында 700 орын болған дейді. Оған қоса төрт мың казак жұмысшысы сол күні Ворошилов атындағы зауытта болды, қақпаны
Ортада: «Азат» қозғалысы лидерлері Орал Сәулебаев, Айсұлу Қадырбаева және Жасарал Қуанышәлин Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтуіне қарсы пикетте тұр. Сурет «Ютуб» сайтынан алынды. Орал, 15 қыркүйек, 1991 ж.

милиция взводы күзетті дейді сол кездегі милиция подполковнигі Анатолий Авилов. ««Зенит» зауытының жұмысшылары ұрысқа шығып, шектен шыққан «азаттықтарға» соққы беруге дайын еді», - деп жазады казак зерттеушісі Николай Фокин «Финал трагедии. Уральские казаки в XX веке» деген кітабында.

Қала орталығының қарама-қарсы жағында, қалалық атқарушы комитет жанындағы алаңда (сол шақта Ленин атындағы алаң - қазіргі күні Абай атындағы алаң) 15 қыркүйекте мыңдаған қазақ қатысқан митингінің ұласқанына үшінші күн болды. «Азаттықтардың» берген бағасына қарағанда, олардың саны 10 мыңға жуық адамды құрады. 113 адамнан (қарсылық көрсету штабының 13 адамы мен 100 пикетші еріктілер) құралған қазақ жастары Мәдениет үйіне қарай беттеді. Олардың алдына казактарға бейбіт қарсылық көрсету міндеті қойылды. Жүздеген казак Мәдениет үйіне кіріп жатқанда, милиция пикетшілерді шетке ығыстырып тастады. Бірақ казактар, Үлкен казак қауымы, жиналыстарын бастап қойғанда, мыңдаған шеруші Абай атындағы алаңнан Мәдениет үйіне қарай жарып өтті. Олардың казактар отырыс жасаған залға баса көктеп кірулері мүмкін еді.

«Азаттықтар» лидерлерінің бірі Жасарал Қуанышәлин казактар жиналысын
Ресей атамандары кеңесінің төрағасы Александр Мартынов Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуына арналған жиында сөйлеп тұр. Сурет «Ютуб» сайтынан алынды. Орал, 15 қыркүйек, 1991 ж.
тарқату жайлы әңгіме қозғай отырып, "егер билік казактарды отырыс залынан кетуге көндіре алмағанда, қақтығыстан қашып құтылу мүмкін болмас еді" дейді. Билік дегенде Орал милициясының бастығы полковник Владимир Шумовты айтамыз. Жасарал Қуанышәлин былай дейді:

- Шумов бізді казактардың отырыс залында бар болғаны фольклорлық концерт өтіп жатыр деп сендіруге тырысты, біз сенбедік. Халық Мәдениет үйіне баса көктеп кіруге дайын тұрды. Ең болмағанда он бес минут күтуге халықты әрең көндірдік, сөйтіп Шумов екеуміз казактардың залында не болып жатқанын көруге кеттік. Жанымда Бақытжан Әділов болды. Біз кинобудкаға сырт айнала көтерілдік, сөйтіп мен кинобудканың терезесінен сөз сөйлеп жатқан атаман Мартыновты көрдім, «казактардың қаны төгілген осы жер Ресейге тиесілі болуы керек» деп айтып жатқаны сол-ақ екен. «Концерт дегенің осы ма?» деп мен Шумовқа жыным келіп, кәдімгідей айғайладым. Ол бұл арада ешқандай концерттің нышаны да жоғын мойындауға мәжбүр болды. Шумов жиналысты доғару үшін бес минут сұрады. Мен: «Тек қана бес минут! Одан ары біз халықтың қимыл-әрекетіне жауап бермейміз. Онан соң бар жауапкершілік сіздің мойныңызға жүктеледі!» - дедім.

Сол күні зауыттың Мәдениет үйінде жиналыста болған Орал казактарының лидерлері сепаратистік ұрандарды жария еткендері жайлы мағлұматтарды жоққа шығарады. Казактар қауымының ақсақалдар кеңесінің төрағасы, әскери старшина Алексей Святынин және казак старшинасы Борис Мясников "Қазақстан аумағын бөлісуге үндеу жасалған жоқ, концерт өтіп жатты" дейді Азаттық радиосына. Олардың айтуынша, билік өкілдері ««азаттық» жігіттерге тоқтам сала алмай жатырмыз» деп жиналысты бірнеше мәрте үзіп отырған. Ақырында жиналыс тоқтатылды, 700 орынды зал лық толды, не дегенмен казактар, қыруар бақылаушылар, Ресейден келген журналистер, жергілікті шенеуніктер ғимараттан шапшаң шығып кетті.

Казактарды тез арада әкетуге арналған үлкен қалааралық «Икарус» автобустары дайын тұрды. Автобустар Мәдениет үйінің ішкі есік алаңына қойылды. Полковник Шумов жиналысты тоқтатуға бұйрық бергенде, казактар қарсыластарының төзімін тауысып жатпай, залды тез тастап шығып кетті де автобустарға шапшаң отырып алды. Олар теміржол вокзалына емес, милиция қарауылы күзеткен автобустар Оралдан алысырақ жатқан Ростоши станциясына бағыт алды. «Самаралық делегация өздерінің «Пазиктеріне» отырып кетті, орынборлық делегация да өздерінің автобустарымен кетті, қалғандары Ростоши станциясында Ресейге аттанған пойызға мінді, қайткенмен пойызда бос орын болды», - деп әңгімелейді Азаттық радиосына Орал казактарының белсендісі, казак старшинасы Борис Мясников.

Бірнеше шепті бұзып, сытылып шыққан қазақ шерушілері кейбір қашып бара жатқан казактарды қуып жетіп үлгерді. Нұрлыбай Сисенбай «1991, қыркүйек. Орал оқиғалары» деген кітабында былай деп жазады:

«Клубтың артқы есігінен шығып, әскери сап түзеп кетіп бара жатқан жергілікті казактардың шағын тобын ашулы халық қуып жетіп, итке талатып, погондарын жұлып, сол жерде шаңын шығарып ұрып, теуіп тастады».

«МАКАШОВТЫҢ ТАНКІЛЕРІ» МЕН НӘЖМЕДЕН ЕСҚАЛИЕВ

Казактар кеткеннен кейін қазақ шерушілерінің тараспақ ойлары болған да жоқ. Жұртты ашу кернеді, "темір шыбық пен сым қиындыларын ұстаған орыс жұмысшылары келеді" деген қауесет тарады. Бірақ бұлары өсек қана болатын. Сөйтіп «Азат» қозғалысының штаб мүшелері шерушілерге тарауды бұйырды. 15 қыркүйекте ақшамға таман үрейлі күннің талайын артқа тастап алғаш рет Орал қаласының орталығы саябырсыды. Бірақ «азаттықтардың» митингілері тағы бірнеше күн бойы жалғасты.

«Азат», «Аттанайық Жайыққа», «Қазақ тілі» ұйымдарының лидерлері өз штабтарында «Форум» үйінің ғимаратында жиналды. Келесі күні олар «Азат» партиясының казак қауымына тыйым салуды талап еткен мәлімдемесін қабылдады. Олар сонымен бірге облыстық депутаттар кеңесінің төрағасы Нәжмеден Есқалиевтың, оның орынбасары Владимир Гартманның, қалалық депутаттар кеңесінің төрағасы Болат Молдашевтың қызметтен кетуін талап етті. Соңғы талап 16 қыркүйекте-ақ жүзеге асты, қаланың жаңа басшысы болып Қабиболла Жақыпов тағайындалды.

Ал қазақ ұлтшылдары лидерлерінің облыс басшысы Есқалиевпен арадағы кикілжіңі біразға созылды. Мұнда да бір қызық жайт бар, өйткені Орал казактарының мерекесіне қарсылық
Орал облысының бұрынғы басшысы Нәжімеден Есқалиев. Сурет Орал оқиғалары туралы Орынбай Жәкібаевтың кітабынан алынды.

ұйымдастырған - негізінен Нәжмеден Есқалиевтің өзі. Ол өзін мемлекетшіл адам, бір бөлігін тартып алу қаупі төнген отанының патриоты ретінде көрсетіп, соған өзінше түсінік те беріп жүрді.

Бірақ генерал Макашовтың танкілері Қазақстанның шекарасында дайын тұрғандарын айтқан Нәжмеден Есқалиевтің тұспалдарына тәуелсіз де шүбәсіз дәйек жоқ. Әлдебір мәскеулік зұлым күштер Оралда ұлтаралық қақтығысы тұтатуға талпынды, олардың мақсаты "бітімгерлік күштерді" сырттан енгізу болған деген оның алға тартқан басты дәлеліне келер болсақ, оған уәж болатын тәуелсіз дереккөздерден алынған сенімді де айқын айғақ та, құжат та жоқ. Бұл - бір.

Екіншіден, егер Нәжмеден Есқалиев «Макашовтың танкі полкі» жайлы болжап білген болса, онда оралдық ауылдардан келген жүздеген қазақ жастарының күшін жұмылдыруға не үшін мүмкіндік жасады. Ұлтаралық қақтығысқа қандай жағдай болмасын жол бермеу оның міндеті емес пе еді? Нәжмеден Есқалиевтің Азаттық радиосына берген сұқбатында осындай қарама-қайшылық бар. Билік қоғамдық ұйымдарды бір бірімен шағыстырмай, заңның бұзылғаны жайлы күдік болған жағдайда, құқық нормаларын қолдануға тиісті еді. Басқа қырынан алғанда, қоғамдық ұйымның бірі екіншісінің үстінен қызметтік тексеру ұйымдастырғаны дұрыс болмады, «астыртын әрекеттің кері ықпалы» болған жағдайда олар құқық қорғау органдарының орнын баса алмайды.

Нәжмеден Есқалиев былай дейді: «Біз Орал облысының әрбір ауданынан бес-алты жүз мығым жас жігітті Оралға әкелуге бұйырдық». Орынбай Жәкібаев құрастырған естеліктер жинағындағы оның мақаласынан мынадай қортындыға келуге болады: дәл осы Нәжмеден Есқалиев 1991 жылы жаздың басында Оралда «Азат» ұлттық-патриоттық ұйымының филиалын ұйымдыстыруды бұйырды, оның мақсаты Орал казактарының 400 жылдығын тойлауға кедергі келтіру болған. «Менен мұны Алматыда қазақ саясатының ақсақалы Михаил Есенәлиев сұраған» деп жазады Нәжмеден Есқалиев.

Азаттық радиосына берген сұқбатында геосаяси қауіп пен әскери қатер жайлы біле отырып, «Азаттың» белсенділеріне барлық ақпаратты бере алмадым, осының кесірінен оларға бос мінезді басшы болып көріндім дейді ол. «Мен екі оттың ортасында қалдым, бірақ «азаттықтардың» ашуын басуға тиісті едім», - дейді Нәжмеден Есқалиев.

Жүздеген қазақ белсенділері мен Орал облысынан келген жүздеген қазақ жігіттерін жұмылдыруға қатысты Нәжмеден Есқалиев мұны жай «әкімшілік ресурс» ретінде сипаттайды. Яғни билік сезімді, нақтысын айтқанда қазақтардың ұлттық сезімін жұмылдыра отырып, саяси шараны тоқтатты. Олар стратегиялық мүдделеріне қайшы келгендіктен осыдан қорықты. Мысалы, 1979 жылы маусымда солай болған, сол кезде қазақ басшылығы Қазақстанның орталығында Неміс автономиялы облысын құру туралы Кремльдің ниетін талқан еткен. Коммунистік аппаратчиктері қайта жаңғырып келе жатқан, олардан тәуелсіз казак қозғалысын жөнімен ауыздықтай білмеген, шамасы келмеген шақта, Оралда да солай болды. Билік оларға қарсы қазақ ұлтшылдарын пайдаланды, ұлттық картаны іске қосты.

Оралда шынайы ұлтаралық қақтығыстың туу қаупі зор еді. Өйткені одан бес жыл бұрын ғана, 1986 жылы желтоқсанда, Қазақстанда мұндай оқиға болып, Алматының орталық алаңына мыңдаған студент пен қазақ жұмысшыларын шығарған еді. Оларға қарсы суық қарумен жарақтанған «халық жасақшылары» деп аталған, дені орыс ұлтынан құралған мыңдаған жұмысшыны алып шықты. Бірақ Оралда ірі ұлтаралық қақтығыс қаупіне қарамастан билік дегенінен қайтпады, мәселені заңды жолмен шешудің орнына мыңдаған қазақ жастарын жұмылдырды. Бізбен сөйлескен «азаттықтардың» лидерлері өздерін биліктің
Милицияның арнайы жасағы Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтуіне қарсы пикетке шыққан қазақтардың жолын бөгеп тұр. Орал, 15 қыркүйек, 1991 ж.
пайдаланғанын жоққа шығарады.

«Азаттықтардың» лидері Жасарал Қуанышәлин қантөгіс қаупі болған дейді, бірақ оны Кремль жоспарлап қойған деп нық сеніммен айтады. Облыстың бұрынғы басшысы Нәжмеден Есқалиев өзін шебер саясаткер-мемлекет қайраткері ретінде санайды. Сыңайына қарағанда ол тәуекелге бел буа білді: мыңдаған қазақты «жауыққан казактарға» қарсы жұмылдыра алды, сонымен бірге қарсылық шеруі мен көптің төбелесі арасындағы айырмаға қандастарының көзін жеткізе алды. Солай дей отырып, ол осы арада-ақ «азаттықтардан» бойын аулақ салып былай дейді: «Алматыдан келген экстремистер ерекше құлшыныс танытты».

Нәжмеден Есқалиевтің «генерал Макашовтың танкілері» туралы тұспалына келсек, ол 2006 жылы тамызда «Экспресс К» газетіне берген сұқбатында Орал облыстық КГБ басқармасының бұрынғы бастығы Анатолий Дружининнің өлім алдындағы хаттарына сілтеме жасайды. Ол кісі өлеріне екі күн қалғанда, ауыр сырқаттанған күйі 1991 жылғы қыркүйектің Орал оқиғалары мен «бітімгерлік күштердің» қатерін сипаттап шыққысы келгенге ұқсайды. Сөздерін дәйектемек болып, Есқалиев «Экспресс К» газетіне берген сұқбатында Макашовтың танкілері моторлары қосылған күйі тұрды және Оралға, онымен қоса Гурьевке (қазірде Атырау қаласы) баруға дайын болды дейді. Тура осы тұспалды Нәжмеден Есқалиев Азаттық радиосына қайталап берді. «Макашов танкілерінің» болғанына ол дәлел ұсынып отыр: ол кезінде Дружинин сол танкілердің фотосуреттерін өзіне көрсеткенін айтты. «Әлгі фотосуреттерде танкілердің жанында, әрбір армия офицерінің маңында бір-бір казак тұрды», - дейді Есқалиев. Алайда бұл фотосуреттер әлі еш жерде жария болмаған, сондықтан олардың бары мен сәйкестігін анықтау мүмкін болмай тұр.

Оның үстіне тағы бір сәйкессіздік бар: 1991 жылы 15 қыркүйекте генерал Макашов Приволжский-Уральский әскери округін басқармаған, оның құрамына Оралмен көршілес Самара облысы кіретін. Расында, генерал Альберт Макашов соңыра Совет Одағын қалпына келтіру ниеті туралы ашық айтқан, расында, ол казак атамандарымен қатар сепаратистік Днестр бойындағы «бітімгерлік операциясына» атсалысқан. Бірақ 1991 жылы дәл сол 31 тамызда ГКЧП-ні қолдағаны себепті ол округ қолбасшысы қызметінен алынған болатын. Ал Орал оқиғалары күндері ол тергеуде жүрді. Тура сол кезде ол армиядағы жұмысынан босатылып, оппозицияға кеткен.

Осы тұста Днестр бойы сценариі бойынша Қазақстанға Макашовтың танкілерін енгізу деген ниет болды ма? Бұл сұраққа әзірге нақты жауап жоқ, Орал оқиғаларына ешқандай тәуелсіз зерттеу жасалмаған. Горбачев пен Назарбаевтың сыртынан болса да, олар Совет Одағын құлдыраудан құтқарамыз деп жүргенде, осындай астыртын әрекет болды ма? Болса болған шығар, тіпті ГКЧП-нің сәтсіз бүлігі мен генерал Макашовтың тайдырылғаны қуыршақ «Приуральская республиканы» қалыптастыруға қатысты құпия операцияны күл-талқан етті ме? Мұндай жағдайда Қазақстан мен Орал облысы басшыларының рөлі қандай болар еді? Бұл сұрақтардың жауаптары болашақтың еншісінде, Орал оқиғаларына қатысы болған қайраткерлердің мемлекеттік және жекеменшік мұрағаттары ашылғанда білерміз деп үміттенеміз.

ОРАЛҒА КІМ КІМДІ ЖӘНЕ КІМНІҢ ҚАРАЖАТЫНА ЖЕТКІЗДІ?

Әлдебір бетбұрысты немесе түсініксіз тарихи оқиғалар жайлы әңгіме болғанда, зерттеушілер әдетте мынадай сұраққа да жауап іздейді: «Мырзалар, кім қаражат бөлген соң бұлай болды?» Себебі 1991 жылғы Орал оқиғалары жиырма жыл ішінде тәуелсіз зерттеу жұмысының тақырыбы бола қоймады, бұл өзекті сұрақты ешкім ауызға алмады. Оның жауабын оқиғаларға қатысқан казактар мен «азаттықтардың» естеліктерінен табуға болады. Біз осы сұрақты өзіміз таба алған оқиғаның басты куәгерлеріне де қойдық.

Казактарға келер болсақ, олар қаладағы жалғыз екі-ақ қонақүйде қабылдамай қойған соң, оралдықтар казак қонақтарын үйді-үйге бөлісіп алып кетті дейді. Олар Ресейдің әр түкпірінен көбінесе пойызға мініп
Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтуге арналған мерейтойлық шараның басталуын күтіп тұрған казактар. Сурет «Ютуб» сайтынан алынды. Орал, 15 қыркүйек, 1991 ж.

келіп жатты, мұндайды совет заманында барлығының дерлік қалтасы көтеретін. «Азаттықтар» бұл түсіндірмеге күмәнмен қараса да, бұған көп тоқтала бермейді.

«Азаттықтар» да, өздеріне келгенде, сапарды қаржыландыру мен Оралда бірнеше күнге жайғастыруға қатысты дәл осылай дейді. Мысалы, «азаттықтардың» лидерлерінің бірі Жасарал Қуанышәлин Азаттық радиосына берген сұқбатында сол кездері «демеуші» деген ұғымның болмағанын айтады, жүздеген қазақ белсендісінің әрбіреуі керегін өзі тауып алды, оның үстіне Оралда пәтерге орналасып, күн көру қиынға соққан жоқ, «қазақи қонақжайлық дәстүрі сол үшін керек» дейді ол. Осы жылдың тамыз айында «азаттықтардың» тағы бір лидері ақтөбелік Серік Ерғали да естеліктерінде дәл осылай деп жазады.

Мәскеулік зерттеуші Николай Фокин өзінің «Финал трагедии. Уральские казаки в XX веке» деген кітабында мұндай түсіндірмелерге күмән келтіреді:

«Қала көшелеріне "азаттықтар" бойларын ашу кернеген жастардың топ-тобын шығара алды, олардың бір бөлігін облыстың ауылды аймақтарынан және Қазақстанның басқа да аудандарынан жолаушы жүрген «белсенділер» құрады. Ұшақпен ұшып (арнайы бес рейс жоспарланған болатын), пойызға отырып келіп жатты. ...Алматыдан, Жамбылдан, Шымкенттен, Қызылордадан, Павлодардан, Ақтөбеден, Гурьевтен… Митингіге қатысатындарды жатақханалар мен қонақүйлерге жайғастырды. Оларды қаржыландыру көзін мұқият жасырып келді».

Орал казактарының қазіргі атаманы, казактардың генералы Анатолий Авилов Азаттық радиосына айтқан әңгімесінде алыс ауылдардан және Қазақстанның жекелеген аймақтарынан келген қазақ жігіттерімен қатар
Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтуге арналған мерейтойлық шараға қарсы пикетте тұрған қазақтар. Сурет «Ютуб» сайтынан алынды. Орал, 15 қыркүйек, 1991 ж.

алаңға Орал институттарының жүздеген студенттерін алып шықты дейді. Қыркүйек айында совет студенттері әдетте бір ай бойы ауыл шаруашылық жұмыстарын, яғни «сельхозканы», атқаратын. Ал бұл арада оралдық студенттерді ауыл шаруашылығындағы жұмыстардан босатып, автобустарға отырғызып, колхоздар мен совхоздардан Оралға жеткізіп отырды, «азаттықтардың» митингілеріне әкеліп қосты делінеді.

Казактар қозғалысы лидерлерінің бірі Виктор Водолазов сол шақта парламент депутаты еді. Ол Азаттық радиосына Орал оқиғаларын өзі зерттеп, Аралды құтқару жөніндегі қорлардың бірінен «азаттықтардың» қаржыландыру іздерін тапқанын айтады. Әңгімесін телефон арқылы жеткізгендіктен, әрі Виктор Водолазовтың өзі ауруханада жатқан соң, сөзін дәлелдейтін ешбір құжат көрсете алмады. Бірақ Орал оқиғалары туралы кітап жазып жатқанын және оны жарыққа шығару үмітінің барын айтады.

Борис Мясников Азаттық радиосына «Азаттың» жігіттері Оралдағы колхоз үйлерінде жайғастырылды дейді. Оларға сол жерде-ақ ас-аяқ беріп тұрған дейді ол. Колхоз үйлері жүйесі совет заманында болған, колхоз не совхоздың әрбірі дерлік облыс орталығында тоқтайтын орынға ие болды. Әдетте олары қоралары бар бір қабатты үй, онда тауарлар, құрама жем және тағы сол сияқты жүктерді түсіріп, тиеп отыратын.

Орал облысынан шыққан жүздеген жігітті колхоз үйлеріне орналастырғандары жайлы Азаттық радиосына Нәжмеден Есқалиев та айтады. Қыркүйекте студенттік жатақханалар бос тұрды, студенттер ауыл шаруашылық қызметінде болды, жігіттерді жатақханаларға жатқызды деп нақтылады ол. Есқалиевтің айтуынша, Орал облысынан шыққан қазақ жігіттерін жұмылдыруды облыстық билік бұйырған, бұйрық беріп, орналастырған - облыстың әскери комиссары. Ол кездегі әскери комиссар Құспан Мұқатаев еді.

«Азаттық» естеліктер жинағында әкімшілік қорды осылайша қолдану жайлы Жәнібек ауданының бұрынғы мемлекеттік қызметкері Махамбет Иқсанғали-Мәтенқожа да айтады. Ол 1991 жылы 12 қыркүйекте Оралдан «азаттықтардың» лидері Аманжол Зинуллин телефон соғып, былай
Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтуге қарсы «Азат» қозғалысы өткізген митингке Орал облысы Жәнібек ауданынан қатысқан қазақтар. Орал, 15 қыркүйек, 1991 ж.
дегенін айтады: «Оралда казактар көтеріліп, Орал облысын Ресей құрамына өткізбекші, сондықтан ел қорғайтын азаматтар қажет». Махамбет Иқсанғали-Мәтенқожа осы әңгімесін Жәнібек ауданының басшысы Самат Оспановқа айтуға барады. Одан соң аудандық автокәсіпорын директоры Самиғолла Оразов та осы іске кірісті. Осы кәсіпорынның «қызыл бұрышында» ағымдағы жағдайдың басын ашамын деп, Махамбет Иқсанғали-Мәтенқожаның өзі сөз сөйледі. «Басшы С.Оразов Орал қаласына ел қорғауға баратын жігіттерге жұмыстан кетуге рұқсат беріп, екі ПАЗ автобусын толық бензинмен және жолға жететін азық-түлікпен қамтамасыз етенін айтты», - деп жазады Махамбет Иқсанғали-Мәтенқожа. Осылайша Жәнібек ауданынан Оралға 77 адамнан құралған топты жеткізіп, жұмылдырды.

Орал облысының қоғам қайраткері, жазушы және қазіргі облыс әкіміне қарсы шыққаны үшін жуырда түрмеде отырып шыққан бұрынғы мемлекеттік қызметкер Алпамыс Бектұрғанов осы жылдар бойы казактар мен «азаттықтарды» қаржыландыруға қатысты Орал оқиғаларының сырына үңіліп жүргенін айтады, алайда жауабын таппапты. Оның ойынша, оралдық казактардың мерекесі Қазақстан ауданының тұтастығына еш қауіп төндірердей болған жоқ, жай ғана «азаттықтарға» өзін-өзі көрсетуге ірі алаң қажет болды, ал жергілікті биліктің өз ойлағаны бар еді. "Осылайша бүгінгі күні Қазақстанның саяси өмірінде мынадай құбылыстар болып жатыр: жоқ жерден әлдебір қоғамдық ұйым пайда болып, у-шумен әлдебір міндетін атқарып алып, ақырын ғайып болады, - мұның бәрі дәйім ұтып отыратын биліктің ойындары", дейді Алпамыс Бектұрғанов Азаттық радиосына берген сұқбатында.

"Жалпы Орал оқиғаларын қажетсінген бір ғана адам болды, бұл адамды Қазақстанда бәріміз білеміз",- деп тұспалдап сөйлейді Алпамыс Бектұрғанов.

КАЗАКТАР ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВ

Казактар 15 қыркүйекте мерекелерінің үстінде Қазақстанның бір бөлігін күшпен тартып алуды жария етеді деген қазақ ұлтшылдарының күдігіне ресми дәлел табылмады. Құқық қорғау органдары Орал казактарының ешбір лидеріне сепаратизм немесе басқа да мемлекетке қарсы әрекеттері үшін айып тақпады, ешкім де қылмыстық тұрмақ, тіпті әкімшілік жауапкершілікке тартылмады.

Казак атамандары бәрі бір де сепаратистік ұрандарды айтып үлгере алмайтын еді, сол себепті де заңға қарсы істің құрамы да жоқ деулері мүмкін скептиктер. Алайда, биліктің казактарды заң аясында ғана қудалау мақсаты болмаған көрінеді, Қазақстандағы басқа да казак қауымдарының ендігәрі ойына да кіріп шықпасын деп, өзіне бас имейтін оралдық казактар басшылығын биліктің жүгендемек ойы болды. Қазақстан басшылығының ойға алғанының қаншалықты іске асқанын саясаткерлер мен казактанушылар біле жатар, бүгінгі күні Оралдағы казактар қауымы – «Қазақстан халқы ассамблеясы» деген тілалғыш назарбаевшыл механизм тетіктерінің бірі.

1991 жылғы Орал оқиғалары асқынып кетпей, баяу тынды. Оралдық казактар келесі жылы, 1992 жылы қыркүйекте, қауымының 401-ші жылын атап өтуге талпынып көрді, бірақ мерекелері ұйпалақ
Орал казактарының Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтуге келген казактар. Сурет «Ютуб» сайтынан алынды. Орал, 15 қыркүйек, 1991 ж.

болып шықты десе де жеткіліксіз. «Азаттықтардың» лидерлері казак қауымына қарсы төтенше шара талап етті, бірақ билік, олар ұсынғандай, казак қауымын тыйып тастай алмады. Қазақстан билігінің казак қауымын барынша бақылауға алғаны бөлек мәселе. Бас ию дегенді білмейтін «Казачий вестник» газеті мемлекеттік тіркеудің әуре-сарсаңына түсіп, көп ұзамай жабылып қалды. Оның редакторы, казак жазушысы Николай Корсунов Орынборға кетті, 2009 жылы сонда көз жұмды. Біраз жылдар өткен соң Оралды мекендеген казак лидерлерінің бірен-сараны Қазақстаннан кетіп қалды. Казактардың лидерлері Юрий Баев пен Борис Пышкин де дүниеден өтіп кетті. Казак мерекесінің басты ұйымдастырушысы атаман Александр Качалин 1999 жылы Оралда көз жұмды. "Азаттықтар" "казактардың жандайшаптары" деп атаған сол кезеңдегі Оралдың мәртебелі шенеуніктері, Владимир Гартман мен Владимир Шумов Ресейге кетіп қалған.

Белсенділер мен казактардың, сондай-ақ қазақтардың да сезімдері 1991 жылы 13-15 қыркүйекте болған оқиғадан кейін апталап-айлап бірден басыла қоймады. Орал казактары мен қазақ ұлтшылдарының лидерлері бүгінгі күні де, оқиғадан бері жиырма жыл өтсе де, сол уақыттағы қарама-қайшылықтың мән-жайына қатысты ойларынан қайтпай отыр.

«Азаттықтар» қазір де казактар қастандық ойластырған дегеннен қайтар емес. Казактардың лидерлері бүгін де бұған былай деп жауап қатады: «Өтірік айтады. Ондай ештеңе болған жоқ, біз тек өзіміздің мерейтойымызды өткізбек болдық».

«Жайық» веб-сайтының ұсынған мағлұматтары бойынша, кейбір зауыттардың ұжымдары мен басқа да ірі Орал кәсіпорындары (ал ол жерде негізінен ұлты орыс адамдар жұмыс істеді) 1991 жылы қыркүйекте билікке «Азаттың» белсенділерін «ұлтаралық араздықты тұтатқандары» үшін жауапкершілікке тартуды талап еткен өтініш берді. Одан соң мұндай наразылық білдірген ұжымдық хаттардың болғаны байқалмады.

Оралдық казактардың қонақтары, Ресей казак ұйымдарының атамандары, 1991 жылғы дәл сол күзде Қазақстанда оларға не көргендерін айтып, Ресей президенті Борис Ельцинге шағымдарын жеткізді. Олардың өтініштерінде атап өтілгендей, Ресей Федерациясында миллиондаған мұсылмандарға еркін өмір сүріп, өз дінін, халқының салт-дәстүрін ұстануға ешкім бөгет болмайды. Осы тұста жекелеген казак топтары оларға қатал қарау керек дегенді меңзейді. (Ресей Федерациясының саяси сөздігінде «ксенофобия», «расизм» терминдері сол кезде болмаған еді. Скинхедтердің азиаттарды шабуылдау әрекеттері Ельциннің өлімінен соң басталды). Қазақстан билігінің Орал оқиғаларын ұмыттыруға талпынғанына Ресей казактарының реакциясы себеп те болған шығар. «Азаттықтардың» лидері Айсұлу Қадырбаева, белсенділер Мұңайдар Балмолда пен Қайрат Ибатов сол 1991 жылдың күзінде бірнеше күн бойы Орал оқиғаларын зерттеуді талап етіп, аштық түрінде наразылық акциясын өткізді.

Алайда Қазақстан басшылары толыққанды бұқаралық тергеу жүргізбеді. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан президентінің кеңесшісі Серік Әбдірахмановтың басшылығымен құрылған арнайы президенттік комиссия деңгейінде оқиғаның ізі суымай тергеу жүргізілді. «Азаттықтар да», казак лидерлері де тергеу нәтижелеріне разы емес. Біреулері «комиссия казактардың сепаратизмі мен империялық ниеттерінің бүкіл мәнісін әшкерелемеді» десе, басқалары комиссияның жұмысы жабық есіктің ар жағында өтті, комиссия казактардың лидерлерімен жүздескен де жоқ деп назын айтады.

«Азат» белсенділерінің атына президенттік комиссияның қорытындысында мақтау айтылған. Бірақ кейбір «азаттықтар» бұл бағаға қанағаттанбады, олар да өздерінің естеліктерінде 1991 жылғы
Қазақ белсенділері «Азат» газетінің кезекті санын таратып жатыр. Орал, 15 қыркүйек, 1991 ж.

қыркүйектегі сол күндердің сұрақтарына бүгін жауап іздеп жүр. Орал облысындағы қыркүйек оқиғаларының саяси және құқықтық тұрғыда бағалау бойынша аты аталған президенттік комиссиядан бөлек басқа бұқаралық тергеу жүргізілмеді. Саяси сахнадан кеткеніне көп болған «Азат» қозғалысының біраз белсендісі қойған сұрақтарына билік жалтарып жауап беріп отырды: ұлтаралық қарым-қатынастар мәселелері әзір халық ассамблеясы шеңберінде жап-жақсы реттеліп отыр, өткен-кеткенді қопаруға негіз жоқ-мыс.

Комиссия айналадағы саяси жағдайдың ушығуына казак лидерлері мен Нәжмеден Есқалиев бастаған жергілікті билікке жауапкершілік артты. Нәжмеден Есқалиев болса, Отанын «генерал Макашовтың танкілерінің» ықтимал басқыншылығынан құтқармақ болғанын айтады. Есқалиев қыркүйек оқиғаларынан кейін инфарктқа шалдықты, одан соң дипломатиялық қызметке ауысты, бүгінгі күні - зейнеткер, Оралда тұрады. Ол президенттік комиссияға қарсы сынның әкімшілік жүйенің бір нышаны екенін түсінеді. Әдетте Совет Одағында осылай болушы еді, қазір де осылай болып отыр: жоғарыдан аса қатерлі саяси міндет қояды, ал сәтсіздік болған жағдайда асыра сілтедің деп өзіңді жазғыруы мүмкін. Есқалиев сұқбаттарында, сол бір советтік қағидаға еріп, Оралдағы қарама-қайшылықтың тұсындағы Қазақстан президентінің данышпандығын дәріптеген салтқа сай сөздерін айтады: «Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев бастаған республиканың басшылығы бізге сенім артып, аса зор табандылық танытты».

Қазақстанның казак ұйымдары бүгінде президент Назарбаевқа адалдық танытып отыр. Назарбаевтың көптеген атақтарының қатарына соңғы жылдары Қазақстан казактарының құрметті атаманы лауазымы да қосылды. Назарбаев оқиғалардан көп ұзамай 1991 жылы қарашада Оралға келіп кетті. Онан соң ол сол жерде 1992 жылы тамызда болып қайтты.

Назарбаев мұндай сапарлары жайлы оқыс баға бермей, ретін тауып сөйледі. Орал облысына барған сапарларының бірінде, кезекті президент сайлауының қарсаңында, Назарбаев казактарға анекдот айтып берді. 1991 жылғы қарама-қайшылық бұл уақытқа таман ұмытылып кеткен, сондықтан анекдот орынды әрі көңілдегідей болып шықты, залдың ду күлкісін келтірді. Бұл оқиғаны телехабарлардан көрсетті. Нұрсұлтан Әбішұлының аузынан шыққан анекдот мынадай еді:

«Бірде Петька Чапаевтан сұрайды: «Василий Иванович, демократия орнаса, мен саған ұрыссам да, маған ештеңе болмайтыны рас па?»

Чапаев былай деп жауап береді:

«Рас, Петька, рас. Егер демократия болса – маған қанша ұрыссаң да өзің білесің, әрі ол үшін саған түк те болмайды. Ат та болмайды, қылыш та болмайды».

(Осы журналистік зерттеудің ауторы Ержан Қарабек – Азаттық радиосы веб-сайтының редакторы. Мақаладағы көзқарас пен баяндалған ой-тұжырымдар Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келуі шарт емес).
XS
SM
MD
LG